- Advertisement -

Жастардың кітап оқымауына не себеп?

2 315

- Advertisement -

Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті», «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі.
Қазіргі қоғамда кітаптың алатын орны қандай? Жастар кітап оқиды ма? деген сияқты сұрақтар туындайды. Ащы болса да, шындық – қазіргі таңда кітаптың құндылығы бұрынғыдай емес… Бүгінгі жастардың кітап оқуға құмарлығы төмен екендігі күмән тудырмайды. Кітапханалардың сөресінде сән түзеп тұрған шаң кітаптарды оқып іздейтін жастар аз десек те болады. Ал бұрынғы жастар ше? XX ғасырда жастар кітапты қолдан-қолға тигізбей оқыған болса, ХXI ғасыр жастарының тәрбиелік және рухани байлықты кітаптан алу жағы мүлдем төмен. Кез келген үлкен апа-аталарымыз, әпке-ағаларымыздан сұрасақ, олар кітапты қалай оқитындарын қызыға әрі сағына еске алады.
Қазіргі жастардың кітап оқымауына заманның жаһандануы да әсер етеді деп ойлаймын. Жаһандану заманында бұқаралық ақпараттар ағымы толассыз ағылуда. Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды. Бүгінгі жастардың психологиясы бұрынғыдан мүлдем өзгеше. Адамның материалдық жағдайды ойлауы бірінші орынға шығып, оның рухани байлықты игеруге деген ынтасы кеміді. Ата-ана да баласын ішсін, жесін, мәртебесі биік болса деп тәрбиелейді. Қазір ақпаратты тек кітаптан ғана емес, ғаламтор көздерінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан-ақ алуға болады. Бүгінгі баланың қолында айпад, планшет, айфон және тағы басқа электрондық құралдар өте көп. Мұның өзі кітап оқу үрдісін алмастырып отыр. Бірақ, бұл баланың қоғамда әлеуметтенуіне, рухани байлығының кемуіне кері әсерін тигізеді. Азаннан-кешке дейін әлеуметтік желіде отыратын жастарымыз кітап оқуды мүлде ұмытты. Олар үшін ең қызық, ең құнды нәрсе – әлеуметтік желі. Жастарымыздың кітап оқымауына бірден-бір себеп – жаһандану заманындағы әлеуметтік желілер екені рас. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге», деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық!

Ажар Орынбасарова,
М. Ломоносов орта мектебінің 11-сынып оқушысы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support