- Advertisement -

ҰРЛЫҚ-ҚАРЛЫҚТЫ КІМ Тоқтатады?

117

- Advertisement -

Бүгінгі таңда ауыл, тіпті қала қазағының жан бағып отырған кіріс көзі – азын-аулақ малы. Бір айлық, зейнетақы яки жәрдемақы шайлығыңнан әрең артылады. Себебі, мал ұстап, соның етін жеп, сүтін, қымызын ішесің. Артылып бара жатса базарға шығарып пұлдайсың.
Ғұмыр бойы ауылда, қалада тұрып, түрлі салада әбүйірлі еңбек етіп, зейнетке шықтық. Сөйтіп жүріп, қанымызда бар қасиет – мал ұстағанды қолай көрдік. Әсіресе жылқы малын өсіруді жөн санадық. Жылқы малын атам қазақтың пір тұтқаны әу бастан белгілі. Ауылдың, қаланың сырт жағынан қора-жай соғып, жылқышы жалдап, өзіміз қарап, бейнет жасап жылқы өсіріп жатырмыз.
Бірақ төрт аяқты бөріден, екі аяқты бөрілердің салған лаңы еңбегімізді еш етуде. Қ.Базарбаевтың 1 бие, 1 айғыры, Құлмахан Жәкежановтың бір айғыры өрісте қолды болды. «Қарабатыр» шаруа қожалығына қарайтын Аса өзенінің бойынан қыл құйрықтылардың бір өрістен, бір жерден жоғалуы мұнымен бітсе, қане!
Құрама Базарбаев, Садық Рахымбердиевтің 26 бас жылқысын ұрылар үптеп кетті.
Қаратау маңындағы саябақтан Болат деген кісінің семіз сиыры ұрланды. Қадыр деген кісінің 8 жылқысы да ұрылардың қарамағына ілінді. Тамды ауылының тұрғыны Рәшид Аетовтың 2 биесі мен 1 айғыры да ұрылардың қанжығасына байланды.
Тамды ауылында Болсынбектің баласы Сейітқажы 13 бас жылқысынан айырылып, «аһ» ұрып қалды. Думанов Талғат та 1 биесінен айырылып, сан соқты. «Дәніккеннен құныққандар» ақ адал малды осылайша жымқырып жатқанда, қалай қаның қайнамас!
Бұл – бұл ма? Жұматай Спатаев пен Ниет Нұранов та бір-бір құлынды биелерін «жиендерге» сыйлап, зар қағып қала бергеніне куә болдық. Райымқұл Болысбаевтың 2 құнаны да ұшты-күйлі жоғалып кеткені бар емес пе? С.Бапақовтың 3 биесін ұрлаған Баша Жәкежановтың баласы Нұрдәулет мойындап, 2017 жылы ақпан айында Серікбайға малдарының құнын төледі. Сөйтіп ұры оңай құтылды.
2017 жылы наурызда Жұматай Спатаевтың буаз биесі де жоқ болды. Жылқышысы Қажы Жәкежанов. Сірә, өтеудің орнын толтырды ма деп те ойлаймын!
Ақ адал малымызды жоқтап, аудандық ішкі істер бөліміне барсақ, олар «іздейміз», «әлі іздеп жатырмызбен» сөзбұйдаға, әуре сарсаңға салады. Тіпті болмаса, «сенің өрістегі жылқыңа қарауылмыз ба?» деп дікеңдейді.
Иә, «көршіңе көз алартпа, өзіңе-өзің бекем бол» демекші, малдың күндіз-түні қасында бола алмағанымыз рас та шығар. Бірақ, мал ұрланған соң із кесу – полицейлердің міндетіне кірмей ме? Ұры алыстан келмейді ғой. Дереу ізіне түсіп, тауып беруі тиіс қой.
Ұрлыққа кім тосқауыл қояды?!

Шағымданушылар:
Садық Рахымбердиев,
Құрама Базарбаев,
Рәшид Аяпов,
Жұматай Спатаев.

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support