Әлеумет

Асқаралы алпыс бес

Асқаралы алпыс бес

4Осы бір кең пішілген дене бітіміне аңқылдаған  болмысы сай үйлесіп тұратын ағамызбен облыстың бас газеті – «Ақ жолда» бірге қызмет ету маңдайымызға жазылған екен. Онда да өзінің  шақыруымен. Жұмыс барысында «Әй, қойыңдаршы-ей» деп  гүр ете қалғанда әжептәуір тосылып қалатынбыз. Даусы зілді шыққа­нымен, наздана сөйлейді. Мақұлбек ағаның табиғи болмысы осы.  Тұлғасы қандай ірі болса, көңілінің де даладай дархан екен­дігіне кейін келе көзіміз жетті. Шығармашылықтан басталған жақын­дық оның азаматтық айбынын тереңірек тануға тарта берді...

Бүгінде есімі елге белгілі жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің алғаш рет қолына қалам алғаны бір хикая. Интернаттың алтыншы сыныбында оқып жүрген кезі болу керек, сол кездегі балалардың таласып-тармасып оқитын сүйікті басылымы «Қазақстан пионеріне» ауыл өмірінен жазылған шағын хабары жарқ ете қалады. Қатарластарының бәрі келіп, қолын қысып, құттықтап жатыр. Апам да аң-таң, менде аң-таң. Түкке түсінсе бұйырмасын. Кейін білді ғой, мұның аты-жөнін қойып, мақала жолдаған мектепте мұғалім болып еңбек ететін ағасы екен. Осы бір сәулелі сәт оның журналистикаға деген қызығушылығын оятты. Көңілін көлдей тасытып, мерейін шалқытты. Кеудесінде «өскенде журналист болам» деген арман оты алаулап қоя берді. «Ол үшін көп оқуым керек» деп өз-өзіне серт берді. Солай істеді.

– Тоғызыншы сыныпқа барған тұстағы мына бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Шыңғыс Айтматовтың дүрілдеп тұрған кезі. Жазушының Шерағаңдар қазақ тіліне аударған «Тау мен дала хикаялары» деген қалың кітабы болатын. Оны табу оңайға соқпады. Сұрастыра келе интернаттағы бір кісіде осы кітаптың бар екенін білдік. Содан қасымдағы досым екеуміз ебін тауып, әлгі дүниені ұрлап алып шықтық. Интернаттың артында егістікке арналған шағын алқап болатын. Сол жерге барып оқимыз да, арыққа көміп кетеміз. Қалың кітап қой, келген бетін бүгіп, белгі қоямыз өзімізше. Осылай оқып жүрдік. Бір күні сабақ аяқталысымен алып ұшып жүгіріп келсек, төңіректің бәрі малмаңдай су. Кітап болса жоқ. Сөйтсек, егістікті суарғанда ол да сумен бірге ағып кетіпті ғой. Жер тепкілеп, ыза болғанымыз-ай, – деп Мақұлбек аға кеңк-кеңк күліп алды. Міне, кітап оқуға деген құштарлық, қалам тербеуге деген қызығушылық оны үлкен өмір жолына бастады. Орта мектепті бітірген соң, екі жыл ұжымшарда еңбек еткені бар. Ал, 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, сол кезде жаңадан ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде Орталық партия комитетінің жолдамасымен журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын бастады. Бүгін ойлап отырса, Сарыарқа төсінде жиырма жылға жуық уақыт тер төгіпті. Жезқазған жерінде еңбек еткен жылдары оның кен қопарған кеншілер мен мыс балқытқан металлургтер, өрісті қойға толтырған шопандар мен экономиканың қарыштап өсуіне үлес қосқан басшылар, жер байлығын ел игілігіне ұсынған геологтар мен бар байлықты ұқсата білген байытушылар, «Карлаг», «Степлаг» тұтқынында болған «халық жаулары» туралы жазған мақалалары мен очерктері әркез жоғары бағаланды. Кезінде ірі құрылыс алаңына айналған Жәйремнің байлығы мен болашағы да оның қаламына ілінген. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Жеңіс парадына қатысқан майдангерлер туралы жазған очерктері өшпес ерліктің галереясына айналды. Балқаш қаласының соғыс жылда­рындағы тынысын жазған мақалалары да оқырманын бейжай қалдырмады. Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атын­дағы сыйлығының лауреаты, бүкілодақтық шығармашылық конкурстың жүлдегері атанған кезі де осы жылдардың еншісінде. Мақұлбек Рысдәулет Жезқазған жерінде ұзақ уақыт еңбек етсе де, өзінің туып-өскен өңірін, әсіресе, кіндік қаны тамған, балалық балауса кезі өткен, қияға қанаттандырған Жуалы топырағын ешқашан ұмыт қалдырған емес. Қаламынан туған шығармаларының басым көбіне қасиетті мекеннің табиғаты мен тарихының, тарпаң тұлғаларының арқау болуы да сондықтан болса керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің облысымыздағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған кезінде де туған жердің тыныс-тіршілігі, толғақты түйткілдері туралы өндірте жазды. Әсіресе, Таластағы газ кен орнын игеру туралы мақалаларын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ол бұл өміршең тақырыпты «Егеменге» үзбей жазып, Талас жеріндегі Амангелді газ кен орнын игеру ел байлығын арттыратындығын, өзбектің «көгілдір отынына» деген тәуелділіктен құтқаратынын дәлелдей білді. Осы еңбегі үшін ол Талас ауданының құрметті азаматы атанды. «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып жүргенде Махаң тағы бір мәселені көтерді. Қазақ халқы санының өсуі үшін ана мен баланы аялай отырып, мемлекет тарапынан оларға қамқорлықты күшейту туралы проблемалық мақаласы ұзақ уақыт оқырмандар талқысына түсіп, көптеген пікірлер мен тілектер, ұсыныстар мен өтініштер сараланды. Ол жеті бала туған анаға «Алтын алқа», бес бала туғанға «Күміс алқа» беру туралы нақты ұсыныс жасады. «Егеменнің» сол ұсынысы кезінде Үкіметке де жіберілген еді. Ақыры Елбасының бастамасымен бұл іс баянды болды. Мақұлбек Рысдәулеттің облыстық «Ақ жол» газетін басқарған жылдарда да азаматтық айбынымен, шығармашылық шеберлігімен, кәсіби біліктілігімен басылымның беделін биікке көтергенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Аға газеттің дизайны ғана емес, мән-мазмұны да жақсарды. Айына бір рет жарияланатын «Атпал «Ақ жол» нөмірлері де оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды. Ондағы тарихи-танымдық, проблемалық, сараптамалық материалдар кейіннен бірнеше мәрте кітап болып та басылды. Басылымның мектеп оқушыларына арналған қосымшасы – «Алтын шырақ» журналының жарыққа шығуы да ұстаздар мен жас жеткіншектер үшін үлкен сый болды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қаламгер бүгінде оннан астам прозалық және тарихи-танымдық кітаптардың авторы. «Жұлдыздар­дың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Құс жолы», «Көңіл құсы», «Әбдір Сағынтаев» атты прозалық еңбектері әлдеқашан оқырманның көзқуанышына айналған дүниелер. Мақұлбек аға кейінгі жылдарда облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры қызметіне тағайындалғанда да қолынан қаламын тастаған жоқ. Керісінше, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, шежіре болып сақталған мұрағат құжаттарының көзін ашып, өскелең ұрпақтың игілігіне жарар жинақтар ұсынуда. «Тарих тамырлары», «Мәңгілік ерлік», «Ерлік ұмытылмайды», «Тәуелсіздік – туымыз!», «Ескерткіштер – ел тарихы» атты тарихи-танымдық еңбектер өңір шежіресінен сыр шертеді. Айрықша атап өтерлігі, қаламгердің шығармалары шынайылығымен, деректер мен дәйектерге құрылуымен құнды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың сөзімен айқанда, «жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің барлық шығармалары тарихпен тамырлас. Сондықтан тақырыбы да, кейіпкерлері де таныс. Ол тұлғаларды қолдан жасауға ұмтылмайды. Барлық кейіпкерлері өз заманымен үндес. Оның шығармаларын оқи отырып, оқиғаның қашан, қай жерде өткенін нақты елестете аласыз. Сол тарихи оқиғаның ортасында жүрген кейіпкердің іс-әрекеті арқылы заман суретін салады». Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» компаниясы Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай өткізген республикалық байқауда проза саласы бойынша бас жүлдеге қол жеткізуі де Махаңның шығармашылықтағы шын жүйрік екендігін тағы бір дәлелдеген-ді. Ел үшін төккен тер ешқашан ескерусіз қалмайды. Мақұлбек Рысдәулеттің де көп жылғы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, бірнеше мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Талас және Жуалы аудандарының Құрметті азаматы атанды. Жамбыл облысы әкімінің «Парасат», «Парыз» сыйлықтарының лауреаты болды. Таяуда Мақұлбек ағаның жұмыс орны – облыстық мұрағатқа тағы соқтым. Өңі жүдеп қалыпты. Енді ше, асқазан мен көкбауырға ота жасату кім-кімге де оңай соқпасы анық. Бірақ, Махаң мойымайды. Жазған үстіне жазып жатыр. «Бақатерек» атты жаңа кітабы жақында ғана жарыққа шығыпты. «Адам жасы ұлғайған сайын тарихқа жақындай түседі екен. Көркем шығармаларымнан бөлек таяуда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап «Жазықсыз жазаланғандар» атты кітап шығардым. Ендігі кезекте Жамбыл облысының 75 жылдығына байланысты тарихи материалдар жинақтап отырмын» деді қаламгер аға. Сөз орайы келгенде «Аға, алпыс бес қандай жас екен?» деп сұрадым. Махаң мырс етті де, – Алпыс бес толысқан, алды-артыңды ойлайтын, сабырлылыққа шақыратын, көп толғанатын, өткен өміріңе және ертеңгі күнге сараптай қарайтын жас қой. Енді жас болмайтынымыз белгілі ғой, – деп жымия жауап берді. Өмір – өзен, уақыт – зымыран. Кеше ғана шыбық мініп, шауып жүрген жеткіншек бүгін асқаралы алпыстың бел ортасында. Қазір қаламгер нағыз кемеліне келген шағында. Бергенінен берері көп әлі. Шығармашылық ләззатынан бөлек, отбасылық бақытты да бір кісідей басынан өткеруде. Өнегелі өмір жолында Құдай қосқан қосағы Дәметкен жеңгеміз екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, алты немере сүйіп отырған жайы бар. Біз қоштасар сәтте абзал ағаның деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына шалқар шабыт тіледік. Мәртебеңіз асқақтай берсін, Маха! Өзіңіз еңбек еткен «Ақ жол» газеті ұжымының тілегі де осы!

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».