«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы»
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы»
Мойынқұмдық ұстаз Мұраттың шәкірттері халықаралық байқаулардан олжа әкеліп жүр
«Жас баланың миы ақ қағаз тәрізді, оған не жазсаң сол болады» деген ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың әдемі сөзі барша ұстаздардың жүрек түкпірінде сақталса. Бұл орайда талабы таудай шәкірттерін биік шыңдарға жетелеп жүрген Мұрат Шыныбеков мамандығына адалдық таныта білген білікті ұстаздардың бірі десек қателеспейміз. Туып-өскен Мойынқұм ауданы Қарабөгет ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, 2008 жылы Тараз қаласында білім нәрімен сусындап «темір жол құрылысы және жол шаруашылығы» мамандығының иесі атанады. Мұрат әуелден-ақ шығармашыл ортаға бейімделіп әрі сол жолда білімін шыңдап ұстаз атанғысы келетін. Арманы асқақ жас Қаскелең мәдениет колледжінің эстрадалық-вокал, мәдени ұйымдастырушы мамандығына оқуға түседі. Араға төрт жыл салып, Мойынқұм ауылындағы өнер және қосымша білім беру мектебіне вокал пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Сол уақыттан бері Мұраттың шәкірттері түрлі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көріне бастайды. Атап айтсақ, 2015 жылы Қытай Халық Республикасы Цен-Цезян қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Ғұмырдария» халықаралық ән-би байқауы өткен. 13 мемлекеттен 14-17 жас аралығындағы жас таланттар додаға түскен жарыста Мұраттың оқушысы Альбина Молданова М. Мақатаевтың «Жас қайың», Марс Сүлемовтың «Мойынқұм вальсі» әндерін нақышына келтіре орындап, бас жүлдені жеңіп алады. Альбинаның ән додасында жеткен жетістіктері жетіп артылады. Қаршадай қыз Астана қаласында өткен «Күншуақ» фестивалінің бас жүлдесін және 2014 жылы Майра Ілиясованың ұйымдастыруымен өткен Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне жазылған «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» ән байқауында 1-орынды қанжығасына байлаған. Мұраты биік Мүкең Альбинадан өзге де бұлбұл үнді талапкер жастардың талантын тани білді, өнер жолында қанатын қатайтты. «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деген сөздің жаны бар-ау. Мұрат Алпысбайұлы ағымдағы жылы Алматы қаласындағы Жазушылар одағында өткен, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты ән кешінде өнерге тәрбиелеу ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталды. Мойынқұм – таңдайына құс ұя салған талай жезтаңдай әнші түлеп ұшқан қасиетті мекен. Кезінде атағы дүркіреген «Мойынқұм» ансамблі, жезтаңдай әнші Зинакүл Қаймақовалардың өрелі өнері сөзімізге дәлел. Талаптың тұлпарын мінген жас таланттардың шеберлігін шыңдап, өнер әлемінің қыр-сырын меңгертіп жүрген Мұраттың еңбегі елеулі. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған жас маманға еңбекте табыс тілеймін.
Уалихан Жайлау, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.