Жеңісті төрешілер де «тартып» ала алмады
Жеңісті төрешілер де «тартып» ала алмады
енді «Астана арландары» ширек финалда ресей боксшыларымен кездеседі
Бүкіләлемдік бокс сериясының топтық кезеңін «Астана арландары» толайым табыспен аяқтады. Бокс мамандары «өлім тобы» деп ат қойып, айдар таққан «С» тобындағы шайқастарда мерейі үстем болған қазақстандық команда қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Алдыңғы бес кезеңнің төртеуінде жеңіс тойын тойлаған «Астана арландары» үшін «Қытай айдаһарларымен» өткен соңғы кездесудің турнирлік кестеге еш әсер етпейтіні белгілі. Осы жағдайды ескерген біз команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков әлі рингке шықпаған өзге боксшыларға мүмкіндік беретін шығар деген ойда жүргенбіз. Бас бапкер бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымында 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Әнуар Мұзапаровтың дебюттік жекпе-жек өткізуіне жағдай жасады. Бірақ 52 келі салмақ дәрежесінде алғаш рингке көтерілген боксшымыз Әнуар Мұзапаров сәтті өнер көрсетті дей алмаймыз. Қытайлық Гуо Жанға қарсы жұдырықтасқан қазақстандық боксшы ара-тұра сәтті шабуылдар ұйымдастырғанымен, қарсыласына жол берді. Мұзапаровтың тәжірибесіздігі байқалды. Шабуылдарын нақты дайындықсыз жасап жатты. Екінші кездесуде 60 келідегі өреніміз Закир Сафиуллин жеңіске жетті. Қытайлық Сен Ванамен қолғап түйістірген Закир шын мықтыға тұсау жоқ екенін айқындады. Дегенмен, жекпе-жек аяқталған соң төрешілердің бірі жеңісті жергілікті боксшыға бергені езуімізге күлкі үйірді. Таразы басы теңескен соң рингке 69 келі салмақ дәрежесіндегі жамбылдық оғлан Асланбек Шымбергенов шықты. Бірақ оның Хуричабилигке қарсы шайқаста басым түскенін төрешілер көрмеді. Нәтижесінде үш төреші де қытай боксшысының «басымдығын» айқындады. Өкінішті, әрине. Кейде бүкіләлемдік бокс сериясындағы төрешілердің «жетектегі тазы түлкі алмасын» білсе де, алаң қожайынын құлағынан сүйреп, жеңіске жетелейтіні көңілге кірбің ұялатады. Қарсыласты ұрып жықпаса жеңісті бермейтінін 81 келі салмақтағы сайыпқыранымыз Арман Рысбек бірден түсінген болуы керек. Қарсыласы Лида Вананы бір минуттың ішінде нокаутқа түсірді. Соңғы үмітіміз алыптар айқасында еді. Олжас Бұқаев пен Жибао Вана арасындағы шайқас боксшылар жекпе-жегінен гөрі балуандар белдесуіне ұқсап кетті. Бойы қысқа қазақ боксшысы жақын қашықтыққа кіре бергенде қытайлық өрен қапсыра құшақтап, қолын байлай береді. Сол үшін бе, білмедік, әйтеуір төрешілер алғашқы үш раундтың екеуінде қытайлықты жеңімпаз деп таныды. Алайда, қабағы жарылған қытайлық боксшы төртінші раундта Олжастан бірнеше соққы алды. Нәтижесінде жарақаты сыр беріп, дәрігерлер кездесуді тоқтатты. Соңғы раундтағы Олжастың басымдығын көрген төрешілер қазақ боксшысының аяғынан шала алмады. Осылайша «Астана арландары» Қытай елінен де табыспен оралды. Енді олар ширек финалда ресейлік «Patriot boxing team» командасымен кездеседі. Оғландарымызға жеңіс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».