- Advertisement -

Партия Кәсіпкерліктің дамуын назарға алды

93

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын «Индустриалды даму» бағыты бойынша іске асыру жөнінде комиссия отырысы өтті. Онда кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық картаның аясында тоқтап қалған кәсіпорындарды жұмыс істету бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен индустриялық-инновациялық салада кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды. Жиынды комиссия кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Нұрбаев жүргізіп отырды.
Өңірдің экономикалық дамуын қамтамасыз етуде индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы ерекше рөл атқарады. Мәселен, бағдарламаның 2010-2014 жылдар аралығындағы бірінші бесжылдығында жалпы сомасы 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4958 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал 2015-2019 жылдары 512,1 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба іске аспақ. Жобаларды іске асыру барысындағы құрылыс жұмыстары кезінде – 5745, ал іске қосылу кезеңінде 5392 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Кеңесте баяндама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Талғат Шалдарбеков аталмыш бағдарлама төңірегінде жүзеге асырылуы биылға жоспарланған 12 инвестициялық жоба туралы жеке-жеке тоқталды. Ол бүгінде іске қосылған 50 мегаваттық, Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы – «Burnoye Solar-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатын, мия тамырын өңдейтін «Kaz Miya» зауытын айрықша атап өтті. Сонымен қатар толық қуаттылығында жұмыс істемей, тіпті тоқтап қалған жобаларды тізіп шықты. Бұл тізімде «Тараз құбыр зауыты», «Қазфосфат» ЖШС-ның күкірт қышқыл цехы, «TalasInvest Company» серіктестіктері бар. Талғат Базарбайұлы аталмыш өндіріс орындарының мәселелеріне де тоқталды.
Облыс аумағында бүгінде 60189 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Оларда 116527 мың адам жұмыс істейді. Жиында оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер және оның нәтижелері сөз болды. Мәселен, 2017 жылдың екі айында кәсіпкерлік құрылымдарына екінші деңгейлі банктер тарапынан 3,6 миллиард теңгеден астам несие берілген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 816 жоба барлық қаржы құралдары арқылы 81,0 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік қолдауға ие болған. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген.
Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, «Жамбыл құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәкен Тұрмаханбетова, «Fortis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Жузанов сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support