- Advertisement -

Мәселе де бар, сауал да жетеді

90

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының кеңес беру консалтингі орталығы бірыңғай қабылдау күнін «Ауыл-Береке» базарында өткізді. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, қалалық прокуратураның қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалдарының өкілдері қатысқан шараға жүзден аса тараздықтар келді. Жас «нұротандықтар» ұйымдастырған шарада №9 емхананың дәрігерлері келушілерге дәрігерлік кеңес беріп, өтініштері бойынша қан қысымдарын өлшеді.
Жасы келіп, зейнеткерлікке шыққан тараздық азамат зейнетақысы бар болғаны 40-ақ мың теңге екенін айтты. «Зауытта жұмыс істедім, дәнекерлеуші болдым, 40 жыл қатардағы жұмысшы болып еңбек еттім. Ал менімен бірдей еңбек етіп, бірге зейнеткерлікке шыққандар менен екі еседей көп зейнетақы алады. Осы әділдік пе?», – деді ол. Тиісті мекеме өкілдері зейнеткерге бұл тұрғыда қайда баруы керек екенін айтып, кеңестерін берді. Жоғары білімді қаржыгер мамандығы бар жігіт жұмысқа тұра алмай жүргенін айтып келіпті. Оған да мұндай жағдайда қандай мекемеге қайырылуы керектігі жан-жақты түсіндірілді. Тағы бір азамат қарындасы «Альянс банктен» 300 мың теңге несие алып, кейіннен оны 540 мың теңге етіп қайтарғанымен, сот шешімімен қарындасының «мойнына» тағы да бірнеше жүздеген мың теңге қаржы ілінгенін айтып шағымданды. Сот Алматы қаласында өткен дейді. Шағым иесіне прокуратура өкілі тарапынан бұл жағдайда қалай әрекет ету керектігі түсіндірілді. Жер алу мәселесімен қайырылғандар да аз болмады. Оларға да тиісінше кеңестер берілді. Кеңес алуға келген адамдардың бір тобы өз кәсіптерін ашу үшін несие алу жолдарын білуге келіпті. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» облыстық филиалының кеңесші маманы түсіндірді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы баспана алудың жолдарын сұрағандар да болды.
Басқа да өздерін толғандырған мәселелермен, түрлі сұрақтармен келген азаматтардың барлығына тиісінше кеңес беріліп, шараға қатысқан түрлі құрылымдардың өкілдері тікелей өздеріне хабарласу үшін байланыс телефондарының нөмірін берді.
Бірыңғай қабылдау күнін қорытындылаған М.Шүкеев Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын бірқатар мәселелерді атап көрсетіп, оны іске асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарды еске салды. Ол құқықтық мемлекетімізде заңның бәрімізге ортақ екенін жеткізе келе, «Елбасы тапсырмасына сәйкес айына бір рет осылай халық арасында болып, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ асып, қолдау, көмек көрсетуіміз қажет», – деді.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support