Мәдениет

Жаңарған жамбылдың жасампаз үні

Жаңарған жамбылдың жасампаз үні

әнші, жерлесіміз Мейіржан Самылтыров «Жаңарған Жамбылым» атты ән конкурсының бас жүлдесін жеңіп алды

Тараз ән қанатында тербелді. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен «Жаңарған Жамбылым» атты І республикалық эстрадалық әншілер байқауы жергілікті композиторлардың әндерін кеңінен насихаттап, эстрадалық әндерді орындайтын жас таланттарды танытып, олардың өнерін шыңдау мақсатының үдесінен шыға білді. Орталық «Баласағұн» концерт залында өткен өнер сайысына қатысуға еліміздің әр түкпірінен және көршілес Қырғыз Республикасынан 17-35 жас аралығындағы 70-ке жуық үміткер ниет білдірсе, оның тең жартысы, яғни 33 өнерпаз іріктеуден өтіп, байқау жүлдесіне таласты. Олар екі кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде жергілікті композиторлардың шығармаларын орындаса, келесі айналымда талғам-қабілеттері мен шеберліктерін байқататын еркін тақырыптағы әндерді шырқады. Қатысушылардың өнеріне құрамында Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Мейрамбек Беспаев сынды белгілі өнер шеберлерімен қатар халықаралық, республикалық әншілер конкурсының лауреаттары Майра Жылгелдинова мен Ғани Мәтебаев бар қазылар алқасы лайықты бағасын берді. Өнер додасының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев тарихы терең Тараз өңірінің таланттарға бай екенін, кейінгі жылдары рухани жаңғыру жолында көптеген игі, ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын, бұл республикалық өнер аламаны алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табатынына тоқталды. Басқарма басшысы үміткерлерге сәттілік тілеп, жиналған жұртшылыққа деген ыстық ықыласын жеткізді. Бұдан соң жас әншілер жеребе бойынша сахнаға кезегімен көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Олар алғашқы айналымда Кенен Әзірбаевтың, Тынышбай Рахым, Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Байкөзов, Әуесхан Салабеков, Құрмаш Маханов, Гүлнұр Өмірбаева секілді өзге де Жамбыл өңірінің әнші-композиторларының әсем әндерін әуелете орындап, жүректерді тербеді. Екінші кезеңде де олар орындаған халық әндері мен елімізге белгілі сазгерлердің шығармалары жұртшылықты тәнті етті. Кейбір қатысушылардың тарапынан «әттеген-ай» дейтін тұстары да болып жатты. Бірақ, үміткерлердің дені өздерінің музыкалық мүмкіндіктерін әйгілеуге барынша тырысып, өнер сайысының көрігін қыздырды. Оны өз кезегінде қазылар алқасы да айтып, нағыз жеңімпаздарды анықтаудың қиынға соққанын жасырмады. Сонымен, өңірімізде алғаш рет өтіп отырған «Жаңарған Жамбылым» атты республикалық эстрадалық әншілер байқауының бас жүлдесін (500 мың теңге) жерлесіміз Мейіржан Самылтыров жеңіп алды. Ол өз кезегінде ақын Нарша Қашағановтың сөзіне жазылған Әуесхан Салабековтің «Туған жерім», Бақытжан Ауданбаевтың сөзіне жазылған Арман Бексұлтановтың «Арман-ай» әндерін бебеулете шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Ал жүлделі бірінші орын (200 мың теңгеден) биігінен Қарағанды облысы Саран қаласынан келген әнші қыз Гүлнар Көшенова мен тараздық Ақерке Құрбан көрінді. Екінші орынға (150 мың теңгеден) екі жерлесіміз Қазыбек Әбу мен Балдат Бейсенқожа лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орынды (100 мың теңгеден) өскемендік Айкерім Битанова, талдықорғандық Халид Орынқұл, тағы бір жерлесіміз Жанна Асанқұлова өзара бөлісті. Сондай-ақ, тараздық Берік Жорабеков «Жас талант», шымкенттік Нұрсұлтан Байгунов «Жарқын дауыс», тараздық Дархан Қабыл «Жаңа есім», астаналық Айдос Ергеш «Көрермендер көзайымы» номинацияларымен (50 мың теңгеден) марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар берілді. Басқа да қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар (20 мың теңгеден) табыс етілді. Байқау соңы жеңімпаздар мен белгілі өнер жұлдыздарының шырқауындағы әсем әнге ұласты.

Жанғазы АХМЕТ, Ақ жол».