Той – халықтың ҚАЗЫНАсы ДЕСЕК ТЕ...
Той – халықтың ҚАЗЫНАсы ДЕСЕК ТЕ...
Жарас Мұратай, облыстың Құрметті азаматы.
«Ақ жол» газеті көпшіліктің ойында бар мәселелерді көтеріп, елдің назарын пайымды, парасатты идеяларға аударып келеді. Газеттің өткен 20 сәуір күні жарық көрген санында Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал аға Жаңабаевтың «Тойханалар ақысы неге қымбат?» атты мәселе көтерген ой-тұжырымды мақаласын оқып отырып, бүгінгі той тойлау бағытымызды айна-қатесіз көргендей болдым. Расымен, «біреу – тойып секіреді, біреу – тоңып секіреді» деген мақал қазақтың дәл осындай даңғаза қасиетіне қарата айтылса керек. Қалталыға ілесемін деген қарапайым жұрттың қаншама рет тыраштанып той жасап, артынан белшеден қарызға батқанын да, сол қарыздан құтыламын деп жүріп отбасының шырқы бұзылып, тойдан тағылым емес, ауру тауып жатқанын да талай рет көз көріп, құлақ естіп жүр. Бірақ, «баласына бір той жасап бере алмай кетті дегізбесін» деген жалған намыспен жанымызды жегідей жеп бара жатқандаймыз. Сол жалған намысымыз қанағат пен үнемшілдік, ысырапқа жол бермеуді ұмыт қалдырғандай. Мақала авторының «Заман бұрынғыдай емес, елден ыдыс-аяқ жинап, есіктің алдына шатыр құрып, дастархан жаятын» деген сөздерін оқып отырып өзіміздің жас кезімізде өткен талай той-қуаныш еске түскені рас. Абысын-ажын мен көрші-қолаң жиналып, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып жататын сол кездер қандай қызық десеңізші! Әуелі, ондай тойлар ағайын мен көршілер арасын жақындатып, ауызбіршілік пен жинақылыққа, еңбексүйгіштік пен пысықтыққа да тәрбиелейтін. Ауылға түскен жас келіндер сондай әзірлік барысында жасы үлкен абысындарынан тәлім-тәрбие мен тағылым алатын, солардың «мектебінен» өтетін. Ал бүгін ше? Бүгінгі жастар ата-аналарының тыраштанып жүріп жасап жатқан дайын дастарханының басына топ етіп төбеден түскендей алаңсыз жүреді. Артынан ол тойды өткеру қаржылық жағынан қаншалықты қиын түскенін аса сезіне де бермейді. Бір сөзбен айтқанда, ардагер журналистің көтеріп отырған бұл мәселесі төңірегінде шешілмеген көптеген түйткілді мәселе жатыр. Сондықтан ел болып ес жию үшін мәселені осындай олқылықтың орнын толтырудан бастау керек болар.
Жуалы ауданы.