Әлеумет

Қанағат қарын тойғызар, тойхана иесі!

Қанағат қарын тойғызар, тойхана иесі!

Мәрия Әбейқызы, Ш. Уәлиханов атындағы шағын орталықты мектептің әдіскері.

«Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар», «Тойға барсаң тойып бар, бар жұмысты қойып бар» деген мақал-мәтелдер қазақ тойларына сипаттама беріп тұрғандай. Жалпы, қазақ – тойшыл халық. Отызға толса да, баласы сүндетке отырса да, әйтеуір елден қалмау керек деген ниетпен той жасап, ағайын-туысын, жекжат-жұратын шақырып, «алаған қолым береген» дегендей, өткенін, қарымтасын қайтарып жатады. Әрине, тойдың көп болғаны жөн. Қуанышта бас қосқанның несі айып? Бірақ, біз сол думанды тойды көрпемізге қарай көсіліп атқарып жатырмыз ба? Жоқ, анадан ұят, мынадан ұят деп, қарызға белшеден бататынымызға жол болсын. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» дейді. Әлбетте, дәулеті тасқан, қалтасы қалың азаматтар күнде дүрілдетіп той жасаса да жарасатын шығар. Ал қымбатшылық жағаға жармасқан шақта шарқ ұрып, той қамына кірісу кімге тиімді дерсіз. Соярға малы, күтерге шамасы болмаса да қазақ ұятты алдыға тартып, тыраштанады. Қош... Той жасау, қонақ күту, мейрамхана жалдау, әрине қалтаны қағады. Мәселен, асабаға қызметіне беретін ақы, ол аз десеңіз, әнші мен бишіге ұсынылатын еңбекақысы, тойханаға төленетін қаражат және өзге шығындар қарапайым халыққа оңай соқпасы белгілі. Әсіресе, тойханалардың бағасы шарықтап тұрғаны талас тудырмайды. Осы мәселені облыстың Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы сүйікті басылымымыз «Ақ жол» газетінде өте орынды көтеріпті. Мақала авторы бүгінгі таңда тойханалардың көптігін алға тартып отыр. «Біздің де аз-кем оқыған-тоқығанымыз бар, көрген-білгеніміз бар, бажайлап жүреміз ғой. Бәсекелестік бар жерде баға төмендеп жатады дейді, нарық заңдылығы. Қарасаң қаптап жатқан мейрамхана, тойхана. Солар көбейгеннен кейін баға төмен түсуі керек емес пе? Жоқ, олай емес. Керісінше тойханаларында ас мәзірінің және тойхананы жалға берудің бағасы уақыт өткен сайын өршіп барады. Бұл жалғыз менің пікірім емес», – дейді автор. Расымен де бүгінгі таңда тойхана көбейсе де, той тыйылған емес. Яғни, бос тұрмайды. Ендеше, кәсіпкер бауырларымыз жұрттың жағдайына қарап, бағаны қарапайым халықтың шамасына сәйкестендірсе деген тілек біздің де көкейде тұр. Автор мақаласында тиек еткендей бұл да біздің өкпеміз емес, өтінішіміз, тілегіміз. Қазақта «Ынсап сайын береке» деген әдемі сөз бар. Есті сөзге тойхана иелері де назар аударса дейміз. Көптің көкейіндегі мәселені тап басып жазған қарияға алғысымыз шексіз.

Т. Рысқұлов ауданы.