Қалталы азамат тар қарапайым тұрғындардың қалтасына түспесе
Қалталы азамат тар қарапайым тұрғындардың қалтасына түспесе
Жанар БЕКБЕРГЕНОВА, ТарМУ-дың оқытушысы.
Үйлену тойы, бұл – үлкен өмірге аттап басқан жастардың ең алғашқы қадамы. Оның көптеген белестері мен асулары әлі алда. Болашақ отбасының бақытты, жұрт алдында абыройлы болуы тойға мейманның көп, не аз шақырылуында да емес. Екі жас тату-тәтті тұрып, үлгілі отбасына айналса, өздері талай той өткізіп, ағайындарын қуанта бермек. Жалпы, жұрттан асырып той жасаймын деу жеңілдеу айтсақ – мақтаншақтық, тереңірек барсақ – мәдениетсіздік, дарақылық. Тойдың соншалықты сән-салтанатына сай екі жас ертеңіне тату-тәтті тұрып кетсе, нұр үстіне нұр ғой. Керісінше, әке мен шешенің жағдайы көтермей, қолдағы барлық қорды сарқып, банктен, болмаса ағайын-туыстарынан қарызға мал-пұл алып, әке мен шеше де, жас отбасы да көпке дейін мұқтаждық шырмауынан шыға алмай жүрсе, тұрмыстың ауыртпалығынан күн санап кикілжің көбейе де бермек. Барлығы той кезіндегідей ақпа-төкпе дүние еместігіне көзі жеткен қалыңдық санасыз болса, қабағы қарс жабылып, отбасынан береке қашады. Жас жұбайлар арасындағы шынайы сүйіспеншілік пен адамгершілік қарым-қатынас үзіліп, мұның аяғы кикілжіңге ұласып кетуі де бек мүмкін. Жаңа қосылған екі жастың арасына салқындық, сызат осылай түседі. Келе-келе бір-біріне «ә» десе, «мә» деп шыға келуді дағдыға да айналдырады. Бұл жерде айтпағымыз, қыз ұзатқанның да, келін түсіргеннің де шала шабылып, аста-төк той өткізуі міндетті іс пе? Екі жақ шама-шарықтарына қарай өзара келісіп, құда шақырысып, сол жерде барлық рәсімдерді өткізсе, жеткілікті болмай ма? Негізі айтпағымыз бұл да емес. Айтпағымыз – бүгінде өңірде тойханалардың шамадан тыс көбейіп бар жатқаны. Қызмет көрсету құнына келгенде, бірінен-бірі өтеді. Қалталы азаматтарымыз қазақтың қалтасын ортайту емес, керісінше халқының жоғын түгендесіп, мұң-мұқтаждарына қарайласу жағына ойысса, құба-құп болар еді. Кәсіпкерліктің ас ішіп, тостаған босатудан да өзге, тауар өндіру, жер байлығын ұқсату, өңдеу секілді алуан түрі бар емес пе?! Жоғарыда аталған мақалада айтылғандай, сандаған тойхана иелерінің көрсетер қызметін арзандатып, жоқ-жітікке қарайласып жатқаны шамалы. Кәсіпкерлеріміз осы жағын да ойланса дейміз.