Заң білмеген зар илейді
Заң білмеген зар илейді
Өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеп «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына өтініш айта келетін азаматтарға дұрыс жол сілтеп, көмектесу үшін партия өкілдері депутаттарды немесе құзырлы орган мекемелерінің өкілдерін қатыстыру арқылы қоғамдық қабылдау өткізетіні белгілі. Осы жолы қабылдауға жазылғандардың сұрақтарына мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Жандос Сматов жауап берді. Айша бибі ауылының тұрғыны Зүбілхан Еламанов ағайын-туысының алаяқтық әрекетінен далада қалғанын айтады. Өзі сол ауылдың падаға қосқан малын бағады екен. Отыз жылдай мал баққан падашыны ауыл тұрғындарының ішінде танымайтыны жоқ. – Заңды білмегендігімнің кесірінен, аузым күйіп отыр. Немере ағайыным осыдан 14 жыл бұрын маған 170 мың теңгеге әкесінен қалған үйін сатқан болатын. Оның жер телімі тіркеуде болғанымен, үй-жай еш жерде көрсетілмеген болып шықты. 2007 жылы құжатым түгел болмаған соң, легализация арқылы сол үйді баламның атына заңды түрде тіркеп, ел қатарлы күн кешіп жатқанбыз. Бірақ, бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен Р. деген азамат ағайынымды азғырып, жиырма жылдан кейін мұрагерлік іс аштыру арқылы үйді менен тартып алды. Былтыр сол баспанамды інісінің атына аударып, өзімді шеттей бала-шағаммен далаға қуып шықты. Қолымда үйді сатып алғанымды растайтын ауыл тұрғындарының растайтын сөздері мен аудиожазбалар болса да, шарасызбын. Келінімнің аяғы ауыр. Үй-күйсіз жағдай қиын екен. Маңдай теріммен тапқан ақшама сол үйдің іші-сыртын біртіндеп, күрделі жөндеуден өткізіп едім. Сәулеті келісіп, жаңарып қалған үй адам қызығарлықтай... Содан кейін ғой олардың осындай алаяқтыққа барып отырғаны. Сатып алғалы жерді пайдалану, электр қуатын тұтыну секілді қызметтерге ақы төлеген түбіртектерім де өз қолымда сақтаулы. Әйтсе де, әділдікке жете алмадым. Арманым – өз үйімді қайтарып алу, – дейді ол. Осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Нұрмағанбет Әбуев қоғамда белең алған жемқорлықтың зардабын қарапайым тұрғындар көріп отырғанын айтып, қынжылды. Оның айтуынша, ауыл көшесін жөндеу үшін бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған. – Квант саяжайына кіреберіс жай жолды 1980 жылдары ауыл тұрғындары жабылып, топырақ төсеп салып алған еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын оны асфальттау үшін жобалық-сметалық құжат жасалған. Бұл құжатқа өзім де қол қойғанмын. Бірақ жолға ені жобадағыдай 12 метрге емес, алты-ақ метрге асфальт төселді. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезден-ақ осыны айтып шырылдағанымызбен, ешкім ескермеді. Сол кездері Жамбыл ауданын басқарған әкімдер бұдан еш нәтиже шығармады. Жол салуға бөлінген қыруар қаржы талан-таражға түсіп кетті. Осы тектес тұрғын үй салу, маңайдағы бірқатар ауылдарға су құбырын тарту үшін жылда қаражат қарастырылады. Ол ақшалардың қайда кетіп жатқаны белгісіз, – дейді қария. Жандос Қалдарбекұлына мұңын шаққан қала тұрғыны Жаншық Сарбашева анасы сырқаттанып қалған соң отбасы тарығып қалып, екінші деңгейлі бір банктен алған несиесін өтей алмаған екен. Банк қызметкерлерінен несие төлеуді уақытша тоқтата тұруды өтінгенімен, банк келісім бермепті. Ал қалған берешек қаражатқа үстемақы қосылыпты. Банк бұл істі сотқа жолдайды. Сот оны іске қатыстырмай, аталған қаржы ұйымын жақтап, шешім шығарған көрінеді. Жаншық Мәжитқызында соттың өткенін айғақтайтын аудио немесе бейнежазба жоқ, өзінің сот отырысына не себепті қатыстырылмағанын білгісі келеді.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Тараз.