- Advertisement -

ҚЫЗ – ЕРКЕМ, КЕСТЕСІМЕН КӨРКЕМ

236

- Advertisement -

Бүгінде өңірімізде кәсіпкерлікті тіршілігінің тұтқасына айналдырғандар аз емес. Əсіресе, кейінгі жылдары бұл салаға бет бұрғандардың арасында қыз-келіншектердің үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Шулық Маржан Байманасованың да жеке кәсібін дөңгеленткеніне он жылға жуықтап қалыпты.
Еңбек жолын қарапайым тігінші болып бастаған ол жеке кәсіп иесі болуды кішкентайынан арман еткен. Бүгінде Шу қаласынан тігін цехын ашып, 10-нан аса адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Тігіншілік қасиет анамнан дарыған. Ол кісіге әкесінен қоныпты. Нағашы атам көзі тірісінде қыздарына той көйлектерін өзі тігіп беріп, өз қолымен ұзатқан. Бала кезімде алғаш киім тіге бастағанымды көрген анам: «Осы қыз тігінші болады-ау», – деп маған сүйсіне қарайды екен. Өсе келе, тігін саласының қыр-сырына қанық болу үшін 1989 жылы Жамбыл қаласындағы «Сұлу» фабрикасында тігінші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай бастадым. Кейіннен тәуекелге бел буып, азды-көпті тігін машиналарын алып, аз ғана құраммен жеке кәсібімді бастап кеттім, – дейді ол.

IMG_5429Маржан – Тараз қаласында туып-өскенмен, өмірлік жарын Шу өңірінен табады. Отау құрғаннан кейін де тігіншілік кәсібін тастамаған. Аудан тігіншілерімен бірлесе мейрамхана, мектептер, басқа да мекемелер перделерін әсемдеп, сәнді етіп тігумен айналысады. Бертінде «Байманасова» жеке кәсіпкерлік құрлымын ашып, өз ісін киім тігу, қысқарту, өңдеу сынды жұмыстардан бастаған. Уақыт өте келе, ою-өрнекпен өрілген, кестемен көмкерілген ұлттық үлгідегі киімдерді арнайы тапсырыспен тігуді қолға алыпты. Кәсібін жаңадан бастағанда немістің «Zinger» тігін машинасымен жұмыс істесе, қазіргі таңда шеберхана күрделі жұмыстарды оңай атқара алатын арнайы тігін машиналарымен жабдықталған. Қыз ұзату, құда түсу, бесікке салу, тұсаукесер, үйлену тойы рәсімдері Маржанның тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Қазіргі кезде аудандағы ұлттық мерекелер, салтанатты шаралар шебер қол тігіншінің қолынан шыққан бұйымдармен безендіріліп жүр. «2012 жылдан бастап келісімшарт арқылы Шу мен Мойынқұм аудандарының Мәдениет үйлерінің тапсырысымен оркестрлерге, әншілерге, бишілерге арналған киімдер тігемін. «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сынды байқауларға байланысты да тапсырыстар көп түседі», – дейді Маржан Есенгелдіқызы.

«Шеберді шеге қағысынан таны» дегендей, тігіншінің шеберханасына кіре қалсаңыз, оның қолынан шыққан әрбір бұйым айрықша өнер туындысы екенін аңғару қиын емес. Мұндағы ұлттық киімдердің бағасы 4 мыңнан бастап, ең қымбаты 150 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, киімдер сатылумен қатар, жалға да беріледі. Ұлттық киімдерді тігу аса ыждаһаттылықты қажет етеді. Әрбір ұлт ерекшелігін айшықтай отырып, теңдесі жоқ дүние жасап шығу нағыз шебердің ғана қолынан келеді.
Жеке кәсіпкердің Шудан бөлек, Тараз қаласында да қыз жасауын тігумен айналысатын шағын шеберханасы бар. Ол жақта 4 адам жұмыс істейді екен. «Тапсырыс көп болған кездерде Тараздағы тігіншілерді осында шақырып аламын», – дейді ол. Өткен жылы облыс орталығында өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2016» байқауына қатысып, ерекше марапаттарға ие болыпты. Сол сында Астанадан келген «Халық маркасы» порталы кәсіпкердің қолынан шыққан дүниелерге қызығушылық танытып, Астанада жеке дүкенін ашуға ұсыныс білдірген. Алайда, Маржанның онсыз да тапсырысы көптігінен, бұл ұсыныстан бас тартуына тура келген.
Бір қызығы, мұнда қыздардан бөлек, Сержан есімді ер-азамат та тігінші болып жұмыс істейді. Ер адамдардың етік тігетінін күнделікті естіп жүрміз. Дейтұрғанмен, перде мен ұлттық киімді нақышына келтіріп, әсемдеп тігеді дегенді естігенде таңғалғанымыз рас. Сержан алғашында қыздарға ауырлау соғатын жұмыстарды атқарған. Кейіннен, Маржаннан киім тігуді үйретуін қолқалайды. Қолына ине ұстап көрмеген жігіт қазір түрлі оюларды ою, кестелеп тігу, иық пен жағаны қондыру сынды жұмыстарды нәзік жандылардан артық орындайтын көрінеді. Осылайша, кәсіпкер тек қыздардың ғана емес, ер-азаматтың да бойындағы шеберлік қасиетін оятқан.
Шеберханада жұмыс істейтін Әсем есімді қыз аудандық жұмыспен қамту орталығы өткізген «бос орындар жәрмеңкесі» арқылы келіпті. Кәсіпкердің айтуынша, «бос орындар жәрмеңкесіне» ұдайы өтініш беріп тұрады екен. Сол арқылы көптеген қыз-келіншектерді тігіншілікке баулыған. Жұмысшылардың көбісі – 3 айлық немесе 1 жылдық тігін курстарынан өтіп келгендер.
Кәсіпкер келіншектің алар асуы әлі алда. «Арманым үлкен тігін фабрикасын ашу», – дейді ол. Облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қомақты несие алуға мүмкіндік туып жатса, өндіріс көлемін бірнеше есеге көбейтіп, қол астындағы жұмысшылар санын арттыруды да көздеп отыр. Осылай кәсіптен нәсібін тауып отырған Маржан Есенгелдіқызының тіршілігі шынында да көпке үлгі.

Шу ауданы.

Ерғали қартайған,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support