Әлеумет

Еңбек жәрмеңкесі – мүмкіндіктер алаңы

Еңбек жәрмеңкесі – мүмкіндіктер алаңы

Өз түлектерінің жұмысқа орналасу мәселелерін жеңілдету мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде дәстүрге айналған. Жуырда «Жас маман – 2017» кезекті жәрмеңкесі өтіп, биыл жоғары оқу орнын тәмамдайтын студенттерге көптеген кәсіпорын өкілдеріне болашақ маман ретінде өз кандидатураларын ұсынуларына мүмкіндік туды. Жәрмеңкеде әр кафедра дайындаған түрлі нысандардың макеттері, нан өнімдері, тоқыма өнімдер, ұлттық киімдер, суреттер көрмеге қойылды. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында университет ректоры Махметғали Сарыбеков кіріспе сөз сөйлеп, ТарМУ-дың өңірдегі еңбек нарығында қажетті мамандарға деген сұранысын қанағаттандырып отырған оқу орны екендігін атап өтті. – Биылғы оқу жылында университетті 1579 түлек бітіргелі отыр. Оның 293-і мемлекеттік грант иегерлері, оның ішінде 35-і көп тілді меңгеріп шыққан, 1286-сы келісімшарт бойынша білім алып жатқан студенттер. Өткен жылғы бітірушілеріміздің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 77 пайызды құрады. Соңғы жылдары оқу орындары түлектерінің жұмыспен қамту көрсеткішін бағалаудың жаңа әдісі қолданысқа енді. Ол бойынша біз студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткішін олардың зейнетақы жинақтаушы қорына түскен салымдары арқылы біліп отырамыз. Жаңа жүйе бойынша түлектеріміздің жұмыспен қамтылу көрсеткішін қалыпты деп бағалауға болады. Бұл іске өндіріс орындарымен сенімді әріптестік орнатуымыз оң ықпалын тигізуде, – деді ол. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев жастарды жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайында сөз етсе, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова терең біліммен қаруланған оқу орнының түлектері жәрмеңке көмегімен өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, Қазақстанның өркендеуіне, экономикамыздың өрлеуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдірді. Университет түлегі, облысымыздағы «Цесна банк» филиалының директоры Ғалымжан Доланбеков өздерінде қызмет етіп жүрген жастардың 90 пайызы ТарМУ-ды бітіргенін айтып, қазіргі еңбек нарығында қажетті мамандарға қойылатын талаптар мен жұмысқа қабылдау ережелерімен таныстырды. Жәрмеңкеге 80-ге жуық кәсіпорын мен мемлекеттік мекеме қатысып, түлектердің түйіндемелерін таңдап, олардың кейбірімен ниет-келісім хаттамасын рәсімдеді. Олардың арасында он шақты бос жұмыс орындарын ұсынған «ЕвроХим Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің қабылдау үстелі төңірегінде топтасқан жастардың қарасы мол болғанын байқадық. 2014 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 140-180 мың, ал инженер-техник мамандардыкі 240 мың теңгені құрайды екен. «Алайда, мұндай айлыққа сатылап қол жеткізеді. Яғни, білімділігі мен біліктілігін көрсеткен мамандар ғана жоғары жалақыға ие болады. Былтырдан бері зауытта «Жас маман» бағдарламасы енгізілген. Бұрын тек тәжірибелі қызметкерлерді жинақтасақ, енді аталмыш бағдарлама аясында жастарға да мүмкіндік берілуде», – дейді кәсіпорынның қызметкерлермен жұмыс бөлімінің жетекші маманы Наталья Кашкинбекова.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».