Кубоктан күдер үзді
Кубоктан күдер үзді
Жамбылдық жанкүйер-лердің үмітін арқалаған «Тараз» футбол клубы ел кубогі жолындағы бәсекеде 1/8 финалдан әрі аса алмады. Рас, «Таразға» жеребе жолдас болған жоқ. Жерлестеріміз алғашқы айналымның өзінде азулы ұжымдардың бірі саналатын Алматының «Қайратына» қарсылас атанды. Оның үстіне жалғыз ойыннан тұратын кездесу Алматыда өтті. Премьер-лигада ала-құла ойын өрнегімен көзге түсіп жүрген жамбылдық аяқдоп шеберлері кездесуді нашар бастады дей алмаймыз. Алғашқы жиырма минутта «Қайратпен» тең ойнамаса, кем ойнаған жоқ. Тек, кездесудің жиырма тоғызыншы минутында Жарко Марковичке қарсы ойын ережесін өрескел бұзған «Тараз» футболшысы Жақып Қожамберді алаңнан қуылды. Бір ойыншысы артық «Қайрат» футболшылары осы сәтті ұтымды пайдаланды. Ойынның 33-минутында Джурахон Бабахановпен бетпе-бет шыққан Георгий Жуков есеп ашты. Бұдан кейін «Тараздың» қорғаныс шебі сыр бере бастады. Әрине, бір футболшысы кем жерлестеріміз толық құрамдағы «Қайратқа» қарсы қауқарсыз еді. Кездесудің алғашқы бөлігі аяқталар тұста жерлестеріміз айып алаңында ойын ережесін бұзды. Төреші еш ойланбастан 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Иво Иличевич мүлт кетпей, есепті еселеді. Есеп – 2:0. Ойынның екінші бөлігінде «Қайрат» футбол клубының шабуылшылары белсенділік танытты. Исламбек Қуат асырған пасқа бұрын жеткен Бауыржан Тұрысбек ұрымтал тұсты өз пайдасына шеше алмады. «Тараз» қақпашысы Бабаханов бұл жерде шеберлігімен көзге түсті. Кейіннен Михайл Бакаев өз мүмкіндігін мүлт жіберді. Қысқасы, екінші кезеңде «Қайрат» қанша шабуыл ұйымдастырса да, «Тараз» қақпасының кілтін таба алған жоқ. Дегенмен, жамбылдық ұжымнан айласын асырған алматылықтар жарысты жалғастырса, «Тараз» кубоктан күдерін үзді. Енді «Тараз» футболшылары премьер-лигада жақсы қырынан көрінсе дейміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».