Сот жұмысы жанданып келеді
Сот жұмысы жанданып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында облыстық соттардың ағымдағы жылы І тоқсанда сот төрелігін жүзеге асыру және соттар қызметін бағалау бойынша сыртқы сауалнаманы жүргізу тақырыбы кеңінен сөз болды. Облыстық соттың судьясы Гүлнәр Сыздықова Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Сот кабинеті» сервисінде соттар мен судьялар қызметін сыртқы бағалау жөніндегі пилоттық жобасы (сауалнама) іске қосылғанын хабарлап, сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен сот талқылауларына қатысушылар ғана респондент ретінде қатыса алатынын мәлімдеді. Нақты айтқанда, сауалнамаға талап қоюшылар, өтініш берушілер, жауапкерлер, адвокаттар, прокурорлар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, аталған сервиске тіркелген өзге де тұлғалар қатыса алады екен. – Дербес сұхбаттасу жергілікті соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру және соттар жұмысын ұйымдастыру қызметі туралы жан-жақты ақпарат алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сауалнама сот төрелігіне қолжетімділік, соттарда жарыспалылықты қамтамасыз ету, судьялардың сот әдебін сақтауы және өзге де 10 сұрақтан тұрады. Сауалнама ағымдағы жылы 10 сәуір мен 1 шілде аралығында пилоттық жоба ретінде жүргізіледі. Оның нәтижелерін Жоғарғы Сот аппаратының жауапты қызметкерлері талдайтын болады және Сот қазыларының біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалау барысында пайдаланады. Сауалнаманың нәтижелері соттар жұмысын жақсарту бойынша алдағы шараларды әзірлеу кезінде де қолданылатын болады. Қазіргі таңда 540 мыңнан астам азамат «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің тұтынушылары болып табылады. Жоғарғы Сот бұл жобаны 2014 жылы іске қосты, – дейді Гүлнәр Сыздықова. Гүлнәр Коминтернқызы «Сот кабинеті» сервисінің қызметі электронды өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдету, сондай-ақ, сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. – Азаматтар сотқа талап- арыздарды, өтініштерді, апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтініш хаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік береді, – дейді ол. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков облыстық соттардың үстіміздегі жылдың І тоқсанында азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарған жұмыстары жайлы айтып өтті. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың І тоқсанында бірінші сатыдағы соттар қараған 7096 азаматтық іс өндірісімен аяқталып, оның 3 858-іне шешім шығарылып, апелляциялық тәртіппен 9 шешім бұзылып, 20 шешім өзгертілген екен. Кассациялық тәртіппен 3 шешім бұзылған. Жалпы, бұзылған және өзгертілген шешімдердің саны – 32.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».