Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері
Газетіміздің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағынан қуанышты хабар жетті. Одақ төрағасының орынбасары, белгілі жазушы Берік Шахановтың хабарлауы бойынша жерлестеріміз, жазушы, публицист, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен жазушы, режиссер, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атаныпты.
Қазақстан Жазушылар одағы тағайындайтын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы екі жылда бір рет беріліп тұрады. Қаламгерлер арасында мәртебесі биік бұл сыйлық әр жанр бойынша қалам тартып жүрген ақын, жазушыларға, сыншыларға шығармашылық жетістіктері мен шеберлігі және төл әдебиетімізді лайықты түрде насихаттағаны үшін тапсырылады. Бұған дейін қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан жамбылдық қаламгерлер Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутаев, Қуандық Шолақ және Толымбек Әлімбеков осы сыйлыққа ие болған. Енді, міне, олардың қатары қаламы қарымды екі қаламгерімізбен толығып отыр. Қос жазушының бұл қуанышы руханият жанкүйерлері мен жергілікті әдебиетсүйер қауым үшін де, Жамбыл өңірі әдебиеті мен мәдениетінің де ортақ мерейі екендігі анық. Аталмыш сыйлыққа жазушы, публицист Кәсемәлі Сәттібайұлының «Аран» деп аталатын хикаяттар мен әңгімелер жинағы ұсынылып, аталмыш сыйлыққа жазу өнеріндегі жетістіктері мен шеберлігі үшін қол жеткізсе, кезінде қазіргі «Ақ жол», бұрынғы «Еңбек туы» газетінде жемісті еңбек еткен Доқтырхан Тұрлыбек «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық кітабы үшін ие болды. Шұрайлы тілдерімен, көркем ойларымен оқырмандарын рухани байытып, мазмұнды дүниелерімен қуантып жүрген жазушыларымызды құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!
«Ақ жол-Ақпарат».