Денсаулық

Назарбаев: Қыздардың қара киім киіп, еркектердің сақал өсіруіне тыйым салынсын

Назарбаев: Қыздардың қара киім киіп, еркектердің сақал өсіруіне тыйым салынсын

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сақал өсіріп, қыздардың қара киім киіп, беті-аузын тұмшалауына заңмен тыйым салуды ұсынды.

Бұл туралы Назарбаев Мұсылмандар діни басқармасы өкілдерімен кездесуінде айтты, деген президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Орталық Азия хабар қызметі" жазды. "Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді", – деп мәлімдеді президент Назарбаев. Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар дамыған дәуірде Қазақстан өзінің ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға тиіс екенін айтты. Қажет болса, мемлекет Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын қолдауға әзір, деді Назарбаев. Елбасы Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанатынын, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған мамандар даярлау қажеттігін атап өтті. Қазақстан билігі соңғы жылдары елде исламның ваххабизм және салафизм секілді басқа да тармақтарының ықпалы күшейгеніне алаңдаушылық білдіріп келеді.

ақпарат көзі: qazaqtimes.com