Әлеумет

Көрермендер жүрегіне жол тапқан

Көрермендер жүрегіне жол тапқан

Өңірлік «7.7. ТV»  телеарнасының  эфирге  шыққанына бір жыл толды

Өткен жылы тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында алғаш рет эфирге шыққан облыстық «7.7. TV» коммерциялық телеарнасы жамбылдық көрермендер үшін тамаша тарту болғаны анық. Осы бір жыл ішінде телеарна бірқатар шығармашылық жетістіктерге жетті. Бұл туралы ұжым басшысы, «7.7. TV» коммерциялық телеарна-сының Директор-Бас редакторы Зарина Қуаттегі былай дейді: – Бір жыл аз ғана уақыт болғанымен, біз үшін үлкен сынақ кезеңі болды. Сол сын асудан лайықты түрде асқанымыз ұжымның үлкен жетістігі. Осы төрт тоқсанда алдыға қойған мақсаттарымызға жеттік. Әр ай, әр апта, әр күн қиындық пен қызыққа толы қажырлы еңбекпен өтіп жатыр.

Нәтиже бар, еңбегіміз еленіп, көрермендер тарапынан жақсы пікірді жиі есту – бізді жігерлендіріп, марқайтады. Дәл 25 жылдан соң, егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында облысымызда екінші телеарнаның ашылуы ең алдымен бұл – уақыт талабы. Өңірдегі жақсы жаңалықтардың жаршысы болып, өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал етуге атсалысу – біздің мақсатымыз. 

Сондай-ақ, ол телеарнаның ашылғанынан бүгінде тек облыс емес, еліміздің түкпір-түкпірі хабардар екенін, өзге аймақтардан сәттілік тілеп, ұсыныс айтып, жүгіртпе жарнама жолына тапсырыс беріп, хабарласып жататынын жеткізді. Негізінен «DIGITAL TV», «ALMA TV», «Отау-ТВ» цифрлы және «ID TV» кабельді телевизиясы арқылы еліміздің барлық облыстарына хабар таратып, бағдарламаларын ұсынатын телеарна тәулігіне 18 сағат, яғни таңғы 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін өз көрермендерімен бірге. Телеарна алғаш ашылғанда көрерменге сегіз жобамен жол тартқанымен, жыл бойы, ай сайын жаңа жобалармен толығып, бүгінде барлығы 20 жоба ұсынылуда. Директор-Бас редактордың айтуынша, мамыр айында «Өзекті» және «Ашығын айтқанда» деген тағы екі жаңа жобаны экранға шығару жоспарланып отыр екен. Бүгінде ұжымда барлығы 40 адам жұмыс жасаса, олардың дені жастар. Басшылық өз-өзін көрсетем, шеберлігімді шыңдаймын деген талаптыларға зор мүмкіндік беріпті. Оған біз телеарнаның бір жылдығы қарсаңында ұжымға бас сұғып, кадрлардың күнделікті жұмыстарымен танысқанда көз жеткіздік. Бізді жас ұжымның жалынды, жігерлі жұмысы, қарымды қадамы, алымды аяқалысы сүйсінтті. Нұрлан АСҚАР, бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы: – Бала кезден көгілдір экранға үңiлiп өстiк. Ынтық болдық. Тележурналист болып қызмет етуді армандадық. Сол арман жетегінде Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке оқуға түсіп, 4 жыл бойы журналистиканың әлiппесiн меңгердiк. Бiтiрген жылы туған жерге тарттым. Алып шаһар Алматыдан Таразға келгенде өңiрде жаңадан «7.7. ТV» арнасы ашылып жатыр дегендi естiдiм. Ойланбай осы арнаға келдім. Жұмысқа қабылданып, арманыма қол жеткіздім. Осында жүрiп, ойымдағы жобамды iске асырудамын. Түрлі журналистiк зерттеулерді, сараптамалық дүниелерді эфирге шығардым. Мұндағы аға-әпкелерім білгендерін үйретіп, баулып келеді. Жауапты қызметтерді тапсырып, шеберлігімді шыңдауда. Сержан НҰРМАНБЕТОВ, бас режиссер: – Мен бұл арнаға жұмыс ауыстырмай тұрып Астанадағы «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінде қызмет еттім. Біраз жыл үлкен ортада жинаған тәжірибемді бүгінде аймақтық телеарнада сәтті жүзеге асырып жатырмын деп ойлаймын. Келгеніме көп бола қоймаса да елеулі жұмыстар атқардық. Көрермендер тарапынан жақсы бағасын алды. Бұл ісіміз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Өйткені, бұл ұжым – өте еңбекқор ұжым. Мұндағы жастар күн-түн демей жұмыстар тындыруға бейім. Олар болашақта өз ісінің нағыз маманы бола алады деп ойлаймын. Дулат ШЫҚПАНБЕТОВ, оператор: – Негізі, оператордың тірлігі кадр сыртындағы жұмыс болғанымен біздің шеберлігіміз бен кәсібилігімізге де көп нәрсе байланысты. Атап айтар болсақ, 3 минуттық ақпарат үшін кем дегенде жарты сағаттық кадр жинау керексің. Ол кадрлардың ақпараттың анық, айқындылығы үшін ең бір қажетті, ұтымды тұстары болуы шарт. Міне, біз сол үдеден шығуға тырысамыз. Біз түсірген кадрларымызды бейнеқұрастырушыларға тапсырамыз. Оның арғы тағдырына солар, сондай-ақ журналист пен режиссер жауапты. Бұдан бұрын мемлекеттік телеарналарда еңбек еткенмін. Байқағаным, «7.7.ТV»-ның өз бағыты, жарқын болашағы бар. Сол үшін үлес қосуға тырысамыз. Өзім Темірбек Жүргенов атындағы өнер Академиясының «Кино және телевизия операторы» мамандығы бойынша білім алғанмын. Соның арқасында бүгінде барлық техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс жасай аламын. Бұл маған өз кезегінде үлкен көмегін беруде. Олжас БҮКСІКБАЕВ, жетекші дизайнер: – Менің қарамағымда екі дизайнер бар. Біз өз ісімізге аса ұқыптылықпен қараймыз. Өйткені, хабардың бояуы, түр-сипаты бәрі біздің жұмысымыздың сәттілігіне байланысты. Негізінен ауқымды жобаларды атқаруда еңбегіміздің нәтижелілігін көрсетуге барымызды саламыз. Бір айта кетерлігі, телеарнамыз соңғы үлгідегі, сапалы құрал-жабдықтар мен электро-техникалық аппараттармен жасақталған. Олар бізге сапалы, сандық үлгідегі телеарнаны халыққа таратуға мүмкіндік беріп отыр.

Тараз қаласы.