Білім

Мәжіліс депутаты ҰБТ-дағы әділетсіздік мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты ҰБТ-дағы әділетсіздік мәселесін көтерді

11 жыл бойы кілең беске оқыған бала, тестілеудің негізгі пәнінің бәрінен бес алса, "Алтын белгінің" үміткеріне орыс немесе қазақ тілі пәні неге кедергі болуға тиіс.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Гүлмира Исімбаева осы мәселені көтерді. Мәжіліс депутатының айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу былтырғы жылдарға қарағанда биыл жақсарып қалған. Алайда, жекелеген проблемалар да жоқ емес.

Депутаттың сөзіне қарағанда, Алматы қаласы М. Мақатаев атындағы 140-мектеп-гимназиясының оқушысы, "Алтын белгі" үміткерінің ата-анасынан дәл осы проблемаға қатысты хат келген.

Онда түлек төрт пәннен: Қазақстан тарихы, математика, қазақ тілі, ағылшын тілі пәнінен жоғары балл жинаған. Ал қазақ мектебіндегі орыс тілі пәні бойынша оқушының "Алтын белгіге" бір балы жетпей қалып отыр.

"Оқушы бұл ретте Ұлттық бірыңғай тестілеуде берілген тапсырмадағы тыныс белгісі қойылмағандықтан қателескендігін айтып, апелляциялық комиссияға да өтініш жасаған. Расында да, тапсырманың жауабында тиісті сызықша белгісі қойылмағаны белгілі болды. Осылайша, тест тапсырмасындағы қателік жауаптың дұрыс болмауына соқтырып отыр. Сондықтан да, оқушының талабын ескеріп бір балл қосуға болар еді. Алайда, апелляциялық комиссия оқушының өтінішін қарамаған", - дейді депутат.

Бұл ретте Г. Исімбаева дәл осындай жағдайдың көптеп кездесетінін алға тартады. Оның айтуынша, 11 жыл бойы кілең беске оқыған бала, тестілеудің негізгі пәнінің бәрінен бес алса, "Алтын белгінің" үміткеріне орыс немесе қазақ тілі пәні неге кедергі болуға тиіс.

"Бұл пән білім беру грантын алуға ескерілмейтіні секілді, "Алтын белгі" алу үшін де ескерілмеуі керек. Сонда ғана әділдік болар еді", - деді депутат.

Бұдан бөлек, Г. Исімбаева апелляциялық комиссиялар алдағы уақытта өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы тиістігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, сұрақтардағы тыныс белгілері, баспадағы басқа да қателер бала тағдырына әсер ететінін ескеріп, білікті мамандар ретінде әділ шешімдер шығарулары керек.

Депутаттың пікірінше, әсіресе, "Алтын белгі" алуға 1 балл, кейбір жағдайларда 2 балл жетпей жатқан балалардың жұмыстары өте мұқият қаралып, күмәнді жағдайдың бәрі оқушының пайдасына шешілуі тиіс.

 Ақпарат көзі: www.nur.kz