Мадияр Әшкеев сегізінші жеңісіне қол жеткізді
Мадияр Әшкеев сегізінші жеңісіне қол жеткізді
Бірінші орта салмақта өнер көрсететін кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев кәсіби мансабындағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді. Меркі ауданының түлегі Мадияр Әшкеевті жұртшылық «Астана арландары» сапындағы шайқастары арқылы таниды. Бүгінгі таңда мұхит асқан қазақ боксшысы алғашқы жеті жекпе-жегінде жарқын жеңістерімен жанкүйерлерді қуантқан болатын. Мадияр сегізінші шайқасында америкалық Шон Кэмеронмен қолғап түйістірді. АҚШ-тың Коннектитут штатында өткен шайқаста Мадияр Әшкеев техникалық нокаутпен жеңіс тойын тойлады. Гонг үні естіле салысымен жекпе-жекті өз бақылауында ұстаған Әшкеевтің сәтті шабуылдары Кэмеронды тығырыққа тіреді. Оң қолымен жойқын соққыларын сәт сайын дарытып отырған жерлесіміздің айқын басымдылығын көрген рингтегі төреші кездесуді тоқтатты. Осылайша, сегіз кездесуінде де қарсыластарынан басым түскен Меркінің түлегі BoxRec рейтингінде 56 саты жоғарылап, бірінші орта салмақта 106-орынға орнықты. Ал он үшінші жекпе-жегін өткізген Шон Кэмерон үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. «Ел үмітін ақтау мақсатымен мұхит астым. Мұнда қазақстандық кәсіпқой боксшы бауырларымыз аянбай тер төгіп жүр. Өзге бауырларымыз секілді менің де арманым – әлем чемпионы атанып, еліміздің байрағын көкте желбірету», – дейді Мадиярдың өзі. Біз ел сенімін ақтап жүрген жерлесімізге кәсіпқой рингте үлкен табыстар тілейміз. Жеңісті жорықтарың жалғаса берсін, Мадияр!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».