Барселона! Орындалған арман
Барселона! Орындалған арман
Кез келген футбол жанкүйерінің арманы – сүйікті командасының стадионына бару. Ұшақ Барселонадағы «Эль-Прат» әуежайына қонғанда сол бақыттың бір табан жақын қалғанын сезіндім.
Абай Отар.
Каталонияның орталығына түнге таман жеткендіктен, бірден алдын ала жалдап қойған үйімізге зыттық. Пәтеріміз шаһардың қақ орталығында. Көшелер, ғимараттар көз алдымызға Алматыны елестетті. Бір сәтке Пиреней түбегінде емес, Алатаудың баурайында жүргендей әсер алдық. Барселонаның көшелері кең, тігінен орналасыпты. Келесі күнді Барселонаның көрікті жерлерін аралауды бастадық. Көзге бірінші түскені көп жерде Каталония туы ілініпті. Қала халқы Испаниядан өздерін бөлектегісі келетіні анық байқалады. Ең әуелі Ла Рамбла деп аталатын, туристер қаптап жүретін, дүкендер орналасқан көшенің бойымен серуендеп шықтық. Мұнда сұғанақтардан сақ болмасаң, сан соғып қаласың. Қалың халықтың арасынан қалтаңа қолын тығып жібергенін байқау қиын. Бағзы заманнан қалған көне шаһар да осы көшеге жақын. Ла Рамбланы аралап шыққаннан кейін соған бет бұрдық. Еуропа аралаған таныстарым Барселонаның әдемілігін аузының суы құрып әңгімелейтін. Ницца мен Римнен кейін Каталония орталығы көзге қораш көрінді. Көне жәдігер дейтін ескі қала Роман форумы мен Колизейдің қасында жіп есе алмай қалады. Ал табиғаты мен жағалауы Ниццаға қарағанда жұтаңдау тәрізді. Барселона көшелерінде атақты архитектор Антонио Гаудидің туындыларын жиі кездестіресің. Солардың арасындағы ерекшелері бүгінде мұражай қызметін атқарып тұр. Аталған ғимараттардың әдемілігіне сөз жетпейді. Қайталанбас өнер туындылары. Ішке кіру құны да әжептәуір. Соған қарамастан, есік алдында кезек күткен туристер көп. Біріншіден ақша қимай, екіншіден мұражайға қызықпайтындықтан, басқа көрікті орындарды аралауды жөн көрдік. Шаһарда қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған. Римдегідей бір билетпен бірнеше адам ішке кіре алмайды. Бірақ кемшілігі жетерлік. Мәселен, метро маңызды нүктелерді байланыстырса да, бір орыннан келесіне бару үшін бірнеше рет вагон ауыстыруға тура келеді. Екі нүктенің арасына жұмсалатын метроның уақыты жаяу жүрген уақытпен бірдей. Тағы бір байқаған ерекшелік – қызмет көрсету сапасы. Англияда тротуар жөндейтін болса, міндетті түрде қасынан жаяу жүргіншілерге бір адамдық жол қалдырады. Рим мен Барселонада біздің елдегідей түгел жолды жауып тастайды екен. Шаһардағы атаулы ғимараттардың бірегейі – Саграда Фамилиа шіркеуі. Бұл ғибадатхана – сәулетші Антонио Гаудидің туындысы. Ғимараттың іргетасы 1882 жылы қаланса да, әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары тоқтаған емес. Храмның жан-жағында 12 мұнара бар. Әрқайсының биіктігі шамамен 100 метрдей болады. Ал тура ортасында тұрған тағы бір мұнара Иса пайғамбарға арналыпты. Оның биіктігі – 170 метрге жуық. Ғибадатхананың ұзақ уақыт салынуына Гаудидің тек садақаға түскен ақшаны ғана жұмсауды талап еткені әсер етіпті. Храм 2010 жылы мінәжат жасау үшін ресми түрде ашылған-ды. Бүгінде шіркеуге діндарлардан бөлек туристер де ағыла келуде. Барселонадағы айтулы орындардың тағы бірі – Гуэль саябағы. Мұнда да Гаудидің қолтаңбасы бар. Саябақтың негізін салушы – Эусеби Гуэль. Ерекше саябақ салуды мақсат тұтқан ол XX ғасырдың басында жер сатып алу, ойына алған істі аяғына жеткізуді бастап кетеді. Саябақ қаланың жоғары жағына таман орналасқан. Төбесінен шаһар алақандағыдай көрінеді. Ішке кіру билет құны – 8 еуро. Саябақты аралап жүріп Будапештте оқып жатқан қазақстандық студенттерге кезіктік. Алматыда туылып, бүгінде Германияда тұрып жатқан орыстар да осында жүр екен. Туған бауырымызды көргендей сөйлесіп, шұрқырасып қалдық. Қаланың ішін тағы біраз серуендегеннен кейін үйге қайттық. Ертеңгі күн мен үшін маңызды еді... «Камп Ноу» стадионы Барселонаның басқа жағында орналасқан. Метродан шыққан соң 200 метрдей жүргенде алдымыздан «Камп Ноуға қош келдіңіз» деген жазу шықты. Іші бөлек бір ауыл секілді. Бір бұрышта кәкір-шүкір сатып жатса, келесі жақта футбол жейделері самсап тұр. Студенттік билетіміз мұнда да кәдеге асты. Құны 23 еуро болатын билетті 17 еуроға сатып алдық. Жоғарыда қызмет көрсету сапасы төмен екенін айттым ғой. Стадионда да сол анық көрінді. Англияда клубтың мұражайын гид арқылы араласаң, мұнда ішке кіргізіп жібереді. Нені қайдан бастап көру керектігін білмей, басың айналып қалады. Әйтсе де, көптің артынан еріп, мұражайға бет алдық. Бірінші залы «Барселона» клубының жеңіп алған кубоктары мен тарихынан сырт шертетін жылнамаларға толы. Бұл жақта әртүрлі турнирде ұтып алған марапаттары көзге түседі. Клубтың гимні жазылған түпнұсқа қағаз, атақты футболшылардың бутсысы, жейдесі, қолғабы секілді тарихи құнды жәдігерлер шыны ыдыстың ішіне мұқият орналастырылған. Атақты голланд футболшысы Йохан Кройфтың «Алтын добы», Рональд Куманның 1992 жылы Чемпиондар Лигасының финалында киген бутсысы, Диего Марадонаның жейделері мұражайдың сәнін кіргізіп тұр. Мұнда «Барселона» футбол клубының ғана емес, баскетбол, гандбол секілді спорт секциялары қол жеткізген марапаттарына да орын табылған. «Барселона» клубы өз тарихында 4 мәрте Чемпион лигасының жеңімпазы атанды. «Қос құлақты» кубоктың телнұсқалары қаз-қатарынан жайғасқан. Бұл жақта суретке түсуге кезек күткендер көп. Енді бір бұрыш даңқты футболшы Лионель Мессиге арналған. Аргентиналық шабуылшы жеңіп алған 4 «Алтын доп», 3 «Алтын бутсы» көрермендер көзайымына айналып үлгеріпті. Клубқа жанкүйерлік танытқаннан кейін шығар, бұлардың бәрі маған ыстық әрі көзіме жылы ұшырай көрінді. Мұражайдан шыққан соң стадионның ішін аралап шығуға мүмкіндік бар. Баспасөзге арналған бөлмеде Чемпиондар лигасы кубогының көшірмесін ұстап суретке түсуге болады. Киім ауыстыратын бөлме де алыс емес. Одан әрі стадионға шығатын туннель. Дәл осы арада Месси, Иньеста, Гвардиола, Хави, Пуйоль сынды атақты футболшылар алаңға шығып, қарсыласты талай мәрте қапы қалдырған тұс. Жасыл алаңның жиегіне жеткенде стадионның алыптығына таңдай қағасың. Осындай орасан аренаға 100 мың адам сыяды дегенге сенгің келмейтін секілді. Ал енді соншама қолдаушысы бар командаға қарсы лайықты өнер көрсетудің оңай еместігі айтпаса да түсінікті. «Камп Ноудың» ішінде қалағанымызша аралап, айызымыз қанғанша суретке түскеннен кейін үйге қайттық. Бір апта тоқтаусыз сапардан кейін әбден шаршап қалғанымды сезіндім. Барселонадағы ең басты мақсат орындалғаннан кейін қаланың басқа жағын аралауға ынта болған жоқ. Ертеңіне әуежайдан Лондонға қайта оралдық. Англияға жеткенде құдды ауылыма келгендей күй кештім. Енді ше, түсініксіз тілде ести-ести әбден зығырданың шыққанда, ағылшын тілі апаңның «айналайыны» секілді естіледі. Лондонға қайта оралғаным осыншалықты әсер еткенде, туған елге жеткенде қандай күйде болуым мүмкін екендігін елестете алар емеспін. Шіркін, туған жердің құдіреті-ай!
(Соңы. Басы газетіміздің №№40, 41 және 42 сандарында).
Тараз – Лондон – Барселона – Тараз.