Бұлбұл Димаш, дүлдүл Димаш!
Бұлбұл Димаш, дүлдүл Димаш!
талантты әнші Димаш Құдайберген Қытай елінде өткен «Мен әншімін» жобасында екінші орынға ие болды
Қытайда өткен «Мен әншімін» халықаралық байқауында жас талант Димаш Құдайберген 14 кезең бойы бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытай елін мойындатты.
Димаштың әншілік қабілеті хақында әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Лаки Кесоглу: «Димаштың даусы сирек кездеседі. Оның дауыс түрі тенор альтино немесе контртенор деп аталады. Ол классика жанрында дамиды. Бірақ ол мұны қаламайды. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық. Олар танымал емес, бірақ бар. Бұл өте сирек кездесетін дауыстар. Ол өте жас, 22 жаста осындай зор жетістікке жетіп отыр. Оны Витаспен салыстырудың қажеті жоқ, мен сізге ресми мәлімдеме жасай аламын – Витастың мүмкіншілігі Димаштың даусының жанында түк те емес» деп республикалық БАҚ-тарда хас таланттың өнеріне бағасын берген болатын. Қытай Халық Респуб-ликасында өткен доданы алдымен ғаламтор арқылы «Хунан тв» арнасынан тамашаласақ, кейіннен «Хабар» телеарнасы хабар таратты. Әлемнің музыка мамандары жоғары бағасын берген Димаш Құдайберген жобаның алғашқы кезеңінде француз тіліндегі ең күрделі, бес қиын әннің бірі саналатын «Sos Dun Terrien En Detresse'» әнін қалықтата шырқаса, екінші айналымда Витастың «Опера 2» туындысын автордан екі тон жоғары орындауымен көпшілікті қайран қалдырған-ды. Сонымен қатар қазақ әншісі атақты Лара Фабианның «Adagio» әнін қалыптан тыс орындауымен әншіні сүйіндіргені де есте. Тіпті, Лара Димашты құттықтап, қазақ баласымен қосылып дуэт құрғысы келетінін оның продюсері мәлімдеп те үлгерген еді. Жоғарыда аты аталған әндерді шырқаған әрбір кезеңде Димаш жеңіс тұғырынан көрінген-ді. Сондай-ақ ол Селин Дионның «Аll by myself» әнін де бебеулеткені мәлім. Әр кезеңде таңдап алған шығармасын түпнұсқадан сәл өзгеше орындап, өз мүмкіндігін әйгілей білген Димаш Құдайберген ақтық сында поп-музыка патшасы Майкл Джексонның екі бірдей тамаша әнін Лаура Шангпен қосыла шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әр кезеңде Димаштың дауыс мүмкіндігіне тамсанып, қайталағысы келсе де, шеберлігі жетпеген Санди Лем топ жарды. Елдің үкілі үмітін арқалаған Димашқа екінші орын бұйырды. Жеңіс құтты болсын, ағайын!
Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».