Мәдениет

«Гүлім боп аңқыдың, нұрым боп шалқыдың»

«Гүлім боп аңқыдың, нұрым боп шалқыдың»

Тұрар Рысқұлов ауданының орталығында

«Келші, Құланға!» атты облыстық әншілер байқауы өтті

Сұрасаң менің атым Мэлс деген, Домбырасыз ешкіммен келіспеген. Орайы кеп өзімше салсам әнді, Тапқандай мен боламын келісті өлең, – деп жырлаған Мэлс Өзбеков Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы. Ол – Г.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің дирижер бөлімінің түлегі. Тұрар Рысқұлов ауданы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, өзінің туған ауылы Көкдөненде автоклуб меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оның «Сұлутөр аруы», «Ақтамақ қарлығаштар», «Келші, айым», «Асыл арманым», «Арман гүлім» әндері халық арасында кең тарағаны аян. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен М.Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде композитор шығармашылығына арналған «Келші, Құланға!» атты дәстүрлі облыстық әншілер байқауы өтті. Мэлстің өзі өмірден ерте озса да, нәзік иірімдерге толы шығармалары халықпен бірге жасап келе жатқаны сөзсіз. Әсіресе, әйгілі «Гауһартас» фильмінде шырқалатын: «Айдын көл сен айтшы, Самал жел сен айтшы, Жарыма құс болып ұшайын. Бір хабар берші айым, Жақындап келші айым, Лапылдап мәңгі құшайын», деген тамаша туындысы дәуір өтсе де, ұрпақ алмасса да сиқырлы сазымен, ғашықтық назымен жүректерді тербеп тұрады. Сірә, ән өнерінің құдіреті де осы болса керек. Бұл күні Шалтау мен Қарақыстақ, Көкдөнентау арасында Мэлстің лирикалық әндері бебеулеп тұрғандай болды. «Үмбет құмын басып, Жібек жолын асып, Келші сәулем, келші, Біздің Құланға» атты Мэлс Өзбековтің туған жеріне арнаған әуезді әнінің атымен байқаудың аталуы да тегін болмаса керек. Өнер аламанының ашылу салтанаты сазгер атындағы аудандық Мәдениет үйінің алдындағы сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан кейін қонақтар мен байқауға қатысушылар Мәдениет үйінің фойесінде әзірленген, Мэлс Өзбеков шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Мұнда сазгердің өзі қолданған, танымал тұлғалардан сыйға алған заттар мен кітаптар және суреттер жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Шараны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов ашып, облысымыздың әр ауданынан келген өнерпаздарға сәттілік тіледі. – Мэлс аға жайлы көп әсерлі естеліктер айтуға болады. Оның туған жерге деген ыстық махаббаттан туған әндері өзінің шынайылығының, көркемдігінің арқасында құндылығын жоғалтпай келеді. Әндерін қалың қазақ білсе де, Мэлс ағамыздың үлкен сахналарда көп шырқала бермейтін «Асыл қайнар», «Шал тауында ауылым», «Көкдөнентау» секілді өміршең туындылары да жетерлік. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл өнер байқауының мақсаты да сол талантты сазгердің туындыларын жалпақ жұртқа жеткізу, әнсүйер халыққа насихаттау, – деген Дүйсенәлі Дыбысалыұлы сазгер жайлы әдемі естеліктерімен де бөлісті. Байқауға қатысушылар бірінен соң бірі сахнаға көтеріліп, өнерлерін көрсетті. Олар талапқа сай бірінші кезеңде Мэлс Өзбековтің шығармашылығынан бір ән орындады. Келесі кезеңде қатысушылар жеребе арқылы автордың бір әнін таңдап, он үміткер бойларындағы қабілетін танытуға тырысты. Тартысқа толы өнер сайысының қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды құландық Нұрлан Әмірбетов, мойынқұмдық Ержан Омаров, байзақтық Марал Айдарбекова өзара бөлісті. Ал ІI орыннан меркілік Бекет Алдабергенов пен қордайлық Сәуле Жуатбекова көрінсе, І орынды құландық Жазира Үсейін жеңіп алды. Байқау жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.