Мәдениет

Ақкөлді әнмен тербетті

Ақкөлді әнмен тербетті

әнші Талап Байжиеновтің «Анаға тағзым» атты шы

«Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, біздің халық әнге жақын. Оның үстіне «Жігітке жеті өнер де аз» дейтініміз тағы бар. Бұл сөздер бейнебір бала кезінен анасы Тынышкүлдің әлдиімен, әжесі Мәдинаның әсем әнімен бой түзеп, өнерге жақын болып өскен Талап Байжиеновке арнап айтылғандай. Талантымен көпшілікті сүйсінтіп жүрген Талап Әуесбекұлын ақкөлдіктер негізі асаба деп таниды. Оның ара-тұра ән шығаратын қасиетін екінің бірі біле бермейді. Ерте жастан елгезек болып өскен Талап бүгінде Ақкөл ауылындағы Оспанәлі Иманәлиев атындағы Мәдениет үйінде қызмет жасайды. «Әулетімізбен әнге құмармыз. Қанға сіңген өнер деуге болатын шығар. Ал менің өнерімнің өрлеуіне ықпал еткен адам бар болса, ол – Алтынбек Оразбеков. Алтынбек Оразбековтей талантты, дарынды өнер иесінен тәлім алу менің де маңдайыма жазылды», – дейді Талаптың өзі. Жуырда Талап Әуесбекұлының «Анаға тағзым» атты шығармашылық кеші өтті. Кештің ашылу сәтінде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов оған мәдениет саласындағы жемісті еңбегі үшін облыс әкімдігінің мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының атынан Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, бөлім басшысы өнер иесіне шығармашылық табыс тілеп, бағалы сыйлық сыйлады. Ақ тілектер мен ізгі лебіздерін жеткізушілер аз болмады. Олардың бәрі Талаптың өнерге құштар қасиеті, дарыны туралы сөз қозғады. Бұдан соң әдемі әнге кезек келді. Алғашқы болып сахнаға шыққан кеш иесінің қызы Инабат Талапқызы сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал Талаптың өзі анасына арнап шығарған әнін орындап, жиналғандарға әдемі әсер сыйлады. Өзге де әншілердің орындауындағы әсем әндер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Кеш иесінің шәкірттері де өнерлерімен жұртшылықты сүйсінтті. Олар мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқап, көрермендердің көзайымына айналды. Ақын, сазгер Үміт Битенова кештің әсерлі өткенін айтып, ризашылығын білдірді. Осылайша ақкөлдіктер ән қанатында тербеліп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

ғармашылық кеші өтті