Әлеумет

Туған өлке таңғажайыптары

Туған өлке таңғажайыптары

Еліміздің кез келген өңірінің өткеніне көз жіберсек, халқымыздың мәдениетінің дамуы мен қалыптасу тарихына жан-жақты қанығамыз. Бір ғана өзіміздің облысымыздан ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылардың анықтауымен 2000-ға жуық нысан есепке алынғаны соның айғағы. Олардың қатарында: ежелгі тас дәуіріндегі ескерткіштер, үйсін, сақ қорғандары, жартастағы суреттер, ортағасырлық қалашықтар, архитектуралық кешендер тағы басқалардың бар екендігі аян. Дархан даламыздағы әрбір ескерткіштер толық зерттеліп ашылмаса да, тамырын кеңге жайған халықтың ерте кездегі мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеу нәтижесі барысында айғақталған деректер арқылы бағалауға болады. Сондай бірқатар зерттеуші ғалымдардың еңбегіне қысқаша тоқтала кетейік. 1864 жылы суретші М.С.Знаменский Ақыртас қамал құрылысының суреттерін салса, 1867 жылы П.И.Лерх Ақыртаста болып, ол туралы өз пікірін қалдырған. Ал 1893-1894 жылдары В.Бартольд бастаған экспедиция Қазақстанның оңтүстік өңірлерін зерттеуде маңызды рөл атқарды. Соның ішінде Тараздың көне алқаптарын, Ақыртас кешенін, Түймекент пен Құлан қалажұртын (қалажұрт – қала орны) сипаттауға сүбелі үлес қосты. Атқарылған жұмыстардың негізінде біздің дәуірімізге дейінгі V-XIX ғасырлар аралығындағы археологиялық ескерткіштер ашылды. Аталмыш қалалардың топографиясы зерттелді. XI ғасыр моншалары, көне су құбырлары, керамика, шыны коллекциялары жинақталды. Біраз үзілістен кейін, яғни,1961-1968 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы ерте темір ғасырының кезеңін зерттеді. Атап айтқанда: Шөлтөбе мен Қызыл Қайнар сияқты мекенде қазба жұмыстарын жүргізді. 1985-1989 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының К.Байпақов бастаған экспедициялық тобы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағын жинақтау үшін нақты нысандарға, оның ішінде Жетітөбе қорымы, Қостөбе сияқты көне қала орындарында қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл орындар хронологиялық жағынан VI-XII ғасырлар аралығын қамтиды. Осындай жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде мыңдаған жылдар бойы адамзат қолымен жасалған мәдениетті сақтай отырып, жаңа заманғы мәдениеттің іргетасын қалауға мүмкіндіктер ашылды. Тарихи ескерткіштерді зерттеуге Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы үлкен септігін тигізгенін айта кеткен жөн. 2007 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті Қазақстан аумағындағы бірқатар мұраларды енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. 2014 жылы сол ұсынылған нысандардың сегізі Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Олардың қатарында біздің облысымыздан бес бірдей тарихи нысан бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Ақыртас кешені және Қостөбе қалашықтары бүгінде әлемдік мұралардың тізімінен орын алды. Ауданымызға қарасты Қостөбе қалашығы Сарыкемер ауылының шығыс бетінде, Талас өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Ол түрлі түсті балшықтан жасалған, бағалы қышпен өрнектелген қала. Қаланың негізін қалаушылар туралы деректер X ғасыр географы әл-Макдисидің, сондай-ақ Нершахидің «Тарих-и-Бұхарасы» атты еңбектерінде кездеседі. Қостөбе қаласының зиратынан кесектен соғылған ұжымдық жерлеулер де табылған. Ол жерде 20-ға жуық адам денесінің жерленгені және күміс сырғалар, қалқанды сақиналар, моншақты сырғалар, темір білезіктер секілді тағы да басқа заттар бар екендігі анықталды. Байзақ ауданы аумағында ашылған және әлі де зерттеуді қажет ететін 100-ден аса ерте темір дәуірі мен қола дәуіріне жататын обалар мен қорымдар, 20-ға жуық мәдени ескерткіштер, 20-дан аса қала, мекенжұрт және қола дәуіріне жататын петроглифтер тарихи-мәдени мұра нысандары қатарына енгізіліп отыр. Ал Алатау етегінде орналасқан Ақыртас археологиялық кешені де қаншама ғалымдар мен зерттеушілердің қызығушылығын оятқан тұнық, сырға толы алып ескерткіш екендігі ақиқат. Қазақ даласының сонау заманнан бүгінге жеткен жауһарларының бірі десек қателеспейміз. Алдағы уақытта да археологиялық және архитектуралық көптеген белгісіз нысандар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында өлкетанушылардың, ғалымдардың зерттеулерімен ашылатынына, оларды тиімді қорғауға мүмкіндік туатынына сеніміміз мол.

Сәния Мекемтасқызы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Байзақ ауданы.