Саясат

Жат ағымдар жағамыздан алмасын десек

Жат ағымдар жағамыздан алмасын десек

Қазақстанда соңғы он жылдықта қалыптасқан жаңа қоғамдық-саяси ахуалдың көріністеріне назар салсақ, қоғамдағы дін мен діни бірлестіктердің рөлі өзгерді. Яғни дін мен діни бірлестіктердің қоғамдық беделі және қоғамдық өмірдің әртүрлі тұстарына ықпалы айтарлықтай өсіп, мәртебесі кеңейді. Қысқа мерзім ішінде дінге сенушілердің және діни бірлестіктердің саны бірнеше есеге артып, қоғамда олардың қызметінің белсенділігі жоғарылады, қазақстандық қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды бөлігіне айналды, мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың сипаты қалыптасты. Бірақ Кеңес одағы кезіндегі қоршаудан шыққан аңқау халықты әртүрлі дінге тартушылардың көбейіп кеткені рас. Кейбір отбасы мүшелері әртүрлі дінге кіргендіктен, әкесі бір жақта, шешесі бір жақта, балалары бөлек-бөлек кетіп, шаңырағы ортасына түскендер де аз емес. Арамызда жат пиғылды секталарға кіріп кеткен қаракөз қазақтарымыз да бар. Олар өздерінің адасқандарын бірден ұғына алмайды. Әсіресе, тағдырлары бұзылып, қиын жағдайға түскен немесе жұмыстан шығып қалып, отбасынан қайыр көрмей, азап шегіп жүрген жандарға ізгілік көрсеткен болып, өз іштеріне тартатын секталар да елімізде кең жайылғаны жасырын емес. Басын әбден улаған соң, секталар оның да, ағайын-туыстарының да дүние-мүлкін өзіне аударып алған. Тіпті сондай жағдайға түсіп жатса да, басы шырмалған адам өзінің жем болып жатқанын түсінбейді. Ағайындарының айтқан ақылы да оның уланған санасына кірмейді. Бірлігімізге сызат түссе, мемлекеттің болашағына да қауіп төнетіні сөзсіз. Кейбір діншілдердің кесірінен халықтың Отанға деген патриоттық сезімі солғын тартып жатқаны да өтірік емес. Жастардың жұмысқа бейімділігін жоғалтып, жаңа ғана нарық экономикасының қыр-сырын түсініп, еңбегінің нәтижесін көретініне көзі жетіп келе жатқанда, теріс пиғылға уағыздау – алға бастырмайтын іс. Әр адам өмірде атқан таңға, шыққан күннің нұрына шаттанып, отбасының әрбір мүшесінің аман-есендігіне шүкіршілік етіп, балаларының күлкісін естігеніне қуанып, ісінің алға басқанына, халықтың да тамағы тоқ, жұмысы жүріп жатқанына, мемлекеттің әлем елдері абыройы асқақтағанына тәубе айтуы қажет. Менің ойымша, өркениетті қоғамда дінді ұстанған адам таза жүріп, мемлекетке адал қызмет етіп, білім мен ғылымның жетістіктерін пайдаланып, мәдениетті, салауатты өмір салтын ұстанып, елге үлгі көрсетіп, адамзаттың алға басуына өзі де ықпал ете білуі қажет. Мемлекетіміз демократияны, бостандықты, еркіндікті алдыңғы орындардың біріне қояды. Алайда, бұл бәріне еркіндік беріп, «не істесең де болады» деген сөз емес. Мемлекет болашақта үлкен дауылды қатерлерге, ішкі қақтығыстарға, тіпті бір ұлттың өзі бөлініп-жарылып бір-бірімен соғысуға алып келетін қасіреттерді болдырмау үшін алдын ала тәртіп орнатуы қажет. Сондықтан діни ұйымдарды мемлекет қатаң бақылауда ұстауы керек. Қабылданған заң осы мақсатқа қызмет ететін болады.

Сәуле Байбатшаева, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының бөлім басшысы.