Әлеумет

Барлық жол Римге апарады

Барлық жол Римге апарады

Рим бізді «жылап» қарсы алды. Пойыз вокзалға келіп тоқтағанда жаңбыр себелеп тұрды. Жауыннан жан-жаққа қарауға ынта болған жоқ. Ә, дегенде байқағанымыз – қала жап-жасыл, үйлердің сәулеті ерекше. Ғимараттар бір-біріне ұқсамайды, әрқайсына тән өзіндік стилі бар. Бір сәтке римдіктердің салтанатқа, өктемдікке ұмтылатындығын көрсететіндей.

Абай Отар.

Түннен бері нәр татпағандықтан, қарнымыз шұрқырап қоя берді. Алдын ала келісілген үйге жеткенше бір дәмханаға кіріп іштегі «жыланның» бетін қайтардық. Венециядағыдай емес Апенин түбегінің елордасынан асхана табу оңайға түсті. Біз тоқтаған үйдің иесі Серхио қарапайым, ақкөңіл адам екен. Төрт бөлмелі даңғарадай пәтерді көрсетіп, бізге керектің бәрін тауып берді. Англиядағы тар, кішкентай үйлерге бейімделіп кеткен бізге Серхионың жалға берген пәтері хан сарайындай көрінді. Оның үстіне, Венецияда далада түнегеніміз кез келген баспананы «ақ ордадай» көруіміз үшін жеткілікті еді. «Жеті белесте орналасқан шаһарды» аралауға екі-ақ күн бөлгенбіз. Сондықтан шелектеп құйған жаңбырға қарамастан әрі уақытты босқа жібермес үшін «Базилика Сан-Джованни ин Латерано» шіркеуіне тартып кеттік. «Сан-Джованни» – католиктердің ерекше қасиет тұтатын орны әрі ең көнесі. Шіркеуге кіргенде мінәжат үстінен түстік. Мұнда да біз секілді туристер толып жүр. Ғимарат өте биік етіп салынған. Төбесі қанық түстермен боялған суретке толы. Орталық залының екі шетінде дінбасылардың ескерткіштері орнатылған. Моноподымды шошаңдатып, мінәжат сәтін жақыннан түсірмекке алға шығып кетіппін. Сөйтсек, ортадағы белгіден өткеннен кейін суретке түсіруге тыйым салынған екен. Шіркеудің бұрыш-бұрышында киноларда көретін «күнә кешіру» күркелері тұр. Бастапқыда бос тұрған шығар деп біреуінің ішінде суретке түспекке бекіндік. Алайда, ішінде отырған попты көргеннен кейін ол ойымыздан айнуға тура келді. Кенет шіркеу ішін белгісіз бір иіс жайлады. Сірә, эпископтар құдайға арнап жоралғы жасап жатса керек. Маған бұл жағымсыз әсер қалдырғаны соншалық, күні бойы мұрныма сол иіс келіп, тітіркеніп жүрдім. Шіркеуден қас қарая шығып, жауын мен жел бет қаратпай тұрғандықтан, үйге қайтып кеттік. Италия астанасындағы екінші күніміз атақты Колизейді көрумен басталды. Көне жәдігердің айналасы құжынаған халық. Біз амфитеатрға келіп жете сала алдымыздан шыққан гладиатор секілді киінген италияндық суретке түсуге ұсыныс жасады. Ойымызда ештеңе жоқ, біз тұра қалғанбыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, «гладиатормен» суретке түсудің құны – 2 еуро. Мұндайын білгенде әлгі италияндықтың жанынан екі метр қашықтан айналып өтер едік. Енді бір тұста ішке кіру үшін ұзын-сонар кезек күтетінімізді, өздерінің гидтік қызметін пайдалансақ ешқандай кедергіге кезікпейтінімізді айтып, қызықтыруға тырысқандар кезікті. Біз олардың көмегіне жүгінбей-ақ бес минутта Колизейдің ішіне ендік. Аумағы ат шаптырым болатын театр әлі күнге айбынын жоғалтпаған. Сыртқы қабырғасының жартысы құлағанымен, ішкі дуалдары дін-аман. Ортадағы аренаның асты жертөле болған сыңайлы. Алаңның ширегі ғана сақталған. Бұл амфитеатр талай тарихқа куә болғаны анық. Гладиаторлар шайқасын өткізіп, Рим империясы патшаларының аяғы тиген тұс. Колизейдің ішінде жүргенде антик дәуіріне барып келгендей әсер аласың. Мәселен, айнала қиқулаған көрерменге толы, ортада жан-жағына абыржи қараған жауынгер. Кенет арыстандай ақырған алып гладиатор оған қарай шабуылдады. Не өмір, не өлім... Дуалдары мүжіліп, кей тұсы құлаған, қаңқасы өткен шақтан хабар беріп, айбынды арена болғанын сездіретін, кезінде талай баһадүрдің қаны төгілген, бүгінде туристердің көп келетін сүйікті орнына айналған Колизейдің қақ ортасында тұрғанда әлгіндей кадрлар көз алдымда бұлдырады. Көне дәуір мен жаңа ғасырдың арасын байланыстыратын көпір іспетті бұл жәдігер. Амфитеатрдың кереметіне көз тоймай тұрғанда бүгінгі күнмен байланысты тағы бір ой келді. Милләди жыл санауы басталған уақытта адамдар ешқандай дамыған технологиясыз-ақ осындай орасан тарихи жәдігер салды. Бүгінгімен салыстырып көргенде қызығасың, қызғанасың һәм күйінесің. Колизей бірнеше белестің ортасында орналасқан. Айналасы антикалық жәдігерлерге толы. Батыс жағында Роман Форумы созылып жатыр. Форум өз уақытында империяның жүрегі іспетті қызмет атқарған. Патшаның бұйрығы, сот шешімдері, жазалау шаралары, жеңімпаздарды марапаттау бәрі-бәрі осында өткен. Бәлкім, әне бір тұста Юлий Цезар сый-сияпаттар қабылдауы мүмкін. Рим империясының даңқты қолбасшысы Марк Фурий Галльдарға шабуылдайтын кезде айтқан әйгілі «Nōn aurō, sed ferrō, recuperanda est patria» (Атажұрт алтынмен емес, темірмен қорғалады) сөзін осында жар салған шығар, сірә?! Тарихи жәдігерлерді аралап жүріп сол дәуірге барып келгендей, солармен бірге тыныс алғандай күй кешесің. Көне ескерткіштері бүгінге дейін жеткен, түп-тамыры тарихымен етене байланысқан римдіктер қандай бақытты еді?! Халықтың салтанатқа, айбарлы ғимаратқа қызығуы, айбынын асқақтатар ерекшелікке құмарлығы әлемді билеуге талпынған Рим империясымен тікелей байланысты тәрізді. Бұл жақта қалта тонайтындар өте көп екенін интернеттен оқып білгенбіз. Метрода, қалада кездескен ресми қызметкерлер де бізге абайлауымызды ескертті. Италия астанасында орын тепкен әлемдегі ең кішкентай ел Ватиканның мемлекет деген аты ғана, әйтпесе, аумағы орташа ауылдан да кішкентай. Біз ат басын осынау ергежейлі мемлекетке бұрдық. Ватиканның айналасы 5-6 метрлік үлкен дуалмен қоршалған. Бұл жақта да гидтің көмегіне жүгінбесек, мұражайға кіру үшін екі сағат кезек күтетінімізді айтқан италиялықтарды кездестірдік. Алайда, ешқандай кедергісіз-ақ лезде ішке кірдік. Алғашқы бөлмелердің бірінде ұзыннан-ұзақ ескерткіштер қойылған. Көбі жалаңаш ер адамның мүсіндері. Кейбірінде бас пен кеуде ғана бейнеленген. Бір байқағаным – антик дәуірінің өкілдері қабырғаға және үйдің төбесіне сурет салуға құмар. Көбінде кішкентай сәбиді анасынан тартып алған немесе өлтіріп жатқан сәттер бейнеленген. Оған қоса, Иса пайғамбардың суреті өте көп. Қабырғалардың бірінде әскерін артына ерткен көшбасшының картинасы салыныпты. Мұражайдың ішінде суреттің көптігі соншалық, жартысына жетпей шаршатып жіберді. Рим папасын сайлайтын Сикстин капелласына жеткенше біраз уақыт кетті. Дуалдағы бейнелерді түсіну үшін христиан дінінен біраз хабардар болу керек шығар. Алайда, сәл көргеннен кейін-ақ суреттердің қызығы кетіп қалды. Сикстин капелласында суретке түсуге тыйым салынған. Мұнда көп тұрақтай алмайсың. Артыңнан келген лек амалсыз шығар есікке қарай ығыстырады. Өкінішке қарай, мұражайды аралап жүргенде Ватикан бағы жабылып қалыпты. Бақты сыртын ғана тамашаладық. Күннің қалған бөлігін Испан баспалдақтарын, Треви фонтанын және Пантеонді көруге арнадық. Испан баспалдақтарын көруге баратын халықтың санында шек жоқ. Кейбірі суретке түсіп жатса, енді бірі баспалдақтың орта тұсында әлденіп отыр. Біз барғанда Треви фонтанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Қарашаға дейін субұрқақ жабық, ашылмайды. Әйтсе де, мұнда да туристер өте көп. Одан әрі сапарымыз Пантеонды көрумен жалғасты. Әбден шаршап, жаяу жүргеннен аяғымыз ауырып, оның үстіне күн ұясына батып кеткендіктен, ол жақта ұзақ аялдамай үйге қарай қайттық. Шай ішіп, ес жинап алғаннан кейін түнгі қаланы көру үшін қайта шықтық. Күндіз Ватиканның негізгі қақпа жағына бармаған едік. Түнделетіп сонда тартып кеттік. Бір қызығы, түнде Рим көшелерінде жарық өте аз. Әсіресе, Ватиканның тұсында жоқтың қасы. Күндіз құжынап жатқан мемлекет түнге таман меңіреу тыныштыққа айналады. Әйгілі суретші Микеланджелоның ізі қалған католик әлемінің қасиетті мекенін қимай-қимай кейін қайттық. Миллиондаған туриске қызмет көрсететін қаланың қоғамдық көлігін Лондондағы қоғамдық көлікпен салыстырғанда әлдеқайда кейінде қалып қойған. Рим метросында небәрі 3-ақ желі бар. Вагондары ескі. Ақы төлеу жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Мәселен, бір адамдық билетпен бірнеше адам өтіп кете алады. Ал автобустарда тіпті тегін жүруге мүмкіндік бар. Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Әрине, қала тұрғындары билет сатып алып, оны арнайы құрылғыға енгізеді ғой. Әйтсе де, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретіндер үшін Римде жақсы мүмкіндік бар. Түнгі Римді әбден аралаған біз үйге кештеу келдік. Ертеңіне Леонардо да Винчи аэропортынан Ниццаға қарай ұшатын ұшаққа отырып, Францияға ұштық. Алда-жалда енді қайда қыдырғың келеді десе, ойланбастан «Рим!» деп жауап беретін едім. Тарихқа, антик дәуірге қызығатын болсаңыз, «жеті белесте орналасқан шаһарға» баруды арманым деп біліңіз.

(Жалғасы бар).

Тараз – Лондон – Рим – Тараз.