Батылхан аға
Батылхан аға
Нағашы жеңгемнің туылған күні демалыс күнімен тұспа-тұс келді. Әйелім екеуміз ертерек баруды ұйғардық. Себебі әдеттегідей кешкісін барсаң, ұзақ отырып қаларың даусыз. Алда жұмыс аптасы күтіп тұр. Бір демалыс күні істейтін жеке басыңның тірлігі шаш-етектен. Осының бәрін ескере отырып жеңгемнің үйіне таңертеңмен кіріп келдік. Жеңгеміз қуанышты көңілмен дереу шәйнегін отқа қойды. Шай қайнағанша әңгіменің шеті де тарқатыла берді. Біз отырған кең қонақ бөлмеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Сондықтан болар бірден көзге қабырғадағы нағашымның үлкен портреті түсті. Майлы бояумен жазылған портрет ауыр мықты рамкаға салынған. Жақсы жасалған портреттен Батылхан ағаның бет-әлпетін фотосуреттегідей анық тура аңғаруға болады. Өмірде ол кісі арықша келген, жинақы, үнемі жымиып жүретін. Оның күлімсіреген көздері бір сиқырлы әсер беретін. Аласа бойлы, жайдары, жұмсақ мінезді еді. Мені Аскарчик деп атаудан жаңылмайтын, ал әйелімді әзілдеп заңгер келін дейтін. Жеңгеміз болса денелі, жұбайынан жиырма жастай кіші еді. Тағдырдың жазғаны шығар, нағашым бірінші әйелі дүние салған соң осы кісіге үйленіпті. Жеңгей нағашымның портретіне қарап отырып, менің әйеліме былай деді: – Сен күйеуіңді сақта. Біз Бәкеңмен кітап оқымаппыз, бір-бірімізге махаббат туралы айтпаппыз, бірақ жеті баланы асырап-өсіріп, ың-шыңсыз өмір сүрдік. Қандай жақсы адам еді! Мені үнемі еркелететін, балаларға сая болатын. Қаншама жыл онсыз өмір сүріп жатырмыз, бірақ бірде-бір күніміз оны еске алмай өткен жоқ. Балалар өсіп, жан-жаққа кетті, ал ол қасымда жоқ. Осылай... Сондықтан күйеуіңді қорғап жүр. Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағар! Мен жеңгемді қоштай кетіп: – Иә, нағашым өз балаларына ғана емес, жиендеріне де пана болатын. Жеңгей күрсініп: – Туыстар тұрмақ бөтен адамдар туралы да ойлаушы еді ғой. Мен сендерге оның соғыс кезінде қартаң мажар әйелін аштан арашалап қалғаны туралы айтып па едім? Соғыста Батылхан ағаларың атты әскер қатарында болған. Күндердің күнінде олардың әскери бөлімі Венгрия жерінде бір ауылға тоқтапты. Әскер ауылды түгел аралап өткен, бірақ ауыл шетіндегі ескі үйшікте отырған қалжыраған қартаң әйелден басқа ешкімді таппаған. Ол кісі әрең жүретін, көзі нашар көретін, құлағы саңырау екен. Ауыл тұрғындары қайда кеткені туралы ештеңе түсіндіре алмаған. Командир қартаң әйелге қолын бір сілтеп, әскерге осы ауылдың ортасындағы бос қалған жақсы үйлерге орналасуға бұйрық береді. Батылхан кемпірге аяушылықпен қарап, елде қалған анасын еске алған. Кешкісін Батылхан азық-түлік жинап, қарияға апарады. Кемпір «ештеңе керегі жоқ» дегендей ишарат білдіреді, бірақ ол кісінің ұзақ уақыт аш болғаны көрініп-ақ тұр еді. Бәкең қолындағысын үстелдің үстіне қойып, құдықтан су алып береді. Келесі күні кешкісін тағы тамақ алып келеді. Жолдастары бұл туралы біліп қойып, кемпірге жабыла азық-түлік жинайды. Осылайша үш ай өтеді. Бір күні Батылханды командир шақырып алып: «Соңғы рет барып мадьяркаңмен көрісіп, қоштасып қайт, ертең шабуылға шығамыз», – дейді. Бәкең өткен уақыт аралығында қарияға бауыр басып, туысындай болып қалған. Соңғы рет бір қап азық-түлік жинап, кемпірге алып келеді. Мүмкіндігінше түсіндіреді – өз-өзін саусағымен шұқып, содан соң мініп келген атына көрсетіп, қаруын ойнатып, яғни соғысуға аттанып барамын дегенді жеткізуге тырысады. Кемпір өз тілінде бірдеңелерді айтып, Батылханның қолын сүйеді де кенеттен оны шоқындыра бастайды. Бәке оған: «Қой, қария, мен мұсылманмын, маған болмайды», – деп, далаға жүгіріп шығып, атына мініп, жолдастарына қарай шаба жөнеледі. Шамалы жерге ұзаған соң, артына қарайды: кемпір босағасында тұрып, әлі де бұны соңынан шоқындырып жатыр екен. Қай Құдай сақтағанын білмеймін, бірақ сол шабуылда екі жүз адамнан үшеуі ғана тірі қалған екен. Бәкең айтушы еді: «Мені мажар қария құтқарып қалды», – деп. ...Алыс Мажарстанда белгісіз қария ана мәңгілікке сапар шекті. Тектұрмас бейітінде Батылхан аға жерленді. Аяусыз уақыт екеуін де бір жер қойнауына тапсырды. Олардан не қалды?.. Тек естелік. Қиын заманда адами қасиеттерін жоғалтпаған адамдар туралы естелік. Біз де арамызда жүрген аға буын, қариялар туралы ойланып көрейікші: туған-туыс, көршілер, әріптестер туралы. Мүмкін солардың біреуіне біздің көмегіміз керек болар немесе жай ғана көңіл бөлу қажет шығар?! Бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Мейірімдірек болайық. Асқар Қошмамбетов. Орыс тілінен аударған Раушан Әбдірахманова. Тараз қаласы.