Саясат

Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл

Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл

үш тілде оқытуға кезең-кезеңмен көшу – дұрыс шешім

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жаңа кезеңге қадам басқан еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл жолы да Жолдау жаңалықтарға толы болды. Бас құжаттағы басымдықтар Үшінші жаңғырту кезеңінде қандай бағыт-бағдарды ұстанатынымызды нақты көрсетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл жаңғырту – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа апарар сенімді көпір іспетті. Оны «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарын жүзеге асырудың тетігі десек те болады. Қазір ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заман. Цифрлы технология тұрмысымызға дендеп енуде. Кез-келген салада автоматты түрде басқарылатын қондырғы бар. Бірнеше маман атқаратын жұмысты бір өзі жасайтын құрылғылар бірте-бірте жұмысшы күшін қысқартуда. Білім саласында да электронды технологиялар кең қолданысқа ие. «Электронды журнал», «электронды күнделік» деген ұғымдар пайда болды. Бұл өз кезегінде саладағы кенжелеп қалған жүйені толықтай өзгертуге итермелеп отыр. Оқытуға жаңашылдық қажет. Бірақ ескі үдерісті бірден тоқтатып тастауға болмайды. Ғылымға терең бойлап, технологияны жетік меңгеру үшін үш тілде білім беруге кезең-кезеңмен көшуіміз керек. Жаңа жүйе бойынша жұмыс жүргізу үшін оған дайын болуымыз қажет. Кезең-кезеңге бөлудің мәні осында. Президенттің Жолдауда: «Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды», – деп атап көрсетуі де сондықтан. Үш тілде оқытуға көшуге алдымен мектептер дайын болуы керек. Бұл ретте көпшілікте «ауыл мектебінің техникалық жарақтандырылуы қаладағыдай ма, мұғалімдердің біліктілігі деңгейлес пе?» деген сұрақ туындайтыны анық. Осының барлығын жан-жақты саралай келе, жаңа жүйеге кезең-кезеңмен көшу туралы ұсыныстың орынды екенін айтуымыз қажет. Себебі, жаңа үдеріске бірден үйренісіп кету мүмкін емес. Жолдауда жоғары оқу орындарында кадрлық іріктеуге, білім беру бағдарламаларына бақылау күшейтілетіндігі баса айтылған. Жоғары оқу орнында жұмыс істейтін маман болғандықтан, бұл талап маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің оқу ордамыздың өзіндік дәстүрі мен тарихы қалыптасқан. Ғылым мен білім беру ісінде өзіндік орны бар. Жолдауда көрсетілген маңызды мақсатқа білікті маман даярлап, сапалы білім беріп, өз үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз.

Зәуре Сағыбай, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент.