Саясат

Тәуелсіздік тұғыры - тұрақтылық пен келісім

Тәуелсіздік тұғыры - тұрақтылық пен келісім

Аслан Давыдов, Қазақстан күрдтері «Барбонг» қауымдастығының Бірлік ауылдық филиалының төрағасы.

Қазақстан халқы Ассамблея-сының ХХV сессиясы 26 сәуір күні Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен өтетіні белгілі. Қазақстандықтар бұл басқосудан көп нәрсе күтеді. Себебі еліміз мемлекетімізді дамыту үшін үлкен бетбұрыс жасауға бел буып отыр. Үшінші жаңғырту кезеңін жаңа саяси реформадан бастамақ. Мемлекет басшысының тұрақтылық, бірлік, келісімді алқалы жиынның күн тәртібіне бекерге шығармайтыны түсінікті. Себебі бұл құндылықтар біздің болашаққа бағытталған айқын бағдарымыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында қазақстандықтар ширек ғасырлық белесті бағындырып, әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Достықты ту етіп, Мәңгілік Елге айналуға ұмтылуда. Еліміздегі ішкі тұрақтылықтың беки түсуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпал етті десек, артық айтқандық емес. Барша қазақстандықтарды этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға үндеген ұйым осы арқылы мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосты. Ассамблея өз қызметін бастағаннан бері баға жетпес осы құндылықтың құнын төмендетпеді. Оның парқын біліп, жұртты соны қадірлеуге шақыра білді. Жалпы, бүгінде қазақстандық бірегей құрылымның этносаралық татулық пен келісімді жарастырудағы тәжірибесі әлем елдерін де қызықтыруда. Оны жан-жақты зерттеп жатқандар да бар. Қазақстан халқы Ассамблея-сының ХХІV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі – елді ортақ мақсатқа ұйыстыратын құжат. Себебі баршамызға ортақ арман қоғамды біріктіре түседі. Біз қуатты мемлекетке айналғанда ғана жаңа жаңғыртуларды жүзеге асыра аламыз. Баршамыз бір мүдде төңірегінде топтасқанда ғана табысқа қол жеткіземіз. Жетістікке жетудің жолы – ішкі тұрақтылық пен тәртіп. Ол үшін Елбасымыз айтқандай мемлекеттегі тәртіпті сақтап, заң талаптарын орындау арқылы біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала Елін құрдық. Экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық өлшемдерін алып, қазақстандық жаңа модель құруға ұмтылудамыз. Біз «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру арқылы дамыған 30 елдің қатарына енеміз. Бұл – еліміздің алға қойған ұлы мақсаттарының бірі. Сол үшін Елбасымыз тұрақтылық, бірлік пен келісімді одан әрі нығайтып, жаңғырудың негізіндегі ілкімді істерді әрмен қарай жалғастыруды, жандандыруды тапсырып отыр. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыратын болады. Бұл жиында еліміздегі тұрақтылықты сақтау мен мемлекетіміздің алдағы даму бағдары айқындалатынына сенімдімін. Ассамблея қызметінің арқасында еліміз өркениет көшіне қосылып, жарқын болашаққа бет бұрды. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісін қалыптастырды. Қазақстан келісім мен өзара түсіністіктің үлгісін орнатты. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінге дейін 24 сессия өткізіп, қоғамға аса қажетті мәселелер мен мемлекет дамуының негізгі бағыттарын талқылады. Жоспар құрып, жүйелі істерді атқарды. Ішкі тұрақтылығымызға негіз болып отырған ұйымның басты жиыны Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтуінің өзінде үлкен мән бар. Елбасы тапсырмасымен бой көтерген әлемдегі қайталанбас бірегей сәулетте салынған сарайда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді. Онда бейбітшілікті сақтау мәселелері талқыланып, шешімдер қабылданады. Сондықтан ол шын мәнісінде өз атауына сай қызмет атқарып отыр деуге болады. Татулық пен бірлікті сақтау бағытында біздің ауданда да түрлі іс-шаралар көптеп өткізіліп тұрады. Бүгінде облысымызда 12971 күрд мекен етсе, соның 373-і біздің ауданда. Күрдтердің «Барбонг» қауымдастығы ауданда 2014 жылы наурыз айында құрылды. Аталған қауымдастықтың төрағасы ретінде қоғамдық шараларға үнемі атсалысып жүремін. Қауымдастық мүшелері ауданның саяси-мәдени, қоғамдық спорттық іс-шараларына қатысады. Мәселен, өткен айда аудандық Мәдениет үйінде «Мәңгілік ел – Мәңгілік тіл» тақырыбында өткен тіл мерекесіне қатысып, Құрмет грамотасымен марапатталдық. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Мерейлі отбасы» байқауына отбасыммен қатысып, «Спорттық отбасы» жүлдесін жеңіп алдық. Үлкен қызым Телли ауылындағы «Ақбөпе» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол да түрлі шараларға белсенді қатысып тұрады. «Тәрбиешілер көшбасшысы» байқауына қатысқаны үшін және «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауында 1-орынды иеленіп, ауыл әкімінің, аудандық білім бөлімінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. «Отан – отбасыдан басталады» демекші, біз отбасымызбен бірге Тәуелсіз Қазақстанға ерекше құрметпен қарап, аянбай адал еңбек етіп келеміз. Біздің еліміз Елбасымыз көрсеткен дамудың даңғыл жолына түсіп, алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылуда. Ендеше сол жолда татулық пен тұрақтылықты ту етіп биік шыңдарға бірге жетуіміз керек. Ол үшін Қазақстанда мекендейтін әр ұлттың өкілі Отанға деген құрметін, ақ адал еңбегі арқылы көрсетуі тиіс. Мемлекетімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалуда. Біз де ел үшін аянбай қызмет етуге тиіспіз.

Мойынқұм ауданы.