Саясат

Ертеңгі күнге деген сенім күшейді

Ертеңгі күнге деген сенім күшейді

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, «Мыңарал тас компани» ЖШС-ның бас директоры.

Жас мемлекетіміз жылдан-жылға қарқынды дамып қана қоймай, маңызды тарихи, саяси оқиғаларды да бастан өткеруде. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттерден де айқын сезінуге болады. Жолдаудың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзі аз жылда мемлекетіміздің қарқынды дамығандығын, ел экономикасы түзеліп, әлеуметтік әлеуетіміздің жақсарғандығын аңғартады. Егемендікті еншілегелі бергі аз жыл ішінде мемлекетіміздің аты әлемге танылды. Бұл – Мемлекет басшысының дұрыс саясат жүргізіп отырғандығының жарқын дәлелі. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, қай сала болмасын тәуелсіздік жылдарында еліміздің даму қарқыны еш бәсеңдемегенін байқауға болады. Тәуелсіздік таңы атқалы бері жер-жерде ашылған өндіріс орындары мен кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп, ел-жұртты мол табысқа кенелтті. Ертеңгі күнге деген сенім күшейді. Жолдауда айтылған индустрияландыру үдерісін одан әрмен қарай дамыта түсу қажет, бұл да айқындалған дұрыс саяси бағыт. Біз жаңа кәсіпорындар мен ірі өндіріс орындарын көптеп ашып, қалыптастырып, дамыту арқылы жарқын болашағымызды да жақындата түсеміз. Киелі Әулиеата өңірі орасан зор байлықты қойнауына сыйғызып жатыр. Облысымыздың 42 пайыздық бөлігіне ие Мойынқұмның маң даласында бүгінгі таңда алтын, күміс, гранит, барит, көмір, қорғасын, цемент және тұз өндірілетіні баршаға мәлім. Өңірде жаңа индустриялық жобалар іске асырылып, көптеген кәсіпорындар өз жұмыстарын қыздыра түсуде. Қазақ хандығы құрылған тарихи жердің мол байлығын мемлекет дамуына тиімді пайдаланып, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында бүгінгі таңда еліміз де, жеріміз де көркейіп, гүлдену үстінде. Мемлекет қолдауымен жер қойнауынан өндірілетін қазба байлықтарды өзімізде өңдеп, дайын өнім шығару жолын бұрын білмеуші едік. Елбасы бастамаларының арқасында бұл істі де үйреніп, меңгердік. Бастаған істі сәтімен үйлестіру арқылы өндірісіміз де, еліміз де өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасының биылғы Жолдауында айтылған бес басымдықтан да елдің күтері көп деп ойлаймын. Жолдау бізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуге үндеуде. Мен осынау Үшінші жаңғыртуды толық қолдаймын. «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет», – деп Елбасы атап өткендей, бүкіл әлем жаңару үстінде, біз де соған қарай бейімделуіміз керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретіні анық. Өзім басшылық етіп отырған Мыңарал цемент зауыты да тәуелсіздігіміздің жемісі екенін мен жиі айтамын. «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС – бұл алғашқы Қазақстан-француз бірлескен еліміздегі ірі цемент зауыты. Мұндай зауыт бұрын-соңды қазақ жерінде болған емес. Бұл тұрғыда Елбасы: «Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн. Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын», деп атап көрсеткені белгілі. Бұл біздің болашаққа деген сенімімізді үстейді, алға ұмтылдырады. Бұл – елімізде инвестициялық бағдарламалар аясында заманауи, еуропалық сапаға сай келетін өнім өндіретін өндіріс ошақтары алдағы уақытта да көптеп ашылады деген сөз. Сапасы жоғары өнімнің әркезде де жоғары сұранысқа ие болатынын біз де түсіне бастадық. Мыңарал цемент зауыты бұрындары тек шикізат дайындаумен ғана шектеліп келді. Ендігі жерде жерасты қазба байлығымызды – алтынды да, күмісті де, басқасын да өз жерімізде өндіріп, өңдеп, экспорттауға өзіміздің де әлеуетіміз бен мүмкіндігіміз әбден жетеді. Бізде өндірілген цемент сапасы қазақстандық және еуропалық сапа стандарттарына әбден сай келеді. Өндіріс орны қоршаған ортаны қорғау бойынша алдыңғы қатарлы технологиялармен жарақтандырылған. Зауыт экологиялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік нормалар мен талаптарға толықтай жауап береді. Біз бұл бағытта тынымсыз еңбек етудеміз. Биылғы Жолдауда ұсынылған бес басым бағыт мықтап қолға алынып, жүйелі жүзеге асырылатын болса, онда жас мемлекетіміздің енді аз уақыт ішінде-ақ әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз. Сондықтан Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы біздің ұжымымыз еңбеккерлерін де жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп, еңбегімізге ерекше серпін беруде деп толық сеніммен айта аламыз. Мойынқұм ауданы.