Әлеумет

Қойың қоздап егізден, ешкің тусын сегізден

Қойың қоздап егізден, ешкің тусын сегізден

_DSC6020Аудандағы Мойынқұм, Көделі, Шайхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл мал жайылымы телімдері мен ауылдарды қоса есептегенде, бас-аяғы 248 қора-жайдан төрт түлік мал өріске өреді екен. Ал бұйратты құм шоқыларымен, сексеуіл, жүзген, қоянсүйек, теріскен секілді сүйекті өсімдіктерімен менмұндалап тұратын Мойынқұмдағы алыс мал жайылымы телімдерінде орналасқан алпыстан астам қора-жайлардан күнделікті 49428 қой-ешкі, 3249 жылқы, 2818 мүйізді ірі қара өріске шығарылады. Құм өңірі – малшылар үшін қашанда құтты мекен. Жылдың қай мезгілінде болмасын мұндағы мал шетінен қоңды болады. Қысқы жайылымдықтың оты қалың әрі мал қосымша азықтандырылады. Бүгінде мұнда мал төлдету науқаны қыза түскен. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев құм өңіріндегі малшылардың еңбек тынысымен танысты. – Облыс әкімі мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөліп отыр. Оның ішінде пионерліктердің ісіне де риза. Шынында да қай базға барсаң да қора-қопсысы бүтін, жылы әрі таза. Облыс бойынша 2,5 миллионға жуық уақ мал бар. Соның ішінде 60-70 мыңы меринос тұқымдас. Жасыратыны жоқ, қой басын кеңестік кезеңдегі мөлшерге жеткізе алмай келеміз. Бірақ жылқы, мүйізді ірі қара саны сол кездегі деңгейге жетті. Енді екі-үш жылда қой-ешкіні де бағзы көлеміне жеткіземіз деген үмітіміз бар. Сол үшін де Үкімет тарапынан малшылар қауымына үлкен қолдау, көмек көрсету мақсатында мал басын көбейтуге арналған бағдарламамен субсидия беріледі, бұл, әрине, облыс әкімінің назарында, – деді «Пионер» өндірістік кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысу барысында Абдалы Тоқбергенұлы. Мал басын көбейтудегі пионерліктердің еңбегі ересен. Бүгінде олар төскейді төлге толтыруда. Шаруашылық иелігінде 3 мыңдай оңтүстікқазақстандық асыл тұқымды меринос қойы бар. Оның екі мыңы – саулық. Олар биыл төлдетілу үстінде. – Бұл іс наурыз айының 25-нен басталды. Бүгінгі күнге дейін малдың жартысынан астамы төлдеді. Осынау жауапты науқанға үлкен әзірлікпен келудің арқасында туар мал да, төл де дін-аман. Жемшөп қоры жеткілікті. Әр отарда төрт сақпаншыдан бар. Бәрі де малсақ, – деді «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов. Шаруашылық жетекшісі әр бас саулықтың соңынан биыл бір-бір қошақан еретініне сенімді екенін де жеткізді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.