Мәдениет

Дархан ақын топ ішінен қара үзіп шықты

Дархан ақын топ ішінен қара үзіп шықты

өңірімізде өткен республикалық ақындар айтысында жас ақын Дархан Әбдіманап бас жүлдеге ие болды

Өткен сенбіде орталық Баласағұн концерт залында «Туған жер – тал бесігім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткен айтыста «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Өңірімізден және еліміздің әр түкпірінен келген жиырма ақын он жұпқа бөлініп, өзара жыр сайысына шықты. Айтысты ашқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев оның мақсаты мен маңызына, тәрбиесі мен тағылымына тоқталды.

IMG_9423 IMG_9214 IMG_9124 IMG_8905 IMG_8878 IMG_8830 IMG_8822 IMG_8818– Қадірлі ағайын, бүгін біз киелі Әулиеата жерінде төл өнеріміз саналатын айтыс аламанына жиналып отырмыз. Тарихы терең Тараз топырағында шашасына шаң жұқтырмаған талай жыр дүлдүлдері, ақтаңгер айтыскер ақындар шыққаны баршаңызға мәлім. Қасиетті Қаратаудың бойында осыған дейін ел аузында қалған көптеген тарихи айтыстардың болғанына аға буын өкілдері куә. Бүгін тағы да рухани шараның куәсі боламыз деп үміттенеміз. «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында ұлттық құндылықтар мен төл мәдениетіміздің дамуына аса мән берілген. Осы орайда партия еліміздің әр өңірінде талай-талай республикалық, халықаралық айтыстар өткізуге мұрындық болып келе жатыр. Бүгінгі сөз барымтасы да соның бір айғағы, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы ақындарға сәттілік тіледі.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан бастаған қазылар алқасының құрамында белгілі ақындар Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова, жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Кәсемәлі Сәттібайұлы болды. Олар ақындардың тапқырлығына, шеберлігіне, өткір ойларына, жұрт көңілін серпілткен әдемі әзіл-қалжыңдарына, сахна мәдениетіне, елдің жетістігі мен тақырыпты ашу қабілетіне баға берді. Алғашқы боп сахнаға жамбылдық ақындар Қанат Мырзахан мен Бақытбек Жұмабеков көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Қанат ақын Бақытбек ағасының мақамын, өлең ырғағын, домбыра тартысындағы кемшілігін әзілге қосып қағытқанымен, қарсыласынан ұтымды жауап бола қоймады. Ал өз кезегінде тосылып қала берген Бақытбектің айтысы да, сөз саптауы да Қанаттан әлсіздеу болғанын көрермен де, қазылар алқасы да парықтай білді. Нәтижесінде бұл жұптың жеңімпазы Қанат Мырзахан болып табылды. Бұдан кейін көрермендер жерлестеріміз Дидар Аппасов пен Дидар Басығараевтың айтысын тамашалады. Қос Дидардың есімдері де әдемі әзілге арқау болды. Сондай-ақ, Дидар Басықараев өзінің ақындықтан бөлек күйші, биші секілді өнерлері бар екенін айтып мақтанғанына Дидар Аппасов қарсыласының белгілі бидің ұрпағы екенін есіне сала отырып: «Ағайын, біздер онда жетісіппіз, Билердің ұрпақтары биші болса» деп жауап беріп, көпшілікті күлкіге қарық қылды. Десе де, бұл екі ақынның жастықтары байқалып, өлеңдерінде әттеген-ай дейтін жерлері кездесіп жатты. Үшінші жұп болып шыққан жерлестеріміз Олжас Отар мен Шапағат Сәбитқызының қалжыңға негізделген айтысы жиналғандарға жақсы әсер сыйлады. Олжас Отар қарсыласының мектеп оқушысы екенін ескеріп, еркелетіп те отырды. Шапағат болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты жас екенін байқатты. Ал өңірімізге белгілі айтыскерлер Айтмұханбет Исақов пен Алик Бекмұсаевтың айтысы ұстаз бен шәкірт айтысының керемет үлгісі болды дей аламыз. Сыпайы, сыйластыққа құрылған сөз тартысында «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» деген мақалдардың бір көрінісін айшықтағандай болдық. Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысынан келген белгілі айтыскер Рүстем Қайыртайұлы мен жерлесіміз, жас пері Дархан Әбдіманаптың сөз сайысы ә дегеннен тартысты, қызықты басталып, көрерменді бір серпілтіп тастады. Аға-іні болып айтысқан қос ақын қалжыңның майын шыжғырып, жұртшылыққа жайдары көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде олар тақырыпты ашуға да ерекше талпыныс жасады. Әулиеата өңірінің өткені туралы тағылымды ой қозғап, Жамбылдың топырағынан нәр алып, қияға қанат қаққан тұлғалардың есімдерін елеп өткен Рүстем: «Қайсыбірін айтайын ұлылар мен, Қырандар ұлтқа қанат қаққан жері. Осындай тарихыңды өшіре алмас, Тағдырдың аққан селі, соққан желі», – деп салмақты өлең жолдарымен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Дархан да өз кезегінде жастығына қарамай өрелі сөз айта білді. Қонағына Тараз жерін таныстыра отырып айтқан шумағының соңын: «Қысқасы Байтасовтың жерлесіміз, Дұшпанға да құшағын жайып өлген» – деп жамбылдықтардың мерейін асырып, туған өлкесінің қасиетін астарлы сөзбен жеткізгені тараздықтар тарапынан толассыз қолдау тапты. Алтыншы жұп болып шыққан торғайлық белгілі ақын Айбек Қалиев пен қордайлық ақын Күміскүл Сәрсенбаева өздерінің ескі таныс екендіктерін байқатты. Ал қызылордалық адуынды айтыскер, екі бірдей алтын домбыраның иегері Мұхтар Ниязов облысымыздың жас дарыны Нұрлыбек Құрмановпен сөз сайыстырып, елді елең етерліктей айтыс көрсетті. Бұл жұптың айтысы тартысқа толы болды. «Бөлтірікті тістей берсең жасыңда, Бөлтіріктей шешен болып шығады» – деген Мұхтар Ниязов Сыр сүлейлеріне тән шымыр шумақтарымен төкпелеп, інісі Нұрлыбекті ширатып, ширықтыру мақсатында сөзден тосылған тұсын тап басып, қарсыласты жасқа тән жігерлілікпен айтысуға шақырды. Нұрлыбек те өз кезегінде інілік ізетін жоғалтпай, салмақты сөз айта білді. Астанадан келген Нұрмат Мансұров пен байзақтық Алтынкүл Қасымбекова жеңге мен қайны айтысының керемет үлгісін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Шымкенттік Анар Жаппарқұлова мен тағы бір жерлесіміз Есет Досалы да есте қаларлықтай есті сөздер айтып, ертеден бастау алған өздерінің достықтарын айтысқа арқау етті. «Жүрегіміз жарылып қуанайық, Осындай Отанымыз бар болғанға. Тыныштықтың тербелген бесігінде, Ұлы дала еліне жар бол, Алла» – деп ойлы шумақ айтқан Есеттің суырып салма жырлары көпшілікті сүйсінтті. Соңғы жұп болып сахнаға көтерілген жамбылдық жас дарын Әсет Дүйсебаев пен Қарағандының ақын аруы Ботагөз Мұхитдинқызы айтыс сүйер көпшілікке өрелі өнерлерін байқатуға тырысты. Қыз бен жігіт айтысын жасаған олар әдемі мақамдарымен, тартымды өлең жолдарымен жиналғандардың жақсы бағасына ие болды. Бес сағатқа созылған сөз сайысында ақындар әдемі әзіл, ұтымды ой айта білді. Елдің еңселі тірлігі, бекем бірлігі, өткір, өзекті мәселелері де жырланды. Бір айта кетерлігі, бұл сөз додасы жамбылдық жас ақындарға үлкен олжа болды. Олай дейтініміз, ақындарымыз елімізге белгілі сақа айтыскерлермен сөз тартысу арқылы тәжірибе жинаса, кейбірі өз өнерлерін әлі де шыңдап, дамыта түсу керектігін түсінді. Ең бастысы, бір кездері айтыс өнерінде өзіндік орнын қалыптастырып, талантты ақындары талайдың мысын басқан Жамбыл жеріндегі мәртебесі биік айтыс мектебінің дәстүрі әлі де жалғасын тауып келе жатқанын, алдыңғы буын аға-әпкелер жолын жалғай алатын жас дарындардың өсіп келе жатқанын айғақтай алдық. Бұл – айтыстың басты жемісі деуге негіз. Қазылар алқасының шешімі бойынша өрелі ойларымен көзге түскен жерлесіміз, жас талант Дархан Әбдіманап бас жүлдеге (500 мың теңге) ие болды. Ал қызылордалық Мұхтар Ниязов пен тағы бір жерлесіміз Нұрлыбек Құрманов жүлделі бірінші орынға (300 мың теңге) лайық деп табылды. Шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы мен байзақтық Алтынкүл Қасымбекова екінші орын (200 мың теңге) биігінен көрінсе, торғайлық ақын Айбек Қалиев пен астаналық Нұрмат Мансұров үшінші орынды (150 мың теңге) қанағат тұтты. Олжас Отар, Анар Жаппарқұлова, Ботагөз Мұхитдинқызы, Күміскүл Сәрсенбаева секілді ақындар ынталандыру сыйлығына (100 мың теңге) ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталса, қалған барлық қатысқан ақындарға мақтау қағаздары (50 мың теңге сыйлық) табыс етілді.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.