Жаһан

Бірлікті – ұран, бауырластықты – үлгі еткен елміз

Бірлікті – ұран, бауырластықты – үлгі еткен елміз

Елена Алейникова, «Славянье» орыс этномәдени орталығының төрайымы.

Қазақстан. Құшағы ыстық, құлашы кең-байтақ өлке. 130-дан астам ұлт өкiлiнiң бiр атаның баласындай ынтымақ пен бірлікте өмiр сүрiп келе жатқандығы бұл сөзiмiзге нақты айғақ болады. Мен қазақ халқының айрықша мейiрбандығын, қонақжайлылығын, кең пейiлдiлiгiн әрдайым мақтаныш етумен келемiн. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып, тату келісім жағдайында бейбіт қатар өмiр сүруi Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі екені анық. Біздің облыстың өзінде 80-нен астам ұлт шашырандыларының этномәдени қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының үлкен шаңырағы астына топтасқан. Ұлт пен ұлыстар арасында достық, ауызбіршілік, татулық бар жерде алынбайтын асу жоқ. Мемлекет басшысы елімізде алуан түрлі ұлттар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында ерекше атап өтумен келеді. Күні ертең Астана қаласында еліміздің экономикалық жетістіктері, әлеуметтік игіліктері, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеу мәселелері сөз болатын «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясының жұмысы жемісті болатынына сенімдімін. Кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан сандаған этностардың мүддесі Елбасымыздың назарынан тыс қалған емес. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы, елімізді мекендейтін барлық диаспоралардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйымға айналды. Жиырма жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы қоғамдық институтқа айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ассамблеяның негiзгi мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда Президентiміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегi ұшан-теңiз екенiн атап айтуымыз керек. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында әрбір қазақстандық азаматтың нақты атқарар мiндеттерiн айқындап бергені белгілі. Ал Ассамблея ұлттар достығының алтын көпiрiне айналып отыр. Бүкіл дүниежүзінде халықтар мен этностардың мүддесін ойлайтын аса мәртебелі Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚХА-ның республикамыздың қоғамдық өміріндегі атқаратын рөлін кішігірім Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде бағалауы жайдан-жай емес. Себебі ҚХА мәртебесі дүниежүзілік деңгейде, Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ шеңберінде әлдеқашан мойындалған. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз болмысы арқылы барлық ұлттар мен ұлыстардың басқа кез-келген халықпен терезесінің тең, керегесінің кең екендігін көрсетуде. Міне, Елбасымыздың ұлтаралық мәселені шешудегі ұлылығы, көрегенділігі мен даналығы осында деп білемін. Кең-байтақ еліміздің әрбiр өңірінде түрлі ұлыстардың этномәдени бірлестіктері құрылып, жұмыс істеуде. Олардың мiндеттерi өз ұлтының тiлiн, мәдениет, тарихын, әдебиетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн жаңғырту, кейiнгi жастарға үйрету, сол арқылы қалпына келтiру. Мұндай еркiндiк Қазақстаннан басқа қай елде жасалды? Бұл нағыз шынайы демократияның, Елбасымыздың өз мемлекетiнде тұратын ұлт, ұлыстардың өкiлдерiн құрметтегенiнiң нәтижесi. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесi бұрынғыдан да жоғарылай түсті. Қазақстанның ең жоғарғы Заң шығарушы органы Парламентке депутаттар сайлау құқығына ие болды. Бұл – елiмiздiң негiзгi Заңы – Конституция берген мүмкiндiк. Ең бастысы, біздің таңдап алған жолымыз дұрыс, оның айқын көрінісін өткен жылдар тәжірибесі айқындап берді. Президенттік басқару елімізді экономикалық және саяси күрделі жағдайда дағдарыстан абыроймен алып шықты. Соның нәтижесінде нарықтық экономика құрылымының тетігі қалыптасты. Бүгінде Елбасымыздың сара жолды, салмақты да салиқалы кемел саясатының негізінде аз ғана уақыт ішінде ерекше ел ретінде қалыптасқан Қазақстан әлемдік қауымдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқанын біз мақтан етеміз. Достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен барша қазақстандықтардың мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін дегім келеді.

Шу ауданы.