Жыл басынан бері Қазақстанның халықаралық резерві 103 млрд. долларға жетті
Жыл басынан бері Қазақстанның халықаралық резерві 103 млрд. долларға жетті
Бүгін Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, комитет отырысында 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің есептері талқыланған болатын.
«2014 жылдың алғашқы бес айында Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің көлемі өсіп, 27,6 млрд. долларға жетті. Ұлттық қордың шетел валюта активтері 75,8 млрд. долларға дейін өсті. Жалпы алғанда, аталған кезеңде еліміздің халықаралық резервтерінің көлемі 103 млрд. долларды құрады. Бұл - ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш», - деді Данияр Ақышев.
ҰБ өкілінің сөзіне қарағанда, Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттер көлемі 2014 жылғы қаңтар-сәуірде 13,2 пайызға өсіп, 11,4 трлн. теңгеге жеткен. Сонымен қатар, халықтың салымы 4,2 трлн. теңгені құраса, 2014 жылғы қаңтар-сәуірде несиелер 8,3 пайызға артып, 12,2 трлн. теңгеге жетті.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz