Шудың жаңа қант зауыты
Шудың жаңа қант зауыты
Осылайша жергілікті жерде қант зауытын салудың қажеттігі туындаған. Бұл істі «Шу-несие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Ерболат Досымбаев бастаған ауданның бір топ іскер азаматтары қолға алғалы отыр. Жаңа өндіріс орны бұрынғы Шу қант зауыты аумағынан бой көтермек. – Шағын зауыттың жобалық қуаты жылына елу мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, өнім өндіруге есептелінген. Сондай-ақ, зауыт өз жұмысын бастаған шақта механик, электрик, технолог, оператор сынды мамандарды да аудан тұрғындары арасынан қабылдап, 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Оның құрылыс-құрастыру жұмыстарына тартылатын азаматтар да өз ауданымыздан болады, – дейді Ерболат Досымбаев. Құрылысы үстіміздегі жылдың сәуір-шілде айларына жоспарланған зауыт қыркүйек айынан бастап іске қосылмақ. Нысанның аяғына тұрып кетуіне мүдделі іскер азаматтар қант қызылшасын жуатын, турайтын және кептіретін құрылғыларды өз қаражаттарына сатып алуды көздеуде. Бұрынғы зауыттың қабылдау алаңының мүмкіндігі шикізат қорын молынан жинап алуға септеседі деп күтілуде. Өңдеуге жіберілетін қызылшаны тасу үшін де қол еңбегінің қажеті шамалы. Барлық жүйе автоматтандырылған. Шаруалар тек тәтті түбірді көптеп егіп, өсірсе болғаны. Ең бастысы, өнімге сұраныс бар. Ұзақ жылдар бойы Шу қант зауытының бас инженері, директоры сынды жауапты қызметтердің басы-қасында болған Қуанышбек Қарғабаев жаңа нысанның іске қосылуы – аудан дихандарының екінші тынысын ашатындығын айтады.
– Шу қант зауыты дәуірлеп тұрған бағзы кездері шикізат Шу мен Қордай аудандарынан тәулік бойы толассыз тасымалданатын. Қаладағы бірқатар тұрғын үйлер зауыт қазандығының көмегімен жылытылатын. Іскер азаматтардың осы үрдісті қайта жаңғыртуға ниет етуі бізді қуантып отыр. Қызылшадан жоғары өнім алу үшін өнімнің өзіндік құнын арзандатуға бағытталған мұндай шараларды батыл қолға алатын уақыт жетті деп ойлаймын, – дейді ол.
Ең бастысы, ауданда кезінде балтамыр егіп, өсірудің үздік тәжірибесі қалыптасқаны белгілі. Бір ғана Белбасардың өзінде 1200 гектарға дейін қызылша егіліп, гектарынан 340-360 центнерден өнім жиналып, «миллионер колхоз» атанғанын білетіндер ұмыта қойған жоқ. Мұндай жетістікке бұрын-соңды ешқандай дақыл егілмеген жер телімдерін тегістеп, ауыл шаруашылығы айналымына қосу арқылы суармалы танаптардың көлемі ұлғайтылуы нәтижесінде қол жеткізілген еді. Ауданның балтамыр өсірудегі байырғы даңқын қайта оралтудың қазір де мүмкіндігі мол. Егістік жер де, су қорлары да жеткілікті. Оның үстіне егіс алқабына бұрынғыдай суды жайып жіберіп, текке ысырап етудің де еш қажеті жоқ. Қазіргі кезде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары арқылы суды үнемдеп пайдалануға болады. Бір атап өтерлігі, жаңа зауыт жанынан тәтті түбірді егетін, күтіп-баптайтын, жинап-теретін, тиейтін, басқа да мақсаттағы ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз ететін шеберханалар да соғылу үстінде. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мен ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жоба аясында бой көтеретін зауыт үшін техникалық парк жасақтауда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдіктер де қарастырылған. Жаңа өндіріс орны құрылысының қолға алынуы аудан тұрғындарын айрықша қуантып отыр. Мұның ең алдымен ауылдықтар үшін жұмыс көзі екені белгілі. Құмшекер мен мал азығындық жом, қызылша шырынының арзан бағамен босатылуы ауыл еңбеккерлерінің тұрмыстық жағдайы жақсаруына, азды-көпті мал бордақылап сатуына да едәуір септеспек. «Елде болса, ерінге тиеді» деген сөз, сірә, осындайда айтылатын болар!
Ерғали Қартайған, «Ақ жол».
Шу ауданы.