Спорт және туризм

«Тараз» – «Ордабасы»

«Тараз» – «Ордабасы»

қай команданың бағы жанар екен?

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 5-турының ойындары өтеді. Еліміздің алты қаласында өтетін ойындарда «Қайрат» – «Шахтер», «Қайсар» – «Тобыл», «Тараз» – «Ордабасы», «Ақтөбе» – «Ақжайық», «Атырау» – «Астана», «Оқжетпес» – «Ертіс» командалары кездесіп, өз ұпайларын түгендеп, еселеуге тырысады. «Тараз» – «Ордабасы» кездесуінде шымқалалық клуб бізге қонаққа келеді. «Ұлан» стадионында өтеді деп күтіліп отырған ойынды өзара тартысқа толы болады деп болжануда. Қос команда да төртінші турда 1:0 есебімен Қостанайдың «Тобылына» есе жіберген болатын. Биылғы маусымда жүлделі орыннан үмітті «Ордабасы» командасы алдыңғы бір жеңілісін есептемегенде, осыған дейінгі кездесулерінің бәрінде жемісті ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде Петрушин шәкірттері топтағы бірінші орнын әлі де сақтап тұр. Ары қарай да сол биіктен түспеуге ниетті олар осы жолы да жеңіске жетуді көздейтіні анық. Ал жерлестеріміз «Тараздың» топтағы орны әзірге оныншы сатыда. Әлбетте, бұл Талгаевтың шәкірттері үшін қуанарлық жағдай емес. Бұған дейін аса нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай келе жатқан жерлестеріміз жең түріп, серпілмесе жағдай бұдан да қиындай берері хақ. Биылғы маусымға әзер іліккен «Таразға» алдағы қай ойында да табандылық пен жанкештілік қажет-ақ. Сол себепті, бүгінгі кездесуде жерлестерімізден жемісті ойын күтеміз. Өз алаңында дес бере қоймайды деп сенеміз. Бұған дейін «Қайраттың» өзі бұл «Ұлан» стадионында ұпай жоғалтып, «Таразбен» теңескен болатын. Сондай тегеурінді қарсылықты бүгін де таныта алса, команда сапына жаңадан қабылданған жас талант Еркебұлан Сейдахметті ойынның алғашқы минуттарынан-ақ ойынға қосса, жамбылдық жанкүйерлер жерге қарамас деп үміттенеміз. Өйткені «Тобылмен» болған ойында соңғы минуттарда ғана алаңға шыққан Еркебұланның аяқ алысы бәрімізді сүйсінткен еді. Айта кетейік, осыған дейін бұл екі команда жасыл алаңда 35 рет кездесіпті. Ол кездесулерде «Ордабасы» 13 рет, «Тараз» 11 рет жеңіске жетсе, 11 ойын тең аяқталған. Ал бүгінгі кездесуде кімнің басым түсетіні жасыл алаңда анықталады. Жерлестерімізге жанкүйер болып, қолдау білдірейік!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».