«Аса мәртебелі», Сейф!»
«Аса мәртебелі», Сейф!»
драмалық комедиясы облыстық қазақ драма театрында шығармашылық табыспен өтті
«Уақыт – барлық байлықтан бағалы». Облыстық қазақ драма театрында сахналанған «Аса мәртебелі», Сейф!» атты драмалық комедиясын тамашалаған көпшілік осы бір аксиомаға тағы бір көз жеткізіп, терең ой түбіне бойлай алды. Белгілі жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің шұрайлы тілімен жазылған ойлы шығарманы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек сахналап, тараздық театрсүйер қауымға ұсынды. Қойылымның ә дегеннен-ақ көрерменді елітіп әкетуінің бір сыры бар десек, ол – актерлердің өз образдарына бірден еніп кетіп, көпшілікті соған иландыра білуінде. Режиссердің де оқиғаны басынан баяндап жатпай, ең бір қажетті картинадан бастау алдырғаны спектакльге жинақылық пен тиянақтылық сыйлаған. Балалар үйінде тәрбиеленіп, өскен Атаман мен Есаулдың бұралаң жолда бой түзеп, ұры-қарылықты кәсіпке айналдыруының себебінен гөрі салдары маңыздырақ болып шықты. Қонаққа кеткен байдың үйін тінтіп жүрген екеуі, қомақты қаржы мен үлкен сейфке тап болады. Әдетте, ішінде алтын-гауһар сақталатын сейфтің есігін ашу оларға мұң болады. Осы тұстан оқиға барысының екінші арнасы ашылады. Кездейсоқ қоңырау шалған қыздар Мира мен Ираны қос ұры осы үйге қонаққа шақырып, өздерінің үйі ретінде таныстырып, көңіл көтереді. Ира мен Есаулдың арасында шынайы сезім оты тұтанып, махаббатқа ұласқаны шығарманың өң бойына әдемі әсер береді. Ал Есаулдың ерекше болмысы қойылымның комедиялық бітімін толықтырып тұрғандай көрінді. Іші қазынаға толы сейфтің құлпын ашу жолындағы жанталас, оның бергі жағындағы қыз бен жігіттің арасындағы нәзік сезімдер, еріксіз езуге күлкі ұялатар және Атаманның бірбеткейлігін айғақтайтын картиналар бірінен соң бірі кезектесіп, оқиғаны шиеленістіре береді. Декорация аса бай болмағанымен, сан рет ашылып-жабылып жатқан есіктер адамдар өміріндегі алшақтық пен жақындықтың, тасжүректілік пен сүйіспеншіліктің, адалдық пен зұлымдықтың, кек пен кешірімділіктің, қателік пен өкініштің арасы бір аттам табалдырықтай ғана екенін ұғындырып тұрды. Ал аспалы арқан – саты әке жылуын, ана мейірімін көрмей өскен қос кейіпкердің биік арманы, өмірге деген құлшынысы секілді әсер қалдырды. Мұның бәрі режиссер қиялының жемісі десек те, сахна алаңы ауқатты адамның шаңырағына сай жабдықталмағанын айтып өткен жөн. Қоюшы суретші жұмысының да өте жұтаңдылығы да байқалды. Қойылымның шарықтау шегінде, тіпті таңғаларлық жайтқа куә болдық. Байдың үйі – Атаманның өз үйі, яғни әкесінің мекені болып шыққаны, оны осында алып келу үшін бұл қылмысты ұрылардың басшысымен әдейі ұйымдастырғанын жеткізген Кене шал досының өтінішін орындағанын айтады. Ол үйді әкесі Атаманға аманаттап тастап кеткен екен. Ал алтын-жауһарға толы деп ойлаған сейфтен одан да қымбат, бағалы заттың шыққаны драматург қиялының ұшқырлығы дер едік. Алтын да емес, ақша да емес, кәдімгі құмсағаттың жасырынғаны шығарманың әдемі нүктесін қойды. Ол расында уақыттан асқан байлық жоқ екенін көпшілікке ұғындырып, оны дер кезінде бағалауға шақырып тұрғандай көрінді бізге. Атаман образында өмір сүрген театр актері Руслан Оразалиев, Есаул рөліндегі Сухраб Мадумаров, Мира мен Ира образдарын сомдаған Индира Мустафаева мен Әсем Әбенованың еңбектері еш кеткен жоқ. Оны қойылым соңындағы толассыз қошеметтен байқадық.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.