Мәнді өмірді мәдениет тен іздеген
Мәнді өмірді мәдениет тен іздеген
Мен білетін Есенханның музыкаға әуестігі тым ертеден басталған. Анасы Зейнекүл Қонқабаева 3 ұл, 7 қызымен отыз жасында отағасынан айырылып, «аһ» ұрып қалғанда, ол бар-жоғы он жаста екен. – Әкем ұзақ жыл Ақкөл ауылдық кеңесінде қызмет етті. Ол кісі дүниеден өткен соң үйдің бар ауыртпалығы анамның мойнына түсті. Біз де жетімдіктің тақсыретін тартудай-ақ тартып, ерте есейдік. Анам 25 жыл бойы табан аудармай аудандық партия комитетінде тазалықшы болып еңбек етіп, «Ардақты ана» ретінде елу жасында зейнетке шықты. Менің музыкаға қызығушылығымды оятқан Ікірәм, Болат деген нағашыларым. Екеуі де гармоншы еді. Алты жасымнан бастап әуелі гармон, кейіннен баянды тарта бастадым. Музыкаға әуестігім маған домбыра да тартқызды. Не керек, 6-сыныпқа дейін біраз аспапты меңгеріп шықтым, – деп тебірене еске алады өткен күндерді Есенхан. Еті тірілігінен бе, жоқ анасы Зейнекүлге деген көмегі ме, алтыншы сыныпта оқып жүрген Есенхан жазғы каникул кезінде, сол кездегі Қызыләуіт ауылының Көктал пионер лагерінде көркемдік жетекші болып істеп, айына 45 сом жалақы алып, мектеп формасына қаражатты өзі табатын болған. Ол Ақкөл орта мектебін бітірген жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училище мен Шымкент қаласындағы мәдениет институтынан ауданға екі жолдама бұйырады. Ол жолдамалар Медет Тұрсынбаев пен Есенханға беріледі. Жасы үлкендеу Медет: «Әй, Алматыдан гөрі бізге Шымкент дұрыс. Әрі институт – жоғары оқу орны», – деп ақыл айтып, екеуі Шымқалаға аттанады. ...Сонымен не керек, 1976 жылы Шымкент мәдениет институтының ән және музыка факультетін бітірген Есенхан 1977 жылы Ақкөлдегі музыка мектебінде еңбек жолын бастайды. Кейіннен жемісті жұмысымен көзге түсіп, 1986 жылдан 1993 жылға дейін аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған ол мәдениет бөлімінің басшылығына жоғарылатылады. 1978 жылы «Талас толқыны» жастар ән-би ансамблі құрылып, Есенхан басшы ғана емес, осы ұжымның белді мүшесі болып та өнер көрсетеді. Ансамбль құрамындағы әншілер, күйшілер кәсіпқой өнер иелерінен бірде-бір кем түспейтіндігін сол кездегі тыңдармандар, музыка мамандары жиі айтатын. Дарабоз әнші, жыршы, термеші Алтынбек Оразбековтен бастап, дәулескер күйші Дәулетхан Әбденбаев, талантты қобызшы Төрехан Жұмабеков, үні ерекше әнші Мөлдір Қосжанова, ағайынды Медет пен Жасан Тілеубековтер сол тұста сахнаның сәні болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Бұл ұжымның өнерін Болгария, Моңғолия жұртшылығы да ықыласпен тамашалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Кейіннен ұжым Мәрлен Көпешов, Әбен Шалқарбаев сияқты таланттармен толысты. – Сол өнерпаздардың бір тобын 1998 жылы белгілі сазгер, ақын Тынышбай Рақым жүргізген «Кеш жарық» телебағдарламасына апарғанмын. Сондағы талғампаз Тынышбай аға Жасанның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскейін» тыңдап, орнынан ұшып тұрып: «Талас талантқа бай ел екен» деп тамсанғанын қалай ұмытайын, – деп Есенхан ұжымға қатысты әдемі естелігімен бөлісті. ...Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Кейде шырқау шыңға шығарса, әп-сәтте төмен құлдилата салар сәттері де өтеді басыңнан. Есенхан да сол қағажуларды бастан кешті. Ауданның әкімшілік орталығы Қаратау қаласына көшірілген 1997 жылы облыстық мәдениет, спорт және туризм департаменті басшысының қызметін атқарып дәуірлеп тұрып, жұмыссыз қалған кездері болды. Ол біраз уақыт халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін атқарып жүріп, қайтадан Таласқа оралды. Ол әр жылдары Меркі, Қордай, Шу, Жуалы аудандарында мәдениет саласының басшылығында болып, жемісті жұмыс атқарады. Ал өткен жылдан бастап облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарып келеді. «Мен бір жетістікке жетсем, ол үшін тек анама қарыздармын», – дейтін Есенханның анасы бүгінде он ұл-қыздан 58 немере, 36 шөбере сүйген бақытты әже атанып отыр. Ана мейірімі мен тәліміне қанығып өскен Есенхан концерттер мен той-думандарда өзінің қоңыр даусымен «Ана туралы» әнді жиі орындайтыны бар. Тегінде, оның ән-жырға деген құштары, өнерлілігі ана әлдиінен бастау алған-ау...
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Қаратау қаласы, Талас ауданы.