Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын
Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын
аусылды емдеуге болады және ол аса қиын емес. Бірақ соның алдын алуда мал дәрігерлері шарасыз
Қорасындағы қоңды малын қонағына сақтайтын қазақ үшін қыс пен көктемнің қырық қырсығы бары анық. Биылғы көктем ауданның кейбір шаруалары үшін қолайсыздау басталды. Төрт түлік дегеніңіз «ұрласа – баукеспенікі, ысқырса – желдікі» ғана емес, төтенше келген кеселдің де құрбаны болуда. Аудан орталығына іргелес Өндіріс ауылдық округінде мүйізді ірі қараны дерт дендеп, жергілікті шаруаларды әуреге салып жатқанын ести сала жолға шықтық. Төрт түлік малымен тіршілігін тіктеген ағайын «төртінші билік» өкілдеріне ә дегеннен-ақ базынасын жеткізді. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, жергілікті шаруалардың осындайда төбе көрсетпеген мал дәрігерлеріне өкпесі қара қазандай екен. – Менің сиырымның өлгеніне екі күн болды. Аурудың алғашқы белгілерін байқай салысымен, ауылдың мал дәрігеріне хабар бергенбіз. Араға екі күн салып келген маманның бар айтқаны «жемшөбін беріңдер» ғана болды. Айтқанын істедік, еш нәтиже шықпады. Қолымыздың қысқалығынан, өлген малымызды ауылдың шетіндегі арнайы орынға апарып өртей де алмай отырмыз. Ауылдың мал дәрігерінен еш қайран жоқ. Жалпы, осы қыста арнайы екпе жасалуы кезінде бірер тұрғынның сиырына екпе жетпей қалған. Енді, міне, соның кесапатына кез болып отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Аят Қарбозов. Бұл мал маманының жауапсыздығы емей, не?! Келесі үйдің қорасына бас сұққанымызда да екі бірдей сиырдың сұлық күйде сілейіп тұрғанын көрдік. Бұлардың да кесел жұқтырғаны анық. Зайыр Молдабеков те 9 сиыры осы дерттен шығынға ұшырағанын айтады. Оларды әрең қол жеткізген несие қаржыға сатып алған екен. Аусыл негізінен, ауа арқылы жұғады. Тіпті, оның вирусы автокөлік дөңгелегіндегі резинада бір жылға дейін сақталатын көрінеді. Бұл дегеніңіз жұқпалы кеселді ауыздықтау оңайға соқпайтынын аңғартады. Алайда, ә дегеннен жедел іске кірісіп, аймақта карантин жариялап, қалыптасқан жағдай туралы тиісті орындарға хабар беруге міндетті мал дәрігерін ауылдан іздеп таба алмадық. Аудан орталығындағы жиында жүрген ауылдық округтің аға мал дәрігері Уалихан Қалменов Өндірістегі жағдайды бізден естіп, бас шайқады. – Ауылда аусыл дерті соңғы рет 2014 жылы тіркелген. Одан кейін мұндай дерек орын ала қойған жоқ. Аусылдан сиыры қырылған ауыл тұрғындарының жайын сіздерден естіп тұрмын, – деді ол. Бұл жағдайдан мүлдем бейхабар болып шықты. Оған қоса, сонау бір кездері жетпей қалған ауруға қарсы егілетін вакцинаның енді ғана қолға тигенін айтып ақталды. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болат Ниязбеков жуық арада жедел комиссия құрып, бұл істің оң шешілуіне ықпал етілетініне сендірді. Малдың қыр-сырын білетін шаруалардың айтуынша, аусылды емдеуге болады және ол аса қиын емес. Жалпы, қазақ даласында ветеринарлық қызмет кеңінен таралмай тұрған кезеңдердің өзінде ата-бабаларымыз мұндай індетке шалдығып, аузынан сілекей, көбік ағып, шөп жей алмай қалған малдың аузын тұзбен үйкеп, ұннан быламық жасап, шөптің жұмсағын беріп, халықтың ем-домымен-ақ сауықтырып, аяғына қойған. Мал қыстыгүні ауырса, қызуы көтеріліп, дірілдеп, қалтырай жаурап қиналады. Бірақ, бейнеттен қашпаған аталарымыз малға суды жылытып беріп, жылы қорада ұстап бар жағдайын жасаған. Ал бүгінгідей дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған заманда осыншама малдың шығынға ұшырауына не себеп? Мұны аз десеңіз, Балуан Шолақ ауылында дерт жылқыға жабысыпты. Осымен үшінші жыл қатарынан тіркелген «лимфангит» дертінен алақандай ауылдың 200-ге тарта жылқысы өлім құшқан. «Бемтан» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтыбек Софиев сала мамандары күшімен әр үш ай сайын жүргізілетін тексерулер нәтижесіз болып шыққанын алға тартады. – Жылқыларымыздың осы індетке шалдыққанына бірнеше жыл болды. Бірақ кеселдің алдын алу мүмкін болмай тұр. Бұл індет жайылымдағы мал арқылы да жұғып, жылдан-жылға асқынып барады. Тіпті, ауру қоздырғыштар ер-тоқым, жүген сынды ат әбзелдерінен жұғады. Шыбын-шіркейлер де аурудың басты таратушысы болып табылады. Соның салдарынан жұрт ауылымыздан жылқы малын сатып алуға жүрексінетін жағдайға жетті,– дейді күйінген шаруа. Бір қызығы, ауруға шалдыққан жылқылармен көрші ауылдың жылқылары бір жайылымда жайылады екен. Алайда індет тек осы ауылдың жылқыларынан ғана шығуда. Қалыптасқан жағдайға қатысты ауылдың аға мал дәрігері «Ауылда карантин жарияланғанына үш жылдан асып барады. Тек жылқы малында ғана болатын бұл ауруға қарсы ем жоқ. Дегенмен, індетке ілінген жылқы жойылып, иесіне мемлекеттен өтемақы төленеді. Ауылдағы малдың барлығы жекенікі болғандықтан, оларға жылқыларын ауылдан шығаруға және көрші ауылдың малдарымен бірге жайылымға жіберуге тыйым сала алмай отырмыз», – деді. Балуан Шолақ ауылында бұл індеттен өткен жылы – 65, ал биыл жыл басынан бері 9 жылқы шығынға ұшырапты. Ауыл тұрғындары қорадағы малының жайына алаңдаулы.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».