Жаңатастың жылыжайы
Жаңатастың жылыжайы
ел дастарханына керекті түгендегендер көкөністі қысы-жазы үзбей алудан үмітті
«Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» деген тегінде, рас-ақ сөз. Жаңатастық ағайынды Бақытжан мен Ғалымжан Түсіпбековтер де кәсіпкерлік ісімен айналысар алдында әбден ойланып-толғанған екен. Не істеу керек, қандай кәсіпті қолға алған жөн? Ақыры, қыста да, жазда да дастарханнан үзілмес, әр кезде де сұранысқа ие көкөніс өнімдерін өсіруге тоқталады. Көкөністі көктемде егіп, күзде жинап алу екінің бірінің қолынан келеді. Ал оны жыл – он екі ай бойы өсірсе ше... Ол үшін жылыжай салу қажет. Оған қаржыны қайдан алуға болады? «Шешінген судан тайынбас» демекші, ағайындылардың аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен бизнес-инкубатор мекемесіне қайырылып, ақыл-кеңес алуларына тура келді. Ең бастысы, олардың ойға алған ісі аудан көлемінде бірден қолдау тапты. Өйткені, табиғаты қатал, су тапшы өңірде жылыжай шаруашылығымен айналысушылар аз. Жалпы, жылыжай дегенің естігендері болмаса, Түсіпбековтердің өңі түгіл, түсіне кірген ісі емес. Содан да олардың біраз уақыт ізденіп, тәжірибе жинақтауларына да тура келген. Тараз қаласының төңірегіндегі бірқатар жылыжайларды аралап көріп, ғаламторға да үңіледі. – Ақыры, – дейді «Түсіпбеков Б.Х.» жылыжайының иесі, жеке кәсіпкер Бақытжан Түсіпбеков, – тәуекелге бел буып, бизнесімізді бастауға ұйғардық. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» мекемесінен бес жыл мерзімге 6 пайыздық сыйақымен 3 миллион теңге несие алып, қаладағы орталық жылыту қазандығы маңынан жылыжай кешенін салуға кірісіп кеттік. Бұл кешенді кезекті іссапарымыз кезінде өзіміз де көріп, игілікті істің тікелей куәсі болғанбыз. 600 шаршы метрлік аумақты құрайтын жылыжай қабырғалары поликарбонаттан тұрғызылған. Өйткені, қалада күшті жел жиі тұрады. Оған пленка шыдай бермейді. Ал поликарбонат – шыны әйнек тәрізді берік құрылыс материалы. Жерге арнайы құнарлы топырақ тасталып, көкөністерді суару үшін субстраб деп аталатын түтіктер құмға батырылды. Көкөністі тамшылатып суарады. Былтырғы жылдың тамыз айында өз жұмыстарын қияр егуден бастаған кәсіпкерлер қазан, қараша, желтоқсан айларында 6 тонна өнім жинап, тұтынушыларына әр килосын 300-450 теңгеден (базардағыдан 30-40 пайызға арзан) өткеріпті. Сапасы көпке ұнаған соң ба, тапсырыс көбеймесе, азаймаған. Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында мұнда 1200 түп қияр, 1200 түп қызанақ көшеттері қайта отырғызылып, бапты күтімге алыныпты. Еңбектері еш кетпей, ағайынды кәсіпкерлер Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай қалалықтардың дастарханына биылғы жылдың алғашқы өнімдерін ұсынуға қол жеткізген екен. – Жақында ғана облыс әкімінің орынбасары А. Нұралиев жылыжайымызда болып, қызанақ дәмін татып көріп, мақтап кетті, – дейді Бақытжан. Түсіпбековтер алдағы уақытта, әсіресе, қызанақты көптеп егуді ойластырып отыр екен. Себебі, қиярға қарағанда оған сұраныс екі есе жоғары. Нарықтың талабы – тұрғындар қажеттілігіне сай сапалы, тиімді өнім түрлерін өндіру. Аталған жылыжай иелері сол талаптан шығып та отыр. Айтпақшы, аталған жылыжай кешенін салуға 3 миллион теңге «жұғым» да болмаған сыңайлы. Тәуекелге бел буған кәсіпкерлер істің көзін таба білген, қосымша қаржы көздерін де іздестірген көрінеді. Сөйтіп, жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеге жеткен. – Көп қаржы жұмсадық деп қиналып отырғанымыз жоқ, – дейді ағайынды ілкімді азаматтар, – алғашқыда солай болуы заңды, алайда, түптің түбінде пайдаға шығарымыз анық. Біз оған нық сенімдіміз. Бүгінгі таңда жылыжайда 6 жұмысшы еңбек етуде. «Олар да өз жұмыстарын айрықша құлшыныспен атқаруда, – деп қуанады Бақытжан, – өйткені, өнім өндіру еселенсе, көкөнісшілеріміз де тұрақты әрі жоғары жалақыға қол жеткізбек». Түсіпбековтердің бұл ісін қалалықтар да құптап отыр. Біз де табыс тілейміз.
Сәулембай әбсадықұлы, «Ақ жол».
Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.