Жамбылдың сұлу қызы
Жамбылдың сұлу қызы
Фируза Шәріпованың кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегі 7 сәуірде Мәскеу қаласында өтеді
Кәсіпқой бокс шаршы алаңында еліміздің намысын қорғап жүрген жерлесіміз Фируза Шәріпованың келесі айқасы 7 сәуірде өтеді. Бұл туралы оның менеджері Сергей Завилейский мәлімдеген болатын. «Біз титулдық айқасқа дайындық аясында тағы бір жекпе-жек өткізуге бел байладық. Бұл рейтингтік кездесу 7 сәуір күні Мәскеудегі Бокс академиясында болады. Фируза өзінің рекордын арттырып, неғұрлым көп раунд жұдырықтасуы керек. Таяу арада титулдық айқасты өткізу туралы жоспарымызға бұл кездесудің қатысы жоқ, ол жақын күндері өтеді, біз оған байыппен дайындалып жатырмыз», – деп атап өтті Сергей Завилейский. Бұл жекпе-жекте 30 жастағы ресейлік спортшы Виктория Котова тараздық қыздың қарсыласы болмақ. Ол бұрын жауынгерлік самбомен, қоян-қолтық ұрыспен, кикбоксинг және дзюдомен шұғылданған. Ал қазір кәсіпқой бокспен айналысып жүр. Еске салсақ, 4 наурыз күні Мәскеуде ең сұлу боксшы қыз атанып кеткен Фируза Шәріпова Ресейдің былғары қолғап шебері Юлия Чернобородовамен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңімпаз атанды. Кейіннен қазақстандық спортшының жекпе-жекке ауыр жарақатпен шыққандығы белгілі болды. Айта кетейік, бұған дейін Фируза Шәріпованың WBC International белбеуі үшін жаз айларында Қазақстанда жекпе-жек өткізетіні туралы мәлімет тараған болатын. Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді делінген ол кездесуде жерлесіміз ешқашан жеңіліп көрмеген фин боксшысы Ева Вальстреммен қолғап түйістіреді деп күтілуде.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».