Әлеумет

Апат айтып келмейді. Сақ бол, ағайын!

Апат айтып келмейді. Сақ бол, ағайын!

Биылғы ақпан мен наурыз айларындағы қалың қар мен дүркін-дүркін нөсерлете жауған жаңбыр өзен, көлдерді және су қоймаларын толтырып, кейбір жерлерде арнасынан асып, бірқатар елді мекендер мен автожолдарға қауіп төндіруде. Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің арнасы таулы өңірге түскен жауын-шашынның, қардың еруінің салдарынан толады да, артық суы Аса өзеніне ағызылып, одан әрі Билікөлге құяды. Жуырда өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында пайдаланылуға берілген «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасынан сыртқа жіберілген судың кемерінен асып, маңайындағы елді мекендерге азды-көпті қауіп төндіруі байқалған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойына үйірілген қарғын-судың автокөлік иелері арасында алаңдаушылық туғызғаны да белгілі болды. Осыған байланысты сауалымызға облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Бағдат Данилов жауап берді. Оның айтуынша, бұл жағдай су қоймасынан тасталған судың Аса өзенінің ескі арнасына жайылуынан орын алған. IMG_3472 IMG_1900– Аталмыш су қоймасы – өңіріміздегі республикалық меншікке өткен 5 су қоймасының бірі. Оған «Қазсушар» мекемесі бақылау жүргізеді. Жалпы, жобалық көлемі 158 миллион текше метрді, техникалық жағдайына байланысты рұқсат етілген көлемі 156 миллион текше метрді құрайды. Бүгінде мұнда 3 сәуірге дейінгі мәліметке сәйкес 144,711 миллион текше метр су жиналған. Былтыр бұл көрсеткіш 145,126 миллион текше метрге жеткен-ді, – деген Б. Данилов үстіміздегі жылғы 27 наурызда орын алған жағдай жөнінде де таратып айтып берді. Аталған күні «Теріс-Ащыбұлақтан» Асаға секундына 70 текше метр көлемінде су жіберілуі салдарынан өзен кемерінен асып, су ескі арнаға түсіп кеткен. Соның салдарынан, Майский саяжайында Шөлдала су жүйесінен өзен арнасына түскен судың деңгейі көтеріліп, жағалауға қауіп төндірген. Төтенше жағдайлар мекемесі бұл жайдан дер кезінде хабардар болып, аталған жағалау бекетінде тиісінше нығайту жұмыстар жүргізді. Арнадан тыс жайылған тасқыннан пайда болған іркінді сулардың ернеулері техника көмегімен жырылып, негізгі арнаға бағытталыпты. Құтқарушылар көмегімен жеке азаматтың 40 шақты қойы қауіпсіз жерге жеткізілген. Сондай-ақ, төрт азамат құтқарылыпты. Жеке үйлерді су шайып кетуі, үйдің құлауы деректері тіркелмеген. Адам, мал шығыны жоқ. 

Бағдат Данилов осы күні аумақтағы жалпы жағдай облыс басшылары бастаған, құрамында Жамбыл ауданының әкімі, басқа да тиісті мүдделі мекемелер басшылары бар төтенше жағдайлар жөніндегі жұмысшы тобының тарапынан тікұшақ арқылы әуеден барланғанын да айтады. «Теріс-Ащыбұлақ» өзінің техникалық мүмкіндігінен артық суды ұстап тұра алмайды. Бүгінгі күні судың қоймаға түсуі де, сыртқа ағызып жіберілуі де секундына 65 текше метрді құрап отыр екен. Рас, бұл көлем былтырғы мерзіммен салыстырғанда шамамен төрт еседей көп. Үстіміздегі жылғы 27 наурыз күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің облыс аумағынан өтетін бөлігінің 515 және 519 шақырымдарында жолды су шайып кетуі ықтималдығының да алды алынған. «Жергілікті атқарушы органдарының, азаматтық қорғаныс қызметінің өкілдері бұған жол бермеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековтің басқаруымен бұл іске «Қазсушар», «Қазавтожол» мекемелері, жеке меншік құрылымдары тарапынан адам және техника күші жұмылдырылды. Қауіп басылды. Дегенмен алдын алу, бақылау, кезекшілік ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Төтенше жағдай жарияланған жоқ. Аталған жол телімінің бөлігі уақытша жабылғанмен, көліктердің ескі айналма жолмен кедергісіз жүруіне мүмкіндік жасалды. Қазір автобан бойында ешқандай іркіліс те, су тасқынынан келер еш қауіп те жоқ. Аса өзенінің суы қайта қалпына түсті. Дегенмен жағдай тұрақты бақылауда», – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Б. Данилов. Біздің «Қазсушар» мекемесі берген мәліметтен білгеніміздей, бүгінде судың қоймаға түсуі «Теріс-Ащыбұлақта» секундына – 65, «Кировта» – 22,5, «Тасөткелде» – 102 текше метрді, ал судың ағызылып жіберілуі тиісінше 65, 60 және 80 текше метрді құрап отыр. Б. Даниловтың айтуын-ша, соңғы бір жетінің ішінде жауын-шашын болатыны, су тасқыны қатері күтілетіні жөнінде «Казгидрометцентр» мекемесі тарапынан 9 мәрте ескертілген. Тұрғындарды құлақтандыру мақсатында тұрғындарға «sms» хаттары күнбе-күн дерлік жолдануда. «Шолақ сай тез тасиды» демекші, өңіріміздегі шағын өзендердің ернеуінен асып, оқтын-оқтын тасуы басылар емес. Әсіресе, басын Қаратаудан алатын Аса, Көктал, Шабақты өзендерінен қауіп көп. Күн күрт жылынып, тау бөктерлері мен сайларындағы қалың қардың еруі ылғал көзін еселей түсті. Ақкөл, Билікөл сияқты табиғи көлдерді қоспағанда Талас, Сарысу аудандарына қарасты сыйымдылығы 73,0 миллион текше метр деп саналатын 18 су қоймасы мен бөгеттеріне 39,0 миллион текше метр су жинақталған. Бұл цифрдың сәт сайын өсетініне күмән жоқ. Күні кешегі Талас ауданы әкімдігінің лездемесінде аудан әкімі Б.Рысмендиевтің сөз басын су қаупі жайын сұрастырудан бастауы тегін емес. «Қазақбай» су қоймасынан қауіп бар ма?» деген сауалға С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Н.Көпәділов: «Әзірге ешқандай қауіп жоқ», – деді. Сенбі күні Ойық, Кеңес ауылдарына іссапарға шыққанбыз. Талас өзенінің суы мол. Сай-саланы, көл, тоғандарды толтыруда. Алайда Үшарал ауылындағы жағдай алаңдауға тұрарлық. Аптаға жуық уақыт өтті. Ақкөл, Үшарал тас жолының Аса өзенін қиып өтер тұстағы көлтабан суға толып, жолды алып кету қаупі туындаған екен. Аудан әкімдігі бұл аймаққа төтенше жағдай жариялап, тиісті мекемелерден техника бөлдіріп, тасқын судың қаупін болдырмау үшін жұмыс жүргізілуде. Үшарал ауылдық округінің әкімі Р.Айтуов бізбен тілдескенде былай деді: – 3 сәуірге дейін сырттан келген техниканы тиімді пайдаланып, 300 метр жол бойына құм төселді, – дейді ол, – қазір 1– КамАЗ, 2 – МАЗ, 2 – КРАЗ машинасы мен 2 тиегіш трактор «Лақтағы» құм карьерінен құм тасымалдап, тас жолдың жанын бөгеттеуде. Осындай жұмыс Сарысу ауданына қарасты Тоғызкент, Досбол ауылдарында да қолға алынған. Талай жылдардан бері аңқасы кеуіп, өзен арналары бекітілген Асаның Қайқыкөлден асып, Қырықкепеге жетуі – соның дәлелі. Аталмыш ауылдарға да ауданнан техникалар бөлініп, қауіпті деген жерлерге бөгеттер жасалуда. Су – тіршілік көзі. Оның орнын ештеңе алмастыра алмайтыны да ақиқат. Алайда ауыл халқының бейжай отырғанын қаламас едік. Мысалы, әр отбасы өз ауласынан қазылған арық-атызын күн ілгері тазалап, көше-көшелерді қоқыстан арылтып, жол аяғына дейін судың кедергісіз ағуына жағдай жасап қойса, үйін, қора-қопсысын су апатынан сақтап қалатыны сөзсіз.

Баймаханбет АХМЕТ, Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.