Әлеумет

Жасыл елдің жайқалған жапырақтары

Жасыл елдің жайқалған жапырақтары

«Мәңгілік ел – Жасыл ел!»  ұранымен өткен облыстық жастар сенбілігіне облыс әкімі Кәрім көкірекбаев қатысты

Облыста жыл сайын көктем келісімен көше, аулаларды қыс бойы жиналып қалған қоқыстан тазарту жұмыстары жанданатыны белгілі. Оған жастардың да қосар үлесі зор. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен биыл да олар облысымыздың барлық елді мекендерінде «Мәңгілік ел – Жасыл ел!» ұраны аясында сенбілік өткізді. Аталмыш шараға облыс тұрғындары мен жастары жұмылдырылып, айналаны көгалдандыруға, қала, аудан ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын көгеріштендіруге атсалысты.

IMG_7319 IMG_7206Сенбілік Тараз қаласында да жоғары деңгейде өтті. №1 қалалық аурухана маңынан бастау алған іс-шара Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйі аумағында жалғасын тапты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та осынау игілікті істің басы-қасында болды. Өңір басшысы жалпықалалық сенбілікке арнайы келіп қатысып, 150 түп ағаштың бірін өзі отырғызды.

– Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделген мақсат, ол – елімізді дамыған отыз елдің қатарына енгізу. Ел тұрғындарын алға жетелейтін бас жоспардың да негізгі тетігі жастар екендігі даусыз. Міне, бүгінде жастарымыз өз белсенділіктерін танытып балалар үйінің маңын абаттандырып, жасыл желекке бөлеуді қолға алып отыр. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Бүлдіршіндер де оcында отырғызылған жеміс ағаштарымен бірге өсіп, ер жетеді. Мұндай маңызды шараны ауыл, аудандарда да қолға алып отырмыз, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жалпы, өңірімізді жасыл желекке бөлеп, болашақ байлығымыз – жасыл желекті күтіп -баптау қажеттігін, жастарымызды осы іске мейлінше көптеп тартудың маңызы ерекше екенін ұйымдастырушылар да атап өтті. – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетігін тиімді қолдану арқылы Меркі ауданындағы екі шаруа қожалығымен өзара келісім жасасқан болатынбыз. Олар бізге өңірімізде тез өнетін сұрып – голден делишес, талгарская красавица секілді алма-алмұрт ағаштарының көшеттерін берді. 30 жыл өмір сүретін құрайтын бұл жеміс ағаштары небәрі 3-4 жылдың ішінде өзінің жемісін береді, – деді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен. Сондай-ақ, көне шаһарды көріктендіруге үлес қосып жатқан жастар мұндай игі істі ел алдындағы азаматтық парызымыз деп сезінетіндерін жеткізді.

Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.