Ақ сауытты Ақша батыр
Ақ сауытты Ақша батыр
Жас журналист Ерғали Қартайған газетіміздің Шу ауданындағы меншікті тілшісі болып қызметке кірісті. Ол Шу қаласында 1994 жылы дүниеге келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің 2016 жылғы түлегі. әріптесімізге жауапты қызметіне сәттілік тілей отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
Киелі Шу өңірінде ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да, елдік пен ерлікті қатар жырлаған жыраулар да өткен. Солардың бірі – Қордай-Шу күре жолының Шу қаласына барар тұсы мен Белбасар ауылының кіреберісінде тас мүсіні орын тепкен ақ сауытты Ақша батыр. Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақша батыр ХVІІ ғасырда өмір сүріпті. Шу өзенінің шығыс беткейінде Төрткүл атты ескі қамал бар. Қамалдың аты ойрат қалмақтарының «төрт қақпа» деген сөзін білдіреді екен. Биік те берік соғылған қамал қазіргі Шу қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырымдай жерде, жоғарыда аты аталған Белбасар мен Жаңа жол ауылын бөліп тұрған көпірдің батыс жағында көзге көрінер тұста тұр. Шу өзеніне таяқ тастам жер. Төрткүл қамалы суы тереңдеу Шудың арғы бетіндегі тау жағына салынған. Бабаларымыз қалмақтармен болған шайқастарда Шудың оңайлықпен өткел бере қоймайтынын ескерсе керек. Міне, осы маңда Ботбай Ақша батыр елін-жерін батырлықпен қорғаған. Белбасарлық Әуезхан Ойшиев атамыз Ботбай ұрпақтары туралы деректер мен аңыз-әңгімелерді жинақтап, «Бабалар рухына тағзым» деген шежіре кітапты құрастырған еді. Көп әңгіме сол ауылдағы шежіреші Дади қарияның айтуы бойынша жазылыпты. Солардың ішінде ақ сауытты Ақша батыр туралы да аңыз-әңгімелер бар. Ақша батыр Жайсаң жайлауын ішкерілеп ағып жатқан Үңгірлі өзені бойында дүниеге келіпті. Ол – қалың қабақты, қапсағай бойлы, ірі денелі адам болған деседі. Батыр қайыңның безінен қайырып жасалған садағын шірене тартқанда мінген атының бауыры жер сызған. Ал ақ сауытының кіреукесін садақ жебесі сөге алмаған, хорасан болатынан өрілген екен. Батырдың ақ сауыты туралы да аңыз көп. Кейбір деректерде, Ақша ақ сауытты Хорасан жерінен келетін керуеннің саудагерлеріне үйірлі жылқы беріп сатып алған деседі. Ақ сауыттың беріктігі туралы сыбыс қалмақ қонтайшысына жетіп, сауытты қолына түсіру үшін небір айла-шарғыға барған. Қалмақпен болған ұрыстардың бірінде Ақша батырдың інісі Тілеуімбет жау қолына түсіп, зынданға қамалған. Қалмақ қонтайшысы Ақша батырға кісі салып, Тілеуімбетті ақ сауытқа айырбастауға әзір екенін білдіреді. Бұл кезде Ақша батыр қалың қол жинап, бүкіл жасақты төрт қақпаға бірдей салмай, қамалдың сыртындағы негізгі бекініске салған. Батырдың өзі бастаған жарақты қол қалмақтың қақпасын ойрандап, ішке ентелеп кіріп, жау сарбаздарын қойдай қырады. Жаудың көбі Шу өзеніне батқан деседі. Қалған бөлігі тал қармап, өзеннің арғы бетіне әзер өтіп құтылған. Сөйтіп, батырдың інісі де, аңызға айналған ақ сауыты да өз қолында қалыпты. Осыдан бірер жыл бұрын Ақша ұрпақтары жиналып, Шанхан сайының бойында батыр бабаға арнап, үлкен ас берді. Бұл істе Ақшаның ұлы Шанханның түкпір-түкпірден жиналған ұрпағы бірауыздан бас болып, ауызбіршілік танытыпты. Ботбай ұрпақтары туралы зерттеп жүрген өлкетанушы Әшімқұл Ақпейілов Шәкәрім Құдайбердіұлының «түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабындағы шындыққа жанасатын деректерді келтіреді. Онда: «1455 жылы Есен Аши деген Ойрат ханы мен деп еді, оны ойраттың бір көсемі өлтіргеннен соң, ойрат басшысыз қалды. Шыңғыстың күншығыстағы нәсілдері оларды талай бастаған соң, сондағы қалмақ атанған ел мұндағы туыстары түрік-татар ішіне қарай көшті. Олар екі бөлініп, бір тобы қыпшақтар тұрған күнбатысқа, көпшілігі оңтүстіктегі Дулаттар жеріне барды» – делінген. Сол кездерден бастап қазақ пен қалмақтың арасында кескілескен ұрыстар жиілеп кеткен. Әсіресе, Еділ, Жайық, оңтүстік-шығыс пен Жетісу жерінде көптеген ұрыстардың өткенін тарихтан білеміз. Ел басына күн туып, Тәуке хан өмірден өтеді. Оның орнына хан болған баласы Болаттың сөзіне қол астындағылары құлақ аспай, ел ішінде алауыздық көбейе бастайды. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған жоңғар қалмақтары қазақтарға шабуыл жасап, жерлерінің басым бөлігін жаулап алады. Осы тұста жаудың қорлығына шыдамаған намысты батырлар әр жерде қол жинап, қалмақтардың басып алған жерлерін қайтарып алуға күш салады. Шу аймағында алғашқы болып қол жинағандардың бірегейі Ақша батыр болған. Ол алыс-жақын ағайындарды ұйымдастырып, өзінің інілері мен батыр балаларына қол беріп, Шудың бойындағы жоғарыда атап өткен Төрткүл қақпасына бірнеше мәрте шабуыл жасап, қалмақтардың басына қара бұлт үйірген. Өздері отырған жерді жаудан тазартқан Ақша батырдың сол кездегі ерлігі ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге аңыз болып жеткен. Ақша батырдың шетінен батыр атанған алты баласы болған. Алдияр, Шанхан, Күдияр, Жәдігер, Ибалда және Жиенбай. Олардың ішінде жастайынан көзге түскені Жәдігер батыр екен. Жаугершілік заманда қалмақтың жаушылары қазақтарға хабар жіберіп, жақын күнде соғысатындарын айтады. Суық хабар жете салысымен ел ішінде дүрбелең басталып, қарашаның мазасы қашады. Сол кезде 17 жасар Жәдігер жас та болса жағдайды жіті түсініп, «қалмақ батырымен жекпе-жекке шығайын» деп ағаларына қолқа салады. Ағалары қарсылық танытқанымен қиылып болмаған әзер дегенде көнеді. Сонда Жәдігер қыл араластырып, 40 құлаш арқан естіртіп, кіндіктен қолтыққа дейін бес қабат оратып, қолына қысқа сапты найза алып ортада тұрған қалмақтың атақты батыры Ноянды жекпе-жекке шақырғанда, Ноян Жәдігерді жассынып: «Ол менің теңім емес, «Жалақ» деп дыбыс көтеріпті. Бала кезінен ат үстінде ойнаған жас батыр, мығым да иықты болған екен. Атышулы Ноян батырды сауытының ашық жерінен үш рет түйреп лақтырғанда найзаның сабы сынып, ұшы денеге кіріп кеткендіктен қалмақ батыры ат үстінен ауып түсіпті. Осылайша, жаудың жалауы жығылып, 17 жасар Жәдігер батыр атанған. Ел билерінен ерлігі үшін 300 қой, 2 үйір жылқы алып, елге оралыпты. Одан кейін де қалмақтар мен барымташы қырғыздарға қарсы небір ұрыстарда батырлығымен көзге түскен деседі. Міне, Ботбайдан тараған Ақша батырдың біз білетін ерліктері осындай. Білмейтініміз қаншама?! Бірер жыл бұрын Ақша батырдың ұрпақтары Шу қаласынан 20 шақырым жердегі Белбасар ауылына кіреберіске батыр бабаларына арнап ас беріп, ескерткіш орнатқан. Ауыл тұрғындары «Табалдырықтан биік тау жоқ» дегенді ескерді ме екен, ауылдың ішіне емес, күре жолдың бойына орнатыпты. Ескерткіштің айналасына Ақшаның алты ұлына арналып, есімдері қашап жазылған көк тастар қойылған. «Абылайдың асында шаппағанда...» деп күркірейтін қазақ Ақша батырға арналған астан да қалтарыс қалмады. Қалмақтың қабырғасын талай мәрте сөккен батыр бабамыздың ескерткіші ашылып, ұлан-асыр той болып жатқанда оған келген жұрттың да қарасы қалың болды. Айтыскер ақындар келіп, Ақша батырға арнауды аямай төкті. Алматы-Астана тас жолымен Шу қаласына бара қалсаңыз, еңселі ескерткіш алыстан-ақ көз тартады. Ат үстінде найзасы мен ақ сауытын қолына ұстаған батырдың асқақ рухты сәулет туындысы өскелең ұрпақты рухтандырып, жігерлендіріп тұрары анық.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».
Шу ауданы.