Мәдениет

Жанын жырмен жұбатқан

Жанын жырмен жұбатқан

75 жасқа толуына орай жыршы, термеші Аяз Бетбаевқа құрмет көрсетілді

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Облыстық халық шығармашылығы орталығының» ұйымдастыруымен ақын, жыршы-термеші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Аяз Бетбаевтың 75 жылдығына орай «Өнермен өзектес өмір» атты шығармашылық кеші өтті. Тараз қаласындағы «Грейд Шырын» мейрамханасында өткен мерейтойлық кешті облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Ақынның шығармашылық өмірі қамтылған «Өнері – өмірі» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітапқа хикаяттар, ақынның өлеңдері мен термелері, ол туралы баспасөзде жарияланған мақалалар мен пікір-лебіздер топтастырылған. Шара барысында Мәскеудегі «Қазақ тілі» және «Мұрагер» қазақ-мәдени қоғамының төрағасы Жәнібек Елекбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Арғынбай Бекбосын, Қасымхан Төлендиев, Ілияс Тортаев, Мақұлбек Рысдәулет сынды ардагерлер қауымы мен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ізгі лебіздерін білдіріп, өнер иесіне шапан жауып, сый-сияпат жасады. – Аяз Бетбаевтың ерекшелігі оның дәстүрлі әндерді, ұлттық өнердің інжу-маржаны – жыр-термелерді насихаттауында, өзіне ғана тән әуезді ұлттық нақышта орындау шеберлігінде. Кейде майда қоңыр дауыспен Кененше әуелетіп келеді де, кілт шырқай жөнеліп, әрі қарай төкпе жырды нөсерлете құяды. Бұл, әрине, өнердің құдіреті. Тағы бір артықшылығы– халық шығармашылығын жандандыруында, оған өзіндік реңк, ұлттық сипат беруі, – деді Дүйсенәлі Дыбысәліұлы. Кеште Аяз Бетбаевтың шәкірттері Базарбай Асқартегі, Ертай Тазабеков және Бейбіт Шошабаев ұстаздарына арнауларын арнады. Сонымен қатар Жетісу, Батыс, Сыр, Арқаның дәстүрлі ән мектептерінен Дүйсенбек Өмірәлиев, Қарлығаш Жамбаева, Ерлан Ибаділдаев пен Нұргүл Абдрашова әннен шашу шашты. Айтыс өнеріне енді аяқ басып келе жатқан жас ақындар Сәбит Искаков пен Дархан Мәтібай өнерімен жұртты сүйсінтіп, ақынның батасын алды.

Фариза Айтбек, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.