Әлеумет

Жалғызілікті кейуана жанашыр іздейді

Жалғызілікті кейуана жанашыр іздейді

облыс әкімі қоғамдық қабылдау өткізді

Толғандыратын түйткілді мәселелер туындағанда тұрғындар билік пен халық арасын жалғайтын «алтын көпір» іспетті елдегі жетекші партияға жүгінеді. Сондықтан болар әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпалы зор партияға қайырылатындар көп. Осы жолы да азаматтар көшбасшы партияның облыстық филиалына зор үміт артып келген.

Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев қоғамдық қабылдауға жазылғандардың талап-тілегін мұқият тыңдап, өтініш-тілектерінің оң шешім табуына ықпал етті. 

IMG_7180Облыс әкіміне келген зейнеткер, 81 жастағы қала тұрғыны Қалдыкүл Төлеғұлова жағдайын айтып, көмек сұрады. Ол келіні қайтыс болып, жалғыз ұлы бала-шағасын тастап кеткелі үш немересін бағып-қағып отыр екен. Жалғызілікті жанға бала бағу оңай ма, қария үш ай өкпе ауруынан емделу үшін ауруханаға жатқанында 12 жасар немересі қараусыз қалыпты. Немересінің жағдайы болмағандықтан, ауруханадан шығуына тура келген. Толық емделмегеннің салдары ғой, қазір немере қызынан да туберкулез таяқшалары табылыпты. Осыны қынжыла отырып сөз еткен әжей тұрғын үй бойынша 780-кезекте тұрғанын айтып, облыс басшысынан бір бөлмелі пәтер алуға көмектесуін сұрады. Өңір басшысы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев пен Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрып, заң шеңберінде апайға көмектесуді тапсырды. «Облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының төрағасы Өрнек Cмаилов Ниязалы Сраиловтың Отан алдындағы және еліне сіңірген еңбегін келешек жас ұрпаққа үлгі ету үшін оның есімі дәріптелсе деген өтініш айтып, мәселе көтерді. – Оның ішкі істер саласын дамытуға сіңірген еңбегі мол. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. 1945-1947 жылдары Мәскеу қаласында ішкі істер саласында жұмыс істеген. Елге келгеннен кейін, 1958 жылы түн ортасында Абай колхозының қамбасына түскен ұрыларды құрықтау кезінде қылмыскердің қолынан қаза тапты. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ішкі істер министрлігінің ұсынысымен заңдылық пен құқық тәртібін сақтауды қамтамасыз етуде әскери және қызметтік парызын үлгілі өтегені, ерлігі мен қайсарлығы үшін Президент Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Жас ұрпаққа үлгі боларлық ісі бар азаматтың есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан немесе Абай ауылының бір көшесін Ниязалы Сраиловтың есімімен атауға ықпал етуіңізді өтінемін, – деді ол. Облыс әкімі қазіргі таңда көшелерге кісі атын беру тоқтатылғанын, 5 жылға мораторий жарияланғанын айтып, мән-жайды түсіндірді. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева осы мәселеге қатысты толық түсінік беріп, көше, елді мекен немесе нысандарды елеулі тұлғалардың есімімен атау жөнінде алдыңғы жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, былтыр Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай арнайы акция ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері елді мекен, көше, нысандарға кісі аттарын беру тоқтатылыпты. Тек идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды кісі есімінен басқа атаулармен өзгертуге болатын көрінеді. Әйтсе де Кәрім Нәсбекұлы: «Бұл мәселені шешілмейді деп шорт кесуге болмайды. Себебі, ол кісі елге еңбегі сіңген азамат. Ұлы Отан соғысының ардагері. Елбасымыздың өзі Ниязалы Сраиловты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттаған. Сондықтан, біз ол туралы мол мағлұматтар келтіре отырып, Президент Әкімшілігіне хат жолдауымыз керек», – деп бұл істі Ғалия Боранбаеваға жүктеді.