Қазақ деп соққан жүрегім
Қазақ деп соққан жүрегім
Нарша ҚАШАҒАНОВ.
Бүгін, 1 сәуір – туған күніне орай Руханият орталығында елдің ерке ақыны атанған Нарша Қашағановтың «Бітпейтін кітап» атты жинағының тұсаукесері өтеді
Рахмет, саған туған ел!
Бәйтерегім сен едің, Бір бүршігің мен едім. Қолым қысқа демедім, Қолтығымнан демедің. Рахмет, саған туған ел!
Қасиеттім, киелім, Жаралған сенен сүйегім. Арқардай ауып жүргенде, Арқамды саған сүйедім. Рахмет, саған туған ел!
Қазақ деп соққан жүрегім, Қазағыңның бірі едім. Тайғағында тағдырдың, Табанды саған тіредім. Рахмет, саған туған ел!
Еркеледім, есірдім, Ессіз, көзсіз көсілдім, Еңіреп кетті есіл күн, Бәрін де соның кешірдің. Рахмет, саған туған ел!
Балалығым қалса да, Қателік деген қаншама. Жүрмін ғой әлі еркелеп, Шашымды ақ шаң шалса да, Рахмет, саған туған ел!
Қасиеттім, киелім, Сүйенерім, сүйерім. Алаламай бәріңді, Алдыңда бас иемін, Рахмет, саған туған ел!
Жақсылық
Жақсылықсыз жоқ тірліктің мәні түк, Пейілі кеңді Құдай қояр жарытып. Жақсылық жаса, жақсылық жаса адамға, Жан-жағыңа жарық, жылу дарытып.
Жақсылық жаса. Сыйла адамды тік тұрып, Өмір мәні сол екенін ұқтырып. Бар кезде де, тар кезде де тарылма, Өзгермеудің өзі білсең мықтылық.
Жақсылықтан артық сый жоқ жалғанда, Өкінбейді берген де оны, алған да. Сараң адам бола алмайды бақытты, Ал, жомарттар қалған емес арманда.
Айныма тек жақсылықтың жолынан, Тартар тағдыр сонда сыйын молынан. Жақсылық жаса! Айың туар оңынан, Жақсылық жаса! Өкінбейсің соңынан.
Жақсылық жаса, қолыңнан келсе қалайда, Жаның толқып жүрсін десең арайға. Оралады, оралады ол өзіңе, Шапағатың тие берсе талайға.
Жақсылықтың жоқ ірісі, майдасы, Жақсылықтың жоқ астары, айласы. Жақсылық жаса. Қайтпаса да өзіңе, Ұрпағыңа тиер оның пайдасы.
Жақсылық жаса. Далаға ол кетпейді, Болсын биік, байлығың да көп мейлі. Жас боп шыққан жанарлардан алғысқа, Бұл дүниеде ештеңе де жетпейді.
Ұйқы азайып келеді
Кешегі думан тойлардың, Өкініш екен төлемі. Көбейген сайын ойларым, Ұйқы азайып келеді.
Қиындық көп бұл күнде, Қинайды небір қиқым да. Кеміп кетті күлкім де, Қашып кетті ұйқым да.
Өкінемін енді өксіп, Өтті-ау деп өмір білінбей. Тылсым түнде дөңбекшіп, Жатады көзім ілінбей.
Түсініп жатыр кім бізді, Ар соты жеке жерлейді. Қателіктерім күндізгі, Түнде ұйқы бермейді.
Борышымды өтеп кем, Жүріппін құр қиялдай. Шаруам шаш етектен, Ұйықтаймын қалай ұялмай.
Мәнсіз жылдар, айларым, Ойымды он сан бөледі. Көбейген сайын ойларым, Ұйқы азайып келеді.
Нартәуекел!
Біліп жатыр мен туралы ел нені, Білетіні – естігені, көргені. Ақынмын деп айтпасам да сеніммен, Анық бірақ Құдай сезім бергені.
Бар байлығым – басқада жоқ сезімім, Кім біледі, бәлкім, соның өзі мін. Үйлеспеген жиырмасыншы ғасырмен, Мен баяғы сал-серінің көзімін.
Ақынмын деп қақпағанмен төсімді, Ақ сөзіммен сақтап келем сесімді. Талай қазақ кітапсыз-ақ таныды, НАРША деген есімді.
Тынып іштен талай-талай текті өткен, Менің де есем бұл тірлікке көп кеткен. Кешіккенмен, өлкесіне өлеңнің, Өтіп келдім Өмір атты мектептен.
Жастық шақта жан гүлдерін жайқалтып, Жарқылдадым, талай басты шайқатып. Мені іздеген тілеулеске тірлікте, Бар екенімді қояйыншы байқатып. Танытатын болмысымды, затымды, Тарады елге талай сөзім татымды. Жүріп-жүріп бәйгесіне өлеңнің, Нартәуекел! Мен де қостым атымды.
Көңілімнің құйқылжыған құсын мың, Қанат байлап ұясынан ұшырдым. Ең болмаса сезімімді сезсін деп, Елім, саған сырларымды ұсындым.
Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым
Тағдырым менің тұрмайды тек жеңістен, Балы да бар, уы да бар мен ішкен. Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым Өмір жайлы ойларымды бөліскен.
Жақсылыққа жан ем бұрған бүйрегі, Жастықтағы көп «жоспарлар» күйреді. Жылдар желі жұла-жұла бүгінде, Қалың қара шаштарым да сиреді.
Қанша таңды арманменен атырдым, Қанша күнді өкінішпен батырдым. Мәресіне өлшеп берген өмірдің, Түк бітірмей таяп келе жатырмын.
Салмақ салып санам менен арыма, Отырамын ой мен мұңға малына. Жібергім келмей, жүйткіген жүйрік жылдардың, Жан ұшырып жабысамын жалына.
Өткен күндер – суға кеткен кемелер, Тұңғиыққа біржолата жөнелер. Халқым қайдан түсінеді жанымды, Қалтарысын аша алмасам мен егер.
Жанымның жасыл жапырағы күйгенін, Жүрегімнің кімді, қалай сүйгенін, Өзім ғана білгенімнен не пайда, Шертейін де көңілімнің күйлерін.
Еркелікпен, жалқаулықпен жан күтіп, Өтті жылдар. Сөз қалдырмай мәнді түк. Асығайын айтарымды айтуға, Қалса қайтем қапияда дәм бітіп.
Өлең екен өмірімнің мәні шын, Өлеңімде – сезімім мен намысым. Әр өлеңім – жазған хатым халқыма, Халқым мені сол арқылы танысын.
Елден үлкен емессің
Атың шығып, айдарыңнан жел ессін, Байлығың да, билігің де тең өссін. Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма, Кім болсаң да елден үлкен емессің.
Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол, Батыр да бол, соңына ерген қалың қол. Бәрібір сен елден үлкен емессің, Есті ерге әлімсақтан мәлім ол.
Бір кездері туған жерде тең өстің, Кейінірек жақсылармен теңестің. Ауылдағы адам қоры деймісің, Едірейме, елден үлкен емессің.
Бәз біреулер үшін бәлкім, ірісің, Біреулердің, тіпті, мүмкін пірісің. Бірақ, бірақ Ел-Ананың киелі, Алдында сен көп перзенттің бірісің.
Ей, бәтшағар, көздің еті неге өсті, Елден үлкен бола алмайды тегі ешкім. Тамыры жоқ жайқала ма жапырақ, Ел болмаса – сен де ешкім емессің.
Солай, бауырым, елден үлкен емессің, Бұл сөзімді сен де теріс демессің. Елге келсең еркелеп кел, әйтпесе, Елемейді, сыйламайды сені ешкім.
Туған жер
Тапқаныңнан жат жерде алтын уыстап, Туған жерде жүрген артық ту ұстап. Елге еркелеп жүргеніме қуанам, Атамекен ауасымен тыныстап.
Ортақ бесік әруақ пен тірі үшін, Сені сатып көрген күнім құрысын. Сенен артық мекенді мен таппаспын, Дүниенің кезсем де төрт бұрышын.
Сенен мені айыра алмас тегі ешкім, Өзіңнің бір бөлшегіңмін деп өстім. Өзгермеймін өзегімнен тепсең де, Өйткені, мен өгей балаң емеспін.
Безе алмаймын ащы екен деп суыңнан, Сол суыңнан нәр алғам мен, жуынғам. Безе алмаймын жаңбырсыз деп жазыңнан, Аңызақ пен аптабыңнан қуырған.
Қаталдығыңа қарамастан сүйем мен, Саған ғана сан сындарда сүйенгем. Жанға жайлы жаққа кетіп қалуға, Жан мекенім, қорқам сенің киеңнен.
Сенде жатыр бабаларым ақылды, Сәл ұзасам, солар мені шақырды. Ұшқан ұям өзің едің алғашқы, Қонар жерім сен боларсың ақырғы.
Таласым
Қазағымдай асықпайтын, төзімді, Саған қарап ет жүрегім езілді. Бала кезде балығыңмен бір жүзген, Арнаңнан мен алмай тұрмын көзімді.
Бір кездегі ару Талас айдынды, Бір кездегі асау Талас айбынды. Бұл күндері жылжып, жылап ағасың, Адамдарға айтқандай бір қайғыңды.
Ерке едің еркін кезген даласын, Енді міне ентігіп, жәй ағасың. Мен қайтейін бас жақтағы ағайын, Алқымыңды қысып қойса, Таласым.
Тулай соққан тамыры едің даламның, Тағдырыңа мен әманда алаңмын. Маған салса, бір сен үшін берер ем, Қырғыздарға бар өзенін ғаламның…
Тамырындай туған жердің соға гөр, Тілеуіңді тілеп отыр жағада ел. Жағаңдағы жалпақ елдің бағы үшін, Алқынсаң да тартылма тек, аға бер!
Ауыл – ауыспайтын астана немесе қалалық қазақтарға хат
Заңдылық деп қарайтұғын азапқа әр, Көңілі кірсіз, секілді бейне таза, ақ қар. Ауыл деген ауруы көп Ананы, Аялаңдар, қаладағы қазақтар.
Жетілсін деп қала деген жас бала, Аузына оның барын, нәрін тосты Ана. Алматыны алмастырар Ақмола, Ауыл ғана ауыспайтын астана.
Қаладағы ағайындар зиялы, Ұмытпаңдар ұлтарақтай ұяны. Ауыл – қара шаңырағы қазақтың, Киесі бар, жоқ алайда зияны.
Аман қалған замандардың тезінен, Көрінетін көп қасірет көзінен. Ауыл – автопортреті қазақтың, Аумай қалған бір бітімі өзінен.
Қарап тұрсаң, қазіргі үлкен қалалар – Қарт анаға қарамай кеткен балалар. Көріңдерші, кейуана – ауылдың, Көкірегінде қанша қайғы, нала бар?
Алақандай аяулы атамекенін, Айдалада кешіп жатыр жеке мұң. Бауырым-ау, білмейсің бе шынымен, Ауылды сақтау – қазақты сақтау екенін.
Жігіт болып өзіңнен туған жас бала, Ауыл – ана қарайды, әне, жасқана. Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала, Ауыл ғана ауыспайтын астана!
Қайран Ауыл қалың қазақ алған нәр, Қайырымға қарашы енді болған зар. Ұлтымыздың ұлы Анасы – ауылдың, Жанына жара, көңіліне қаяу салмаңдар, Ей, елде туып, қалада тұрып қалғандар! Абай аманаты
Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос. АБАЙ.
Қарап тұрсаң қатпарына тарихтың, Тағдырына талай-талай алыптың. Алауыздық – қасіреті қашанда, ҚАЗАҚ деген қамкөңілді халықтың.
Қайран қазақ сар далада сар кешкен, Жау келгенде жанын қиған, қан кешкен. Жау кеткенде жағаласып өзді-өзі, «Жау болып досқа, шабылып босқа» танды естен.
Қайран қазақ бір-біріне жауықты, Жауыққаннан өзі өкінді, жау ұтты. Алтыбақан, алауыздық бұл күнде, Қазақ үшін қай кезден де қауіпті.
Өтті бастан өкініш те, азап та Жаптық жала, жақтық күйе таза, аққа. Өтті бәрі… енді ЕЛДІҢ БІРЛІГІ Қай кезден де қымбатырақ қазаққа.
Көре тұра қайтіп ауыз жабайын, Біле тұра қайтіп байыз табайын, Сабайын деп жүргендер де аз емес, Көре қалса заманының Абайын.
Пейіл тар ма, әлде мейір тапшы ма, Желпінетін жағдайымыз жоқ сірә. Қосқысы кеп жүргендер бар әлі де, Бір-бір итін жаны аяулы жақсыға.
Қазекем-ай, қазекем-ай, қазекем, Қайтсем сенің көңіліңді таза етем. Жылай, жырлай өткені анау Абайдың, Күлкішіл, керден надан әлі мәз екен.
Бірін-бірі жайсаңдар мен қасқалар. Дос көрмесе, қара көзге жас толар. Бас-басыңа би боп бәрің жүргенде, Басынбай ма, бауырлар-ау, басқалар?!
Бір-біріңді дос көрмесең, сол қайғы, Әулие Абай, әне, солай толғайды. Өзгермесе өзі көрген қалпынан, Ұлы әруақ ұлтына риза болмайды!
Екі Отан жоқ ешкімде
Көбейіп жатыр кеш күнде, Алысқа кетті алды ұзап. Екі Отан жоқ ешкімде, Әркімде Ол жалғыз-ақ.
Оны ойлаған бірақта, Жоғарыда жоқ кісі. Отырған елде тұрақтап, Оңай ма заман соққысы.
Жылжып жатыр жыраққа ел, Жылы ұя қалды – қиыны. Бәрінің де бұл Ақкөл – Жүректегі түйіні.
Жатыр қимай жылап көл, Жоқ оның да жазығы. Қанша адамның бұл Ақкөл – Қасиетті қазығы.
Құландай безген қағынан, Құлазиды ел үнсіз. Көп адам кеше ағылған, Көшелер де көңілсіз.
Асаның арғы бетінде, Ақ қыштан соққан сұр бейбіт. Айналып ол да жетімге, Айдалада тұр кейіп.
Ауа райын ұққандар, Ауылда енді қала ма? Ауасын кеше жұтқандар, Ауысып жатыр қалаға.
Көшуде суын ішкендер, Дәм-тұзын талай татқандар. Балықша көлге түскендер, Байлыққа мұнда батқандар.
Көбейіп жатыр көш күнде, Көрінбей кетті алды ұзап. Екі Отан жоқ ешкімде, Біз үшін Ақкөл жалғыз-ақ!
Көшіп жатыр жыраққа ел, Жоқ ешқандай жазығы. Көбінің бірақ бұл Ақкөл, Қайтып келер қазығы.
Енді қашан ел келер, Елегзиді бос ауыл. Бұзылған үй жөнделер, Бәрінен де осы ауыр. Сөгілді бүтін іргелер, Бөлінді бауыр бірге өлер. Дегендей: «түбі бір келер» Мүлгиді қырда мүрделер… Екі Отан жоқ ешкімде.
Қиындықтар
Бәрі қайдан тәтті болсын тағамның, Бәрі қайдан сәтті болсын қадамның. Қилы-қилы қиындыққа толы өмір, Жан түбінде жинақталған содан мұң.
Қиындықтар қарамайды бас-көзге, Қиналғаннан келер кейде жас көзге. Талайым шығар, тап болдым мен әйтеуір, Талай-талай тауқыметке жас кезде.
«Тауып бергін қымбат киім, бұйым» деп, Мен анамның жеген жоқпын миын көп. Қанша қабақ түйгенімен тағдырым, Қамықпадым, қаймықпадым қиын деп.
Көрдім жолдың бұралаңын, еңісін, Таңдамадым тақтайдайын, тегісін. Қиыспайтын сыңарымдай боп кеткен, Қиындықтар, қиындықтар мен үшін.
Сәтті болмай бәрі бірдей қадамның, Сан сүріндім. Сабақ алдым содан мың. Қиындықтар – енді ойласам ең ұлы, Ұстазы екен, ұстасы екен адамның.
Адам болу – қиындыққа толы сын, Біреу шалар, біреу берер қол ұшын. Бостау едім, қашады мені, жасады, Қарыздармын қиындыққа сол үшін.
Қиындықсыз білмес едім шынында, Жеңіс пенен қуаныштың құнын да. Қайта-қайта қайырмаса мені өмір, Кім біледі, сынар ма едім сынында…
Қиындыққа көніп кеткен етім де, Қиындықпен бар ғұмырым өтуде. Туған елге туса бірақ қиындық, Тұрам тура өкпек желдің өтінде!
Арман
Ала алмай жүріп айлықты, Армандайсың байлықты. Жарылқар деп қай мықты, Қанша көңіл шайлықты.
Алсам дейсің сыйлықты, Алсам дейсің үй мықты. Салмақтамай құйрықты, Армандайсың билікті.
Мойындамас дәулікті, Аурудан жоқ жау мықты. Айықпасыңды білсең де, Армандайсың саулықты.
Ішіп жүріп бар уды, Іздейсің содан дәруді. Жанында жатып жарыңның, Армандайсың аруды.
Армандайсың бақты да, Армандайсың тақты да. Алаңдамай, шаршамай, Шалқып жүрер шақты да.
Қол жетпесті малданып, Қанша пенде қалды анық. Жатады өтіп жылдарың, Арманменен алданып.
Болғанмен қанша тар маңдай, Тұрса да алда жар қандай. Өмірден пенде өтеді, Өзіңде жоқты армандай.
Қу тірлікте қарманып, Өтуде екен бар мәнің. Өмірің де бітеді, Біткен күні арманың.
Өмір, саған өкпем көп
Өмір, сені сүйіп едім өлердей, Өзгелерден көп сыбаға берердей. Қабағыңды қашан маған ашасың, Келем әлі пейіліңе кенелмей.
Судай сусып өтудесің білінбей, Өкінішің өзегімді тілімдей. Жарығына жалғанның бір шықпадым, Жылыжайдың жел сүймеген гүліндей.
Кең болғанмен дүниенің құшағы, Қанаты жоқ қыран қалай ұшады?! Талды қарым тасқынында тағдырдың, Тырп еткізбей тұрмыс тағы тұсады. Қудым арман, құлы болмай құлқынның, Серпіп тастап уайымның бұлтын мың. Қу тірліктің құрсауынан шыға алмай, Батпақтағы балықтайын бұлқындым.
Өмір, маған жылытпадың жүзіңді, Көбейттің тек көкіректе қыжылды. Сайрай-сайрай қызыл тілім қырқылды, Қайрай-қайрай маржан тісім мүжілді.
Дәл мендей-ақ болсын саған құштар жан, Жерде жүріп қосушы едім құстарға ән. Күннен күнге келем енді кетіліп, Темекідей тарта-тарта қысқарған.
Жүз арманның біріне де жеткем жоқ, Қаза болды қанша күндер тектен-тек. Бір кісідей сүйіп едім мен сені, Білмедің ғой. Өмір, саған өкпем көп.
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!
Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң, Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң. Ағайынның адал малын ұрласаң – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Туған елдің жел жағында жүрмесең, Туралықтың таза жолын кірлесең. Туырлықты киіз үйге кірмесең – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. Талпынбасаң табан тіреп қиынға, Тамақ пенен тиын тұрса миында. Таба алмасаң тапқыр сөзді жиында – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Арақпенен ақылыңды уласаң, Арғы асыл тегіңе тартып тумасаң, Арыз қусаң, ата жолын қумасаң – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Қызың кессе желкілдеген тұлымды, Ұлың өссе, бұрқыратып шылымды. Айырмаса қодық пенен құлынды, Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Аталы сөзді құлағыңа ілмесең. Ана тілін менсінбесең, тілдесең, Абайдың бір жырын жатқа білмесең – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Салмақ салмай намыс пенен санаға, Салсаң сайран қарамай жас балаға. Сағыз шайнап сандалсаң сен қалада – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Тыңдағанда әсем әнін Шәмшінің, Тәттімбеттің тәтті мұңын – жан сырын Жүрегіңде тұнбаса егер тамшы мұң – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Қиындықпен арпалысып ауылың, Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың, Сұлулардың сипағанмен сауырын, Машинаның мінгеніңмен тәуірін – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!
Ей, домбыра!
Ей, домбыра! Досым менің, сырласым менің сыралғы, Өзіңменен қосылып айттым жыр-әнді. Жүрегім менің қаншама рет жылады, Құлағың сенің қаншама рет бұралды.
Ей, домбыра! Жатпаса да бәйгелерден атым кеп, Көре алмайтын жақыным мен жатым көп. Тірі жаннан тіреу таппай түңілсем, Тек өзіңмен сырласатын сәтім көп.
Ей, домбыра! Мен бір жан ем тірлікке жоқ икемі, Икемдеді, өмір неткен күйкі еді?! Сан соққыдан сансыраса, сақтадың, Жүгі ауыр жүрек пенен жүйкені.
Ей, домбыра! Сен болмасаң өтетіндей күн әрең, Серігі ең сен жүрегімнің, сыңары ең. Сен болмасаң майданында тірліктің, Майысар ем не болмаса сынар ем.
Ей, домбыра! Өзіңменен оңаша бір қалғанда, Өзіңменен қосылып ән салғанда. Ұмытамын жалғыздықты жалғанда, Ұмытамын жамандықты жалғанда.
Ей, домбыра! Бұл тірлікте түйген менен көргенді, Шерте-шерте сері көңіл шерленді. Мен де сендей сыршылмын ғой, тек әттең, Адамдар аз тап басатын пернемді. Ей, домбыра…
Талас ауданы.