Денсаулық

Фируза Шарипованың келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды

Фируза Шарипованың келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды

Кәсіпқой бокс алаңында еліміздің намысын қорғап жүрген Фируза Шарипованың келесі айқасы бір аптадан кейін - 7 сәуірде өтеді. Бұл туралы AllFight.Ru порталына оның менеджері Сергей Завилейский мәлімдеді.

«Біз титулдық айқасқа дайындық аясында тағы бір жекпе-жек өткізуге бел байладық. Бұл рейтингтік кездесу 7 сәуір күні Мәскеудегі Бокс академиясында болады. Фируза өзінің рекордын арттырып, неғұрлым көп раунд жұдырықтасуы керек. Таяу арада титулдық айқасты өткізу туралы жоспарымызға бұл кездесудің қатысы жоқ, ол жақын күндері өтеді, біз оған байыппен дайындалып жатырмыз», - деп атап өтті Сергей Завилейский. - Сіз бұрын Фирузаның алған жарақатына байланысты медициналық үзіліс алғандығын және келесі жекпе-жектің 22 сәуірден ерте болмайтынын айтқан едіңіз. - Медициналық үзіліс 21 күнге созылды. Оның мерзімі 25 наурызда аяқталды. - Қарсыласы анықталды ма? - Иә, бұл жекпе-жекте 30 жастағы ресейлік спортшы Виктория Котова біздің қарсыласымыз болмақ. Ол бұрын жауынгерлік самбомен, қоян-қолтық ұрыспен, кикбоксинг және дзюдомен шұғылданған. Ал, қазір кәсіпқой бокспен айналысып жүр.   Еске сала кетейік, 4 наурыз күні Мәскеуде ең сұлу боксшы қыз атанып кеткен Фируза Шарипова Ресейдің былғары қолғап шебері Юлия Чернобородовамен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңімпаз атанды. Кейін қазақстандық спортшының жекпе-жекке ауыр жарақатпен шыққандығы белгілі болды.

ақпарат көзі: kazinform.kz